Жолдаудың негізгі басымдықтарын белгілей отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтың әл-ауқаты оның Қазақстан Президенті лауазымындағы басты мақсаты екенін атап өтті. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Мемлекет басшысы бес негізгі бастаманы ұсынды.
Президент көтерген бастамалары бүгінде қоғамдағы өзекті болып саналатын мәселелерді қозғады. Олардың барлығы дерлік «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында және 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасында көрініс тапқан десем қателеспеймін. Мәселен, Президент орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы мектептерде орын жетіспеушілігі болып отырғанын атап өтіп, жаңа 1000 мектеп салу туралы тапсырма берді. Осы орайда 2025 жылға қарай, «Nur Otan» партиясының Жол карталарына сәйкес, 800 жаңа мектеп салу есебінен апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түпкілікті шешу, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектепті жаңғырту, сондай-ақ барлық мектептерді мұғалімдермен 100% қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде «Ғылымды дамыту – аса маңызды басымдық» деп атап өтті. Бұл ретте «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының шеңберінде жас ғалымдарға жыл сайын 1000 грант бөлінетін болады. Айта кету керек, жас және талантты мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, жазушыларды Президенттің Креативті индустрияны қолдау қорын құру идеясы қуантты. Мәдениет саласында жас таланттар елімізді әлемге танытып жатыр. Олар мемлекеттің қолдауына мұқтаж.Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы