Дәстүрлі оқу форматына қарсы шықты
Дәстүрлі оқу форматына қарсы шықты
© azattyq-ruhy.kz
144
оқылды

Атырауда жаңа оқу жылы бас­таларда ата-аналар арасынан мек­тептерде дәстүрлі оқыту форматына қарсы шыққандар болды. Ата-ана­лардың балаларының денсаулы­ғына алаңдауы жөн десек те, барлық ата-ана дәстүрлі оқуға қарсы емес.

Атырау қаласындағы бір топ ата-ана 31 та­мызда қалалық білім беру бөлімі ғимараты­ның жанына жиналды. Ата-аналар барған кезде талаптарына жауап беретін бөлім бас­шысы да, орынбасары да, мамандар да кеңседе болмай шықты. Хатшының айтуынша, олар­дың бәрі осы мәселеге байланысты ата-ана­лармен жиналыс өтіп жатқан мектептерге кет­кен. Хатшы митинг туралы телефон арқы­лы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фа­руза Шангерееваға хабарлап, ол 20 минут­тан кейін келді. Бұл кезде ата-аналар өздерінің петицияларына қол жинап, балалардың мектепке баруына неге қарсы екенін түсіндірді. Елімізде өңірлердің көпшілігі «қызыл ай­мақ» болып тұр­ғанда дәстүрлі түрде сабақ оқу ақылға сыймайды деген пікірдегі ата-аналар өз қар­сылықтары туралы жіктеп айтып берді. – Алдымен, балалар сабаққа автобуспен, таксимен барады. Еліміздің бас санитарының өзі вирусты автобустарда жұқтыру ықтималы жоғары деп отыр. Екіншіден, басқа отбасының балалары инфекцияны мектепке әкелуі мүмкін. Ересектер үйлерінде ауырып, қалған отбасы мүшелеріне үйден шығуға және жұмыс істеуге тыйым салынатындықтан байланыста болғандар қатарына кірмеу үшін емханаларға да хабарламайды. Үшіншіден, білім беру са­ласы қызметкерлерінің арасында өздеріне екпе төлқұжатын сатып алғандар болуы мүм­кін. Біз «қызыл аймақтамыз», емханалар он­лайн режимде жұмыс істейді, бірақ бала­ларды не үшін екені белгісіз, оффлайн режи­мінде оқытуды ұйғарды. Былтыр ауру жұқтыр­ғандар аз болды, бірақ балалар үйде оқыды. «Биыл ауру жұқтырғандар көбейіп жатыр, ал бала­ларды мектепке жіберу қисынды ма?» деген сауалдарына қалалық білім бөлімі басшы­лығынан жауап күтті. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева жиналғандардың сұрақ­тарына жауап бере отырып, дәстүрлі форматқа оралу туралы шешімді еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысы негізінде Білім министр­лігі қабылдағанын мәлімдеді. Бұл сәйкесінше еш жерде басқаша болуы мүмкін емес дегенді білдіреді. Ол мектептерде балалардың қауіпсіз­дігі үшін барлық сақтық шаралары қаралға­нын, қызметкерлердің көпшілігі вакцина ал­ғанын айтты. Вакцина алмағандар апта сайын ПТР тест тапсырады. Оның айтуынша, мектептерде онлайн және оффлайн режимінде бөлек сабақ оқытуға еш мүмкіндік жоқ. Қазір қалада үш жүзден астам мұғалім жетіспейді. Петицияға қаланың түрлі мектебіндегі балалардың ата-аналары қол қойған. Кейбі­реулер өз оқу орындарында балаларын қа­шықтан оқытуды жалғастыру жайлы өтініш­терін жазып үлгерген. Олар мұны алдағы уа­қытта әлеуметтік қызмет мамандары балала­рын мектепке жібермейтін ата-аналарды өз міндеттерін орындамады деп айыптамас үшін жасаған. Кейбір мектеп бұл өтініштерді тіпті қабылдамаған, ал кейбірі қабылдап, бірақ бұл мәселені қалалық білім беру бөлімі шешетінін айтып, директорлар қол қоймаған. Балалардың оффлайн оқуына қарсы болғандардың дені балаларға вакцина егу мен Ashyq жүйесін енгізуге қарсылықтарын айтты. Бірінің сөзін бірі іліп әкеткен топтағылардың айтуынша, «Ашық» жүйесін қолдану вакцина алмаған азаматтардың құқығына нұқсан келтіреді-мыс. Олар басқа облыстарда ата-аналардың өтініші бойынша балаларға онлайн режимінде оқуға рұқсат берілгенін атап өтті. Қаланың бас педагогі Ф.Шангереева ­оқы­ту форматы туралы шешімді санэпиде­миологиялық қызметтің қабылдайтынын айтты. Ал өз шешімдерінен қайтпаған ата-аналар мұндай жағдайда балаларын мектеп­ке жібермейміз деп мәлімдеді. Дегенмен ата-аналардың көпшілігі бала­ларының мектепте оқығанына қарсы емес. Себебі бала онлайн оқуды меңгеріп кетпей тұр. Екіншіден әр баланың онлайн сабағын қадағалап отыратын ата-ананың қызметтен уақыты болмайды. Қала тұрғыны Меруерт Се­рікқызының айтуынша, балалардың онлайн оқуы олардың сабақ үлгеріміне әсерін тигізуде. – Шынын айтсақ, онлайн сабақтан тиім­ділік көрмедік. Балаларымыздың сабақ үлге­рімі нашарлады. Балалар мектепті, қатар­ластарын сағынды. Облыста аурушаңдық кө­бейгеннен үрейленсек те, балаларды мек­тепке жібердік. Әлеуметтік желілер мен ата-аналар чатына келетін небір үрей туғызатын хабарламалардан миымызда төңкеріс болуда. Сол хабарламалардың иесін тауып, заңмен жауапқа тартуға болмай ма? Бұл қашанғы жалғаса береді? – деп сабақ басталғалы жүректе тыныштық жоғын айтты.

P.S. Сайып келгенде, ата-аналардың арызына байланысты балаларға онлайн оқуға рұқсат берілді. Бұл туралы 1 қыркүйекте болған брифингте қалалық білім бөлімінің басшысы Ф.Шангерева мәлім етті.

Қалай десек те, өңірдегі ахуалды ушықтырып алған ересектердің әрекетінен балалар онлайн және оффлайн оқуға мәжбүр. Тіпті, балалар арасында вирус жұқтыру артқан жағдайда вакцина алу жағдайына келетініміз айқын.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы