Петропавлда ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары жаңа оқу жылында күтпеген жағдайға тап болды. Мектептердегі инклюзияны қолдау кабинеттерін әдістемелік демеуді қаржыландыру тоқтатылыпты. Үш жыл бойы жұмыс істеп келген кабинеттердің әдістемелік жұмысы өз нәтижесін бере бастаған кезде маңдайы тасқа тиген ата-аналар мәселені шешу жолын таба алмай дал болып отыр.
Осыдан үш жыл бұрын «Әр бала мектепке лайық» бағдарламасы аясында Петропавлдағы №8, №21 және №23 орта мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған болатын. Сөйтіп, ерекше қажеттіліктері бар 30 шақты бала жұрт қатарлы жалпы білім беретін мектепте оқу мүмкіндігіне ие болып, ата-аналары қуаныштан бөркін аспанға атқан-тын. 0, 1 және 2-сыныпты тәмамдап, биыл 3-сыныпқа келген балалар енді әдістемелік қолдаусыз қалды. Оған себеп – қаржы тапшылығы. Бұған дейін осы кабинеттің жұмысын қаржыландырып келген корпоративтік қор биыл ондай мүмкіндік жоқ екенін айтып, жергілікті әкімдіктен бар шығынды өз мойнына алуды сұрап отыр. Жергілікті деңгейде бұл мәселе әзірге шешімін таба қойған жоқ. Ал ата-аналар мұндай әдістемелік қолдау өте қажет екенін айтады. Ерекше күтімді қажет ететін баланың анасы Светлана Куташинаның айтуынша, әр оқушыға жеке-дара бағдарлама қажет. «Біздің балалар жеке кесте, өзіндік бағдарлама бойынша білім алады. Корпоративтік қордан бекітілген тьютор олардың әрқайсысымен жеке-дара жұмыс істеп, жеке бағдарлама жасайтын, куратор ретінде даму барысын қадағалайтын. Әр бала үшін қай пән аптасына неше рет оқытылуы тиіс екеніне, қандай машықтарына көңіл бөлу керегіне баса мән беретін. Соның нәтижесінде МВА және басқа да түрлі тестілеудің қорытындысы бойынша балаларымыздың көрсеткіштері жақсарып келе жатыр еді. Енді куратор жоқ. Биыл балаларымыздың жағдайы қалай болады?», – деп алаңдаушылығын білдірді Светлана Викторовна. Оның пікірін баласы аутизмге ұшыраған Наталья Тюрина да қолдады. «Бізге әдістемелік жағынан куратор міндетті түрде қажет. Онсыз күніміз қараң. Мектепте ондай деңгейдегі білікті маман жоқ. Жалпы, қай кезеңді алсақ та, яғни балабақшада да, емханада да мұндай маманды күндіз шаммен іздесең де, таппайсың. Инклюзияны қолдау кабинеттері, меніңше, әрбір балабақшада болуы керек. Бұл баланың бойындағы кемістікті ерте бастан анықтап, түзетуге мүмкіндік берер еді. Бүгінде балабақшада мұндай жұмыс мүлдем жүргізілмейді», – дейді Наталья Тюрина. Бұл – еліміздің барлық өңіріне тән мәселе.МАМАН ТАПШЫ
Бірқатар университеттерде дефектология мамандығы бар болғанымен, жоғары оқу орындары арнайы түзету мектептеріне ғана мамандар даярлайды. Ал жалпы орта білім беретін мектептердің мұғалімдері ерекше қажеттілігі бар бір ғана оқушы болса да, инклюзивтік білім бойынша біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлықтан өтуі, тіпті болмаса екінші білім алуы тиіс. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің нормативтік талабы. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педгогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» директоры Алма Мырзалинованың айтуынша, бұған дейін ұстаздар 5 жылда бір рет біліктілігін арттыруы тиіс болса, енді ел Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауына сәйкес 3 жылда бір рет біліктілігін арттыруға міндетті. «Бірақ инклюзия бойынша қайта даярлық курстары мемлекеттік тапсырысқа енгізілмеген. Сондықтан мұндай курстар келісімшарт негізінде ұйымдастырылады. Сол себепті қазір мұндай қызмет көрсететін ұйымдар қаптап кетті. Олардың арасында, өкінішке қарай жосықсыз қызмет көрсетушілер де бар. Олар Білім және ғылым министрлігінде бекітілмеген бағдарламалар бойынша курс өткізеді. Жаттықтырушыларының сертификаттары да жоқ», – дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма Жәкімқызы.ТҮП-ТАМЫРЫМЕН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК
Мәселен, Алматыдағы әлеуметтік және инклюзивтік бағдарламалар орталығы жанынан биыл ашылған «Вундер» академиясында оқу құны – айына 65 000 теңге. Орталық директоры Салтанат Мырзалинованың айтуынша, педагог-ассистент мамандығы заң жүзінде енгізілгенімен, оларды даярлап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан ол өз орталығына мамандарды даярлауды өзі қолға алып, негізгі құрамды жасақтаған. Бағдарламаны да әр балаға жеке-жеке өздері құрастырады. Әрі мұндай мұғалімдер келімді-кетімді емес, күнде мектептің ішінде жүруі керек деп есептейді ол. «Жалпы, инклюзияға келгенде балаларды әлеуметтендіруге, яғни қоғамға бейімделуіне, өзгелермен қарым-қатынасына көбірек көңіл бөлу керек. Бүгінде ерекше қажеттіліктері бар ересек адамдардың көбі жұмыссыз. Бұл олардың қоғамға бейімделмегенін көрсетсе керек. Сондай-ақ қоғамның да мұндай балаларға көзқарасын түбегейлі өзгерту керек. Бізде оларды толыққанды адам деп бағаламау басым. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебі мұндай балаларды оқуға мүлдем қабылдамайды. Ал оның негізінде шығармашылық, спорт шеберханаларын ашуға мүмкіндік зор», – дейді Салтанат Оңғарбекқызы. 2015 жылдан инклюзиялық білім берумен айналысып жүрген педагог өз тәжірибесінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың қабілет-қарымы көп жағдайда басқа құрдастарына қарағанда көбірек екенін байқапты. Оның ойынша, білім берудің басты мақсаты – оқушылар мектепте алған білімін өмірде қолдана білуге үйрету. «Әріптестерім маған тас лақтырса да айтайын, қазіргі білім беру жүйесі түп-тамырымен жаңартуды талап етеді. Біз ескіден бас тартып, мүлдем басқа, сара жолға түсуіміз керек. Белгілі бір тақырыптың балаға не үшін қажет екенін мұғалімнің өзі түсінбесе, ондай білімнен не қайыр? Барлық өтетін тақырыптарды шынайы өмірмен байланыстырған дұрыс.», – деді Салтанат Мырзалинова. Ал орта білім беретін мектептердегі инклюзияны қолдау кабинеттеріне тек аутизмге шалдыққан балалар ғана қабылданады. Оның өзіне психологиялық, медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы керек. Онсыз мұндай кабинеттен орын бөлінбейді. Ал басқа ауруға шалдыққан балалар бұл бағдарламадан тыс қалады. Тіпті, комиссия мектептің қорытындысына қарамастан, баланы инклюзия кабинетінің сүйемелдеуінен айырған жағдайлар да кездесіпті. «Айналдырған бір сағаттың ішінде комиссия мүшелері баланың қабілетін қайдан білсін?! Оның жанында күнде бірге жүретін мектеп мұғалімдерінің пікірі ескерілмейтіні өкінішті-ақ», – дейді Наталья Тюрина. Сондықтан ата-аналардың пікірінше, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағалау жүйесіне қатысты да мәселелер туындап отыр. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының аға оқытушысы, инклюзивтік білім бойынша тренері Әсем Ахметова да бұл пікірмен келісті. «Орта білім беретін мектептерге тек ақыл-ойы кеміс немесе сөйлеуінде кемістігі бар балалар ғана қабылданады. Ал көзі нашар көретін, тірек-қимыл қозғалыс мүшелері зақымданған балалар үйінде оқытылады. Үйде оқытуға арналған бағдарлама ең төменгі деңгейге дейін қысқартылған. Сол себепті ақыл-ойы жақсы дамыған, тек денсаулығы сыр берген бала бағдарламаның толық көлемін ала алмайды», – деп қынжылыс білдірді Әсем Еділжанқызы. Тәжірибелі педагог осы салада шешімін күткен басқа мәселелермен де бөлісті. Ең алдымен, білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын талапқа сәйкестендіре алмай отырғанымыз ұят. «Материалдық-техникалық база нашар. Арнайы құрылғылар, оқыту материалдары тапшы. Сондай-ақ оқу құралдары, оқулықтар жоқтың қасы. Мұндай балалармен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген тәжірибелі ұстаздар арнайы оқулықтар мен оқу құралдарын құрастырып шығарса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға қосымша білім беру, дамыту мәселесі де назардан тыс қалып отыр», – деді Әсем Ахметова. Сонымен қатар Әсем Еділжанқызы ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған отбасылармен жұмысты жүйелендіру керек деп есептейді.ТҮЙІН: Инклюзивтік білім беру мәселелері тез арада шешімін табуды қажет етеді. Сондай-ақ қоғамның бұл мәселеге, ерекше балаларға көзқарасын өзгертпей болмайды. Бұл өзгерісті әр адам өзінен бастағаны жөн. Осы түйін шешілсе, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін еш кедергі болмақ емес.
Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы