Семейде «алаяқ-гастролер» ұсталды
Семейде «алаяқ-гастролер» ұсталды
142
оқылды
Семейлік полиция қызметкерлері қызметтік іссапар барысында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде 22 жастағы Екібастұз қаласының тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта бұл азаматтың Семей қаласының аумағында арзан құрылыс материалдарын тауып берем деген сылтаумен 16 алаяқтық қылмыс жасағаны белгілі болды. «Тергеу барысында күдікті Семей қаласында 2020 жылы кеңсені жалға алып, қала тұрғындарына нарық бағасынан төмен бағамен құрылыс жабдықтарын тауып, жеткізіп берем деп келісім-шартқа отырғаны белгілі болды. Алайда, тұрғындардың ақшасын алған соң уәде еткен тауарды жеткізіп бермей, қашып кеткен», – деді Семей қаласының Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, подполковник Жандарбек Ахметжанов. Күдіктінің іс-әрекеті ҚК 190-бабы 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша сараланып, басқа да ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы бар-жоғын анықтау бағытындағы қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізілуде. Күдікті адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.