Ажырасу азайған жыл
Ажырасу азайған жыл
303
оқылды

Қазақстанда ажырасу саны күрт қысқарды. Әлеуметтанушылар бұл құбылыстың себебін әртүрлі түсіндіреді. Бірақ бәрінің ойы бір жерде тоқайласады: ойран болған отау саны ке­місе, бұл демографияға оң ықпал етпек. Шүкір делік, демографиялық жағдай жақсарып ке­леді. Ел осы саладағы күйзелістен шығып, Кеңес Одағы кезіндегі ең үздік межелерден де биік көтерілді. Соның бір көрінісіндей, елорда іргесіндегі Қосшы қаласындағы мектепке биыл 1 «ы» сыныбын ашуға тура келген: 1 200 оқушылық мектеп табалдырығын бірден 700 бүл­діршін аттады.

Әлемдегі ең үздік көрсеткіштерге жақынбыз

Жағымды жаңалықты Стра­те­гиялық жоспарлау және рефор­ма­лар агенттігінің Ұлттық статис­ти­ка бюросы жариялады. Ведом­ство тал­дауына жүгінсек, «Қазақ­стан хал­қының жалпы ажырасулар коэф­фициенті» биылғы жарты­жыл­дықта былтырғы ұқсас кезеңге қара­ғанда күрт оңалды. Нақтылай кетсек, 2020 жылғы қаң­тарда бұл көрсеткіш 1 мың адам­ға шаққанда – 2,92, қаңтар-мау­сым аралығында 1,37 ажы­ра­су­ға дейін жеткен-тін. Ал 2021 жыл­ғы қаңтарда ол 0,81-ге, жарты­жыл­дық қорытындысында 1-ге дейін түсіп, былтырғы жыл басынан бері бір­­ден үш есеге жуық азайды. Осылайша, әлемдегі ең үздік көр­сеткішке қол жетіп отыр. Біз­ден тек Өзбекстан (0,6), Ирландия (0,7), Солтүстік Македония (0,8), Ар­мения (0,9) озып тұр. Ұлттық статбюро жалпы рес­пуб­­ликалық деңгейден үздік же­тіс­тікке жеткен өңірлер барын ха­­барлады. Атап айтқанда, осы коэф­фициент биыл жылдың ­жар­­тысында Түркістан облысында 1 мың адамға шаққанда 0,37 ажы­расуды (2020 жылдың жартысында 0,76 болған), Қызылорда облы­сын­да – 0,54, Шымкент қаласында – 0,71, Маңғыстау облысында – 0,73, Жамбыл облысында – 0,84, БҚО-да – 0,93, Алматы облысын­да – 0,92, Ақтөбе облысында – 0,91. Ажырасу бойынша ең жоғары көрсеткіш Павлодарда сақталуда, бірақ оның өзінде аталған коэффи­циент былтырғы 1,60-тан биыл 1,48-ге дейін төмендеді. Одан кейін­гі орында тұрған Нұр-Сұлтан қаласында былтырғы 1,78-ден биыл 1,38-ге дейін кеміпті. Үштікті тұйық­тайтын Қарағанды облы­сын­да 1,72-ден 1,36-ға дейін түсті. Құлаған шаңырақтар саны, дәстүрлі түрде қалада көп: деген­мен ажырасу коэффициенті ша­һар­ларда бұрынғы 1,70-тен биыл 1,31-ке дейін жақсарды. Ауылдықтар отбасын ыдырат­пай сақтауға күш салатыны бай­қа­лады: 2020 жылы ажырасу коэф­фи­циенті әрбір мың тұрғынға шақ­қанда 0,89 ғана болған, осы жыл­дың жартысында ол рекорд­тық 0,56-ға дейін құлдырады. Осы оң бетбұрыс сақталса, ауылда ажы­расу саны жоққа жуықтап, тым сирек құбылысқа айналуы ғажап емес.

АӘК-тің жетілуі осы салаға ықпал етті

Айта кету керек, елімізде ке­йін­гі жыл­дары ажырасу саны қар­қынды өсумен болған еді. Тек өткен жылы кері құбылыс бой көрсетті. Мәселен, 2011 жылы – 44 862, 2015 жылы – 53 293, 2019 жылы 59 796 неке бұзылған. 2020 жыл қо­рытындысында тек 48 002 айыры­лысу тіркелді. Биыл бұл сан ары қарай азаюда. Тағы бір қуантарлығы, елде жаңа­дан шаңырақ көтерген отба­сылардың саны артуда. Тиісінше, «Қазақстан­дағы жалпы некелер коэффициенті», яғни жаңа тір­кел­ген некелер саны 2020 жылдың қаңтар-маусымындағы 1 мың адамға шаққанда 4,83 некеден биыл­ғы жартыжылдықта 6,89 не­кеге дейін көбейді. Бұл жерде үрдіс өзгеше және қалалық­тардың пайдасында: әрбір 1 мың қала­лыққа шаққанда бе­кітілген некелер саны 2020 жылғы қаңтар-маусымдағы 5,51-ден 2021 жылы 8,03-ке дейін артты. Ал ауылда бұл көрсеткіш 3,85-тен 5,23-ке дейін өсті. Сөйтіп, пандемияның тара­луы­на тосқауыл қою үшін той атау­лыға қатаң тыйым салын­ғанына қарамастан, биыл АХАТ бөлімінде ресми некеге тұрушылар саны артты. [caption id="attachment_159300" align="aligncenter" width="1200"]инфаграфика © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Әлеуметтанушы, ғалым Есен­гелді Алдоңғар елімізде ажырасу­лар санының күрт азаюына бір­неше фактор ықпал етіп отырға­нын айтады. «Кейінгі жылдары республи­када атау­лы әлеуметтік көмек алу үшін отбасы­лар­дың жаппай ажырасуы белең алды. Сонда қо­мақты жалақы алатын отағасының табысы есепке кірмейді де, от­басының кірісі күрт құлдырап, ол мемлекеттен АӘК алуға зәру отба­сына айналып шыға келеді. Мем­лекет басшысы бұл кесірлі тәжі­рибеге тосқауыл қоюды тапсырды. Нәтижесінде, Үкімет АӘК таға­йындау ережесін өзгертті. Жаңыл­масам, енді осы көмекті алу үшін ажырасқанына 3 жыл толуы керек. Бұдан бөлек, учаскелік комис­сиялар да көмек алушылардың үйіне тексерумен барып тұрады. Жалғызілікті тұлғаларға АӘК алу қиындатылған соң осы мақсатта ажырасу­шылар саны азайғанға ұқсайды», – деді сарапшы. Бұған қоса, пандемия отба­сылық ­құн­дылықтарды нығайта түскенін жоқ­қа шы­ғаруға болмай­ды: қазіргі күрделі жағдайда кез келген проблеманы жалғыздан гөрі, қол ұстаса, бірге еңсерген жеңіл. Мысалы, бұған дейін медиатор­ларға некені бұзу үшін жүгінген жұптар пандемия кезін­де қайта татуласып, бірге тұрғын үй заемын алғаны оқиғалары кездеседі.

Азиядан ажырап, Еуропаға бет алды

Бүгінде көптеген азамат үй­ленуге де, ажырасуға да жауап­пен қарауға тырысады. Сарапшы тағы бір факторға назар аудартты: былтырдан бері некеге тұру­шылар саны мен коэф­фициенті біршама жақсарғанымен, жаңа некелер саны бәрібір бұ­рынғы жылдардан төмен болып отыр. Мәселен, 2019 жылы – 139,5 мың, ал былтыр 128,8 мың жаңа неке қиылды. Бірақ бұл бәрібір аз: 2012, 2013 жылдары 170 мыңға жуық неке тіркелетін. Басқаша айтқанда, қазіргі за­манда аза­маттық неке кең тара­луда: қазақстан­дықтар, әсіресе жастар тіркелмеген некеде тұрып, бір-біріне асықпай үйренісуді, болашақ жарын сынап көруді жөн көреді. Сәйкесінше, ондай жұптар айырылысса, ресми статистикаға енбейді. Мамандар Қазақстанда некеге тұру­шылар жасының есейгенін байқапты. 25 жасқа дейін үйлену­шілер қатары сиреді. Осы үрдіс нәтижесінде республика Азия­дан алыстап, Еуропаға жақындап барады. Дамыған елдерде әйелдер бі­рін­ші рет некеге 28-30 жаста, ал ерлер одан екі және көп жыл кейін тұрады екен. Қазақстан осы бета­лысын өзгертпесе, ажырасулар саны да табиғи түрде кеми беруі мүмкін. Жас қазақстандықтар отбасы құрудан бұрын, алдымен ірі қала­ларда не шетелде жоғары білім алуды, әлемді аралап, ел мен жер көруді, сондай-ақ жұмыс тауып, ман­сап сатысымен өсуді басты орынға қояды. Әрине, статистика жақсарды екен деп Үкіметтің тоқмейілсуіне негіз жоқ. Елде отбасы институтын нығайту шаралары ары қарай кү­шейтілгені жөн. Өйткені Қазақ­станда бекітілген некелердің әрбір үшіншісі ажырасумен тынады. Демек, ажырасу үлесі бәрібір жоға­ры болып тұр. Сарапшылардың байла­мын­ша, некелердің бұзылуына, бі­ріншіден, аза­мат­тардың, әсіре­се жастардың отбасылық өмірге дайын болмауы және оған же­ңілтек қарауы («ро­мантика жоғал­ды», «махаббат жо­йылды», «тамақ әзірлей білмейді» және басқа сылтаулар) себепкер бо­лады. Екін­шіден, бедеулік, үшін­шіден, денсаулыққа қатысты проб­ле­ма­лар, төртіншіден, үшін­ші тұлға­лардың – қайын жұрт­тың, ененің, кейде көңілдестің араласуы от­басының ыдырауына соқтырады. Белгілі заңгер, зерттеуші ға­лым, оқытушы Венера Балмағам­бетова ажырасу себептері сан-са­лалы екенін жеткізді. «Отбасы және некенің тұрақ­сыздығы, ажырасулар санының өсу проблемасы барлық дерлік дамыған елге тән. Бұған урба­низа­ция, халықтың миграциясы, әйел­дердің эмансипациялануы, дәс­түрлі емес жыныстық қатынас­тар­дың наси­хатталуы, ғылыми-тех­никалық револю­ция, әлеуметтік-экономикалық ахуал, сондай-ақ діни, этникалық сипаттағы себеп­тер түрткі болып жатады. Отбасы институты қиын кезеңді өткеруде. Сон­дықтан мемлекет үшін неке­лердің тұрақ­ты­лығын арттыратын факторды өрістету маңызды», – деді заңгер. Әсіресе, отбасылардағы бедеу­лік, бала көтере алмау пробле­ма­сының шешілуіне баса мән беріл­гені жөн. Сондай-ақ ажы­расуға ниеттілерді татуластыру, медиация институтын дамыту қажет. Ажырасулардың алдын алуда тәжіри­белі психологтері бар отба­сы қызметтерін өркендету, бала­бақшаларды көптеп ашу, баспана проблемаларын шешу секілді шаралар да елеулі ықпал ете алады. Қалай болғанда, ыдырайтын отбасылар санының кемуі қазақ халқы санының өсуіне серпін бе­ретін оңды құбылыстың бірі екені сөзсіз.

Елдос СЕНБАЙ