Ұрлық көзі – күн батареялары

Ұрлық көзі – күн батареялары

Ауыл шаруашылығы саласы – сыбайлас жемқорлық терең тамыр жайған секторлардың біріне айналып бара жатқан тәрізді. Өйткені салада субсидияға бөлінген қан­шама қаржы босқа талан-тараж болуы да жиі айтылып жүр. Жуырда Қаржылық мониторинг агенттігі Қарағанды облысында 250 миллион теңгеден астам ел қаржысын ұрлау дерегінің жолын кесті.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті 2017-2021 жылдарға ар­налған «Агроөнеркәсіптік кешенді дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасы» бо­йын­ша бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегін әшкереледі. Тергеу мәліметтері бойынша, 2018-2020 жылдары Қарағанды облысының жеке кәсіпкерлерінің бірі өңірдің 68 шаруа және фермер қожалығы атынан күн сәулелі панельдерінің – батареялардың жиынтығын сатып алуды инвестициялық субсидиялауға өтінім берген. Бұл ретте кәсіпкер шаруа қожалық­тарына күн сәулелі батареяларының әрбір жиынтығы үшін 3,1 миллион теңге артық құнмен сатқаны туралы жалған шарт жасасқан. Бұл алынған субсидиялау сомасын жасанды түрде арттыру үшін жасалған. Жеке кәсіпкер негізсіз алған субсидия­ның жалпы сомасы 253 миллион теңгеден асады. Қазір қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды.

Елдос СЕНБАЙ