Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің одан әрі даму бағытын, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының басым мақсаттарын белгілеп берді. Мемлекеттің азаматтармен қарым-қатынасын жаңаша қалыптастыруға, артық сот рәсімдерін қысқартуға, азаматтар мен бизнестің қылмыстық процесс шеңберіне негізсіз тартылуын болдырмауға мүмкіндік берген құқық қорғау және сот жүйелерінде жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Мемлекет басшысы алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жасау, балаларға қарсы сексуалдық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, әсіресе жастар арасында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу қажеттігін атай отырып, қылмысқа қарсы күрестің практикалық мәселелерін іске асыру қажеттігіне ерекше назар аударды.
Азаматтардың құқығын бұзудың жолын кесу және құқықтық тетіктерді одан әрі күшейту мақсатында Президент прокурорлық қадағалау құзыретін кезең-кезеңімен кеңейтуді және жергілікті билік органдарымен өзара тығыз іс-қимылдың маңызын айтты. Полицияның сервистік моделін ары қарай жалғастыруды тапсырды. Сонымен бірге Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ортамерзімді кезеңге арналған стратегиялық тұжырымдамасын әзірлеудің, оның ішінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдың өзектілігін атап өтті. Меніңше Мемлекет басшысының адам құқықтарын қорғауды күшейту туралы айтуы құптарлық. Бұл ретте құқық қорғаушылар мен адвокаттардың қызметіне кедергі келтіретін заңсыз іс-әрекеттердің жолын кесу қажеттігі өзекті деп білемін. Депутаттық корпустың алдында Мемлекет басшысының азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және олардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын заңнамалық бекіту бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр.Владимир ВОЛКОВ, Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы