Жеңімпаз оқушылар 4,4 миллион теңге сыйақы алады

Жеңімпаз оқушылар 4,4 миллион теңге сыйақы алады

Бұл жайында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мә­лімдеді. Ол енді халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпазда­ры біржолғы ақшалай сыйақы алатынын жеткізді. Бұл ретте алтын медаль иегерлеріне – 1 500 АЕК (4 млн 375,5 мың теңге), күміс – 1 000 АЕК, қола  500 АЕК көлемінде сыйақы беру жоспарлануда.

Біржолғы ақшалай сыйақы халық­аралық олимпиадалардың жеңімпаз­дарын дайындаған педагог-тәлімгерлерге ұсынылмақ. «Халықаралық олимпиадалар жеңім­паздарын қолдаудың басқа да тетіктері болады: олар конкурсқа қатыспай-ақ, грантпен ЖОО-ға түсе алады, бұл мәселе заңнамалық түрде реттеледі», – деді министр. Осы шараларды жүзеге асыру үшін «Білім туралы» заңына толықтырулар енгізілмек. Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, олардың жаттықтыру­шыларын көтермелеу қағидаларын бекіту министрліктің тікелей құзыретіне кіретін болады. Айта кетейік, биыл ірі халықаралық жарыстарда оқушылар 26 медаль жеңіп алып, рекордты жаңартты. Шәкірттер ел қоржынына 2 алтын, 13 күміс және 11 қо­ла медаль салды. Президент өз Жол­дауында дарынды балаларды жан-жақты қолдауды тапсырды.

Елдос СЕНБАЙ