The Village Kazakhstan басылымының журналистері Оңтүстік Қазақстан облысындағы Абай ауылында 7 жасында зорланған бала мен оның әжесі 3 жылдан кейін қалай өмір сүріп жатқаны туралы материал жариялады. Материалда әйелдің сол ауылда тұратыны және үйден шығуға қорқатыны айтылады.
"Біз ойламаған жерден олардың Абай ауылында осы үйде тұратындарын білдік, бүкіл Қазақстан оларға Алматыдан үй берілген деп ойлаған еді. Алайда бұл олай емес екен. Олар есіктерін ашпайды, үй қақпасынан шықпайды екен. Егер шықса, дәретханаға бару үшін ғана шығады. Үйдегі жалғыз ермектері теледидардың өзі нашар көрсетеді", - делінген мақалада.Мақалада баланың әжесінің айтқан сөздері де жарияланған.
"Немеремді зорлағандардың бірінің анасы ішіп алып, әлі күнге дейін бізге келеді. Балға, пышақ алып алып, бізге келіп, ұлының түрмеде отырғаны үшін бізді қарғайды. Жақында ғана бізге келіп кетті. Полиция оған шара қолдана алмай отыр. "Еуразия" телеарнасы түрін көрсеткелі бері немерем көшеге шықпайды, оны бәрі қолмен көрсетеді", - дейді әйел.Бұл мақалаға балалар омбудсмені Аружан Саин ресми пікір білдірді.
"Бала анасымен бірге Алматыда тұрып жатыр. Бұны біз нақты білеміз. Өйткені олар қордың еріктісі ұсынған тегін пәтерінде тұрып жатыр. Пәтердің жағдайына риза, олар ешқайда көшкен жоқ. Бала мектепте оқиды, денсаулығы жақсы, анасы жұмыс істейді. Біздің қор баланың психолог қызметін алуына қаржылай көмектесті, оның нәтижесі де жақсы. Мен бүгін анасымен сөйлестім, бала мектепте екен, ал жазғы каникулда екеуі бірге әжесіне барған. Әжесінің сұхбат бергені туралы ол ештеңе білмейді, өз анасымен бұл туралы сөйлеспекші. Сәйкесінше, бала әлі күнге дейін Абай ауылында тұрып жатыр деген мақаладағы дерек шындыққа жанаспайды", - деп жазды Аружан Саин Facebook-тегі парақшасында.Басылым журналистері материал шыққан соң өздеріне әлдекімдердің қысым көрсетіп жатқанын хабарлады. Бұл оқиғаға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де пікір білдірді. "Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің жауапты қызметкерлері "The Village Kazakhstan " редакциясына қажетті көмек көрсетіп, болған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында редакциямен, сондай-ақ мақала авторымен байланысқа шығып отыр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетуге жол берілмеуі тиіс деген қағиданы ұстанады. Министрлік өз тарапынан журналистердің құқығын қорғауға көмектесуге дайын. Сонымен қатар, ақпараттың шынайылығына қандай да бір материал жарияланатын БАҚ, сондай-ақ материалдың немесе жарияланымның авторы жауапты екенін еске саламыз. Барлық журналистерден жарияланым кейіпкерлерінің жеке өміріне зиян келтірмеу үшін этикалық нормаларды сақтауды сұраймыз", - делінген хабарламада.