Бұл туралы Нұрлайым Батыр есімді әріптесіміз фейсбуктағы парақшасында мәлімдеді. Журналист жылқыларды қансыратып өлтірген жауыздар жауапкершіліктен құтылып кетпесін деген оймен жазыпты бұл постты.
"Өзім журналист болғандықтан, анама аудандық телеарнаны шақыруын сұрадым. Сол айтқаным ақыл болыпты. Келген полицейлердің сөзіне қараңызшы, «Бұл жылқыларды көлік қаққан» депті бой берместен. Қалайша қан-жоса болған он төрт жылқыны бірдей көлік қағуы мүмкін? Кейіннен белгілі болғандай, оларды (жай халық қолдануға рұқсат етілмейтін) шекарада қолданатын колючая проволкамен жауыздықпен қансыратып өлтірген екен. Жергілікті депутат Еркін Рысбаев атты азамат келіп, мәселе ушыққан соң ғана полицейлер кінәліні іздестіреміз деп уәде етіпті".Істің анық-қанығын білмек болып, жылқылардың иесі Жақып Батырұлына, яғни Нұрлайымның әкесіне хабарластық.
"Оқиға тамыздың 22-нен 23-не қараған түні болды. Жылда жылқыларымыз қырда жайылып жүретін. Биыл құрғақшылық, шөп жоқ. Сонымен тоғайға айдап апарып, ауылдың етегіндегі Келес өзенінің жағасында қоршау жасап, жылқыларды сол жерге бекітіп қойғанбыз. Түнде біреулер ашқан ба, мал үркіген бе, шығып кетіпті. Сөйтіп, түнде жылқылар арғы жақтағы көршілес ауылға тартқан. Жоңышқа ма, жүгері ме өсіп тұрған егістікке солай түскен болуы керек. Бір емес, бірнеше адам жабылып ұрып-соққан сыңайлы".[caption id="attachment_159257" align="alignnone" width="675"]
"23.08.2021 жылы Келес АПБ-ға жергілікті тұрғындар арызданған. Арызында бірінің 7 бас, екіншісінің 8 бас жылқылары белгісіз жағдайда түрлі жарақат алған. Яғни кесіліп-тілінген. Соның салдарынан 4 бас жылқыларын сойып алған, 3 миллион теңге шығын келген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-бөлігімен "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде", — деп жауап берді.Бұл бап бойынша күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, 3000-7000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді не 3000-7000 сағаттық түзеу жұмыстарына тартылады немесе 3-7 жылға бас бостандығы шектеледі не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда адвокат Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, дәл осы оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінде арнайы бап бар. 316-бап. "Жануарларға қатыгездiк жасау" деп аталады. Ал мына Түркістан облысында тіркелген жайтта бір емес, бірнеше жануарға қарсы жасалған әрекет болғандықтан, бірнеше рет жасалған деп саналады. Сондықтан да бұл іс 316-баптың екінші тармағы бойынша қаралуы тиіс. Ал егер қылмыстық іс осы бап бойынша қаралатын болса, оның жазасы анағұрлым жеңіл болғалы тұр.