Атырауда жаңа оқу жылы басталарда ата-аналар арасынан мектептерде дәстүрлі оқыту форматына қарсы шыққандар болды. Ата-аналардың балаларының денсаулығына алаңдауы жөн десек те, барлық ата-ана дәстүрлі оқуға қарсы емес.
Атырау қаласындағы бір топ ата-ана 31 тамызда қалалық білім беру бөлімі ғимаратының жанына жиналды. Ата-аналар барған кезде талаптарына жауап беретін бөлім басшысы да, орынбасары да, мамандар да кеңседе болмай шықты. Хатшының айтуынша, олардың бәрі осы мәселеге байланысты ата-аналармен жиналыс өтіп жатқан мектептерге кеткен. Хатшы митинг туралы телефон арқылы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангерееваға хабарлап, ол 20 минуттан кейін келді. Бұл кезде ата-аналар өздерінің петицияларына қол жинап, балалардың мектепке баруына неге қарсы екенін түсіндірді. Елімізде өңірлердің көпшілігі «қызыл аймақ» болып тұрғанда дәстүрлі түрде сабақ оқу ақылға сыймайды деген пікірдегі ата-аналар өз қарсылықтары туралы жіктеп айтып берді. – Алдымен, балалар сабаққа автобуспен, таксимен барады. Еліміздің бас санитарының өзі вирусты автобустарда жұқтыру ықтималы жоғары деп отыр. Екіншіден, басқа отбасының балалары инфекцияны мектепке әкелуі мүмкін. Ересектер үйлерінде ауырып, қалған отбасы мүшелеріне үйден шығуға және жұмыс істеуге тыйым салынатындықтан байланыста болғандар қатарына кірмеу үшін емханаларға да хабарламайды. Үшіншіден, білім беру саласы қызметкерлерінің арасында өздеріне екпе төлқұжатын сатып алғандар болуы мүмкін. Біз «қызыл аймақтамыз», емханалар онлайн режимде жұмыс істейді, бірақ балаларды не үшін екені белгісіз, оффлайн режимінде оқытуды ұйғарды. Былтыр ауру жұқтырғандар аз болды, бірақ балалар үйде оқыды. «Биыл ауру жұқтырғандар көбейіп жатыр, ал балаларды мектепке жіберу қисынды ма?» деген сауалдарына қалалық білім бөлімі басшылығынан жауап күтті. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева жиналғандардың сұрақтарына жауап бере отырып, дәстүрлі форматқа оралу туралы шешімді еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысы негізінде Білім министрлігі қабылдағанын мәлімдеді. Бұл сәйкесінше еш жерде басқаша болуы мүмкін емес дегенді білдіреді. Ол мектептерде балалардың қауіпсіздігі үшін барлық сақтық шаралары қаралғанын, қызметкерлердің көпшілігі вакцина алғанын айтты. Вакцина алмағандар апта сайын ПТР тест тапсырады. Оның айтуынша, мектептерде онлайн және оффлайн режимінде бөлек сабақ оқытуға еш мүмкіндік жоқ. Қазір қалада үш жүзден астам мұғалім жетіспейді. Петицияға қаланың түрлі мектебіндегі балалардың ата-аналары қол қойған. Кейбіреулер өз оқу орындарында балаларын қашықтан оқытуды жалғастыру жайлы өтініштерін жазып үлгерген. Олар мұны алдағы уақытта әлеуметтік қызмет мамандары балаларын мектепке жібермейтін ата-аналарды өз міндеттерін орындамады деп айыптамас үшін жасаған. Кейбір мектеп бұл өтініштерді тіпті қабылдамаған, ал кейбірі қабылдап, бірақ бұл мәселені қалалық білім беру бөлімі шешетінін айтып, директорлар қол қоймаған. Балалардың оффлайн оқуына қарсы болғандардың дені балаларға вакцина егу мен Ashyq жүйесін енгізуге қарсылықтарын айтты. Бірінің сөзін бірі іліп әкеткен топтағылардың айтуынша, «Ашық» жүйесін қолдану вакцина алмаған азаматтардың құқығына нұқсан келтіреді-мыс. Олар басқа облыстарда ата-аналардың өтініші бойынша балаларға онлайн режимінде оқуға рұқсат берілгенін атап өтті. Қаланың бас педагогі Ф.Шангереева оқыту форматы туралы шешімді санэпидемиологиялық қызметтің қабылдайтынын айтты. Ал өз шешімдерінен қайтпаған ата-аналар мұндай жағдайда балаларын мектепке жібермейміз деп мәлімдеді. Дегенмен ата-аналардың көпшілігі балаларының мектепте оқығанына қарсы емес. Себебі бала онлайн оқуды меңгеріп кетпей тұр. Екіншіден әр баланың онлайн сабағын қадағалап отыратын ата-ананың қызметтен уақыты болмайды. Қала тұрғыны Меруерт Серікқызының айтуынша, балалардың онлайн оқуы олардың сабақ үлгеріміне әсерін тигізуде. – Шынын айтсақ, онлайн сабақтан тиімділік көрмедік. Балаларымыздың сабақ үлгерімі нашарлады. Балалар мектепті, қатарластарын сағынды. Облыста аурушаңдық көбейгеннен үрейленсек те, балаларды мектепке жібердік. Әлеуметтік желілер мен ата-аналар чатына келетін небір үрей туғызатын хабарламалардан миымызда төңкеріс болуда. Сол хабарламалардың иесін тауып, заңмен жауапқа тартуға болмай ма? Бұл қашанғы жалғаса береді? – деп сабақ басталғалы жүректе тыныштық жоғын айтты.P.S. Сайып келгенде, ата-аналардың арызына байланысты балаларға онлайн оқуға рұқсат берілді. Бұл туралы 1 қыркүйекте болған брифингте қалалық білім бөлімінің басшысы Ф.Шангерева мәлім етті.
Қалай десек те, өңірдегі ахуалды ушықтырып алған ересектердің әрекетінен балалар онлайн және оффлайн оқуға мәжбүр. Тіпті, балалар арасында вирус жұқтыру артқан жағдайда вакцина алу жағдайына келетініміз айқын.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы