Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президент Жолдауында қойылған тапсырмаларын орындау жоспарын жария етті. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алуды жеделдетуді жүктеген болатын.
«Министрлік ДДСҰ тіркеген бірқатар вакциналарды сатып алды, олардың арасында Қытайда жасалған CoronaVac (Sinopec вакцинасы) және Vero Cell (Sinopharm) бар. Сонымен қатар Pfizer-BioNTech вакциналарын жеткізу жоспарлануда. Қазір тасымалдау, жеткізу кестесі және шартқа қол қою мәселелері пысықталуда», – деді А.Цой. Pfizer вакцинасы жыл соңына дейін елге жеткізілуі тиіс. Бұдан басқа, ел Президенті биоқауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесін құруға және «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қабылдауға тапсырма берді. Министрлік бұл тапсырмаларды биыл 29 маусымда Мәжіліс қарауына енгізілген «ҚР Биологиялық қауіпсіздігі туралы» және оған ілеспе заң жобасы аясында іске асырмақ. Мемлекет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары технологиялық жабдықтармен қамтуды тапсырды. «Зертханалық жабдықтарды жаңғырту – зерттеулердің барлық спектрін орындауға, тестілерді өткізу уақытын қысқартуға, қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 4,7 миллиард теңге қарастырылған»,– деді министр. Денсаулық сақтау жүйесіндегі инфрақұрылымды дамыту, кадрларды даярлау, халықты дәрімен қамту жұмысы жалғасады.Елдос СЕНБАЙ