Экс-министр: полковник келіп, генерал кетті

Экс-министр: полковник келіп, генерал кетті

Сонымен, Қорғаныс министрі ретінде қызмет еткен жылдарында екі рет әскери қойманың жарылуына жол берген генерал Нұрлан Ермекбаев жұмысынан кетті. Жоғарғы Бас Қолбасшыға өзі өтініш айтыпты. Президент оның арызына қол қойып, қызметінен босатты. Ол министр қызметіне кіріскен соң 6 ай өткенде генерал-майор, 21 айдан кейін генерал-лейтенант шенін алды. Шамасы, КСРО кезінде полковник шеніне жеткенге ұқсайды. Ол жайлы дерек аз. Ал біз оның Қорғаныс министрі кезінде не істегеніне және қолынан келмеген шаруаларға шолу жасауға бекіндік.

Үш жылда екі рет жарылыс болды

Нұрлан Ермекбаев 2018 жылғы 7 тамызда Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Сөйтіп, осы­нау лауазымда 3 жыл 24 күн отыр­ды. Н.Ермекбаев қорғаныс са­ласын басқарып тұрғанда екі рет ұшақ құлаған. Олардың алғашқысы 2019 жылғы 16 сәуірде құласа, екіншісі 2020 жылғы 16 сәуірде апатқа ұшы­рады. 2019 жылы МиГ-31, келесі жылы мейлінше жаңа саналатын Су-30СМ ұшағы құла­ды. Екеуі де Қарағанды облысында апатқа ұшыраған еді. Абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. Ал 2019 жылғы 27 наурызда Ми-8 тікұшағы құлады. Қызылорда облысында болған апаттан 13 әс­кери қызметкер қаза тапты. Әрине, 2018-2021 жылдар аралы­ғында әскери ұшақтар мен тік­ұшақ­тардың өзге де апаттары тіркелген, бірақ олардың барлығы Қорғаныс министрлігіне қарасты емес еді. Мұндай техникаларды ҰҚК, Ішкі істер министрлігі, ТЖМ да пайда­ланатынын ескеру керек. Одан бөлек, Н.Ермекбаевтың тұсында Арыстағы әскери арсе­налда болған жарылыстан 4 азамат қаза тауып, жүздегені жараланған еді. Арада екі жыл өткенде Жамбыл жеріндегі қойма жарылып, 14 адам мерт болды. Сөйтіп, 2019 жылы генерал Сәкен Жасұзақовтың Қа­рулы Күштер қатарынан шығары­луына себеп болған жағдай Нұрлан Ермекбаевты министр қызметінен кетуге мәжбүрледі. Алайда біздің пайымдауымызша, Н.Ермекбаев Президенттің қаһарынан оңай құтылған сияқты. Өйткені Мемле­кет басшысы Үкіметке жаңа әс­кери қойма салуды, ескі оқ-дә­рілерді дер кезінде жоюды тапсыр­ған еді. Алайда еліміздегі әскери қоймаларда әлі де болса жарылу қаупі бар оқ-дәрінің бар екенін Жамбылдағы оқиға көрсетіп отыр. Ал экс-министр екі жыл ішінде саладағы кемшіліктерді жоя алма­ғаны байқалады. Әрине, әскери қоймаларды жаң­ғырту, өрт және еңбек қауіп­сіздігін сақтау, жаңа әскери арсе­нал салу оңай іс емес. Дегенмен екі жыл ішінде әскерилердің жоғарғы басшыларға берген есептері шын­дыққа жанаспайтынға ұқсайды. Егер дер кезінде автоматтан­ды­рылған өрт сөндіру қондырғылары орнатылып, ескі оқ-дәрі жойылып отырса, Жамбыл жерінде жарылыс болмас па еді, кім білсін?! Алайда ескі қару-жарақты жойып, іске жарайтындарын кәдеге жаратумен Қорғаныс министрлігі айналыс­пайтыны тағы бар. Оған «Қазтех­нология» АҚ жауапты. Ал аталған кәсіпорын Бейбіт Атамқұлов бас­қаратын Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне қарайды. Үш жыл бұрын Б.Атам­құ­лов сол кездегі Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігін басқарып тұрғанда аталған кәсіпорынға оқ-дәріні жою жайлы тапсырыс аз түсетінін айтқан. Әрине, 2018 жылы кәсіпорынға мемлекеттік тапсырыстың беріл­меуіне Н.Ермекбаевтың қатысы жоқ шығар, бірақ 2019 жылы «Қаз­технология» АҚ 306 млн теңгенің оқ-дәрісін жойып, металын іске жаратқан. Сөйтіп, бюджетке 416 млн теңге табыс түсіріпті. Бұл мыңдаған тонна снаряд, миналар мен өзге де жарылғыш заттар сақталған қоймалар үшін тым аз көрсеткіш. Бір сөзбен айтқанда, Ермекбаевтың тұсында Қорғаныс министрлігі ескірген оқ-дәрілерді жоюға қаржы бөлудің маңызды екенін депутаттар мен Қаржы министрлігінің басшылығына түсіндіре алмаған сыңайлы. Ал 2020-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет жобасында Қорғаныс министрлігінің шығыс­тары ретінде қарастырылған жо­балардың арасында жаңа қойма салу жайлы мәлімет жоқ. Тек лайықты инфрақұрылымы бар оқ-дәрі қоймасын салуға арналған жобалық-сметалық құжат әзірлеу қарастырылыпты. Сөйте тұра, 2020-2022 жылдары Қарулы Күш­тердің капиталды шығындары ретінде 33 млрд 832 млн теңгеден астам қаржы көрсетіліпті. Дегенмен министрлік таратқан ақпараттардың ішінде еліміз ай­мақтарының бірінде оқ-дәрі сақ­тайтын жаңа қойма салына бас­тағаны айтылған. Әрі жыл сайын қоймалардағы оқ-дәрінің инвен­таризациясы жасалып жатқанын да мәлімдеді әскерилер. Инвен­таризация көрсеткіші – 20 пайыз. Бұл дегеніңіз қоймалар мен арсе­налдардағы оқ-дәрінің толық есепке алу үшін 5 жыл кететінін көрсетеді. Шамасы, Жамбылдағы қойма мұндай инвентаризацияға ілікпей қалған-ау деп топшыладық. Дегенмен біздің бұл пайым – «өкпеге қимаудың» көрінісі. Жалпы, Қорғаныс министр­лігіне өздеріне қарасты кейбір қоймаларда 30 жыл ішінде бірде-бір рет инвентаризация болма­ға­нын да мойындады. Демек, жа­рылыстардың себебін 2000 жылдан бері саланы басқарған барлық министрлерден сұрағанның да артығы жоқ-ау. Айтпақшы, Н.Ермекбаев тұ­сын­да әскердегі суицид те түбе­гейлі жойылған жоқ. Жыл сайын түрлі әскери бөлімдерде өз-өзіне қол сал­ғандар кездесіп жатады. Де­ген­мен әскери бөлімдердің барлығы Қорғаныс министрлігіне қарамай­тынын да назарда ұстаған жөн. Бірақ бәрібір «бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» болып қала береді. Сонымен бірге экс-министрдің тұсында Қарулы Күштердегі жем­қорлық толық жойылған жоқ. 2021 жылдың мамырында Қарулы Күш­тердің тыл және қару-жарақ бас­қармасының бастығы, полковник Асылбек Сатыбалдинов, Семейдегі әскери госпитальдің бастығы, медицина қызметінің под­полков­нигі Дулат Құрметов тұтқындалды. Алғашқысының жемқорлыққа қатысы бар екені айтылғанымен, соңғысының не себепті қамауға алынғаны жайлы ақпарат тара­тылған жоқ. Ал одан бір жыл бұ­рын, 2020 жылдың басында Қор­ғаныс министрлігі Кадр және әс­кери білім департаментінің бас­тығы, генерал-майор Қайрат Көп­баев тұтқындалған еді. Оған да жемқорлықпен айналысқаны жай­­лы айып тағылған. Кейін сот­талды. Жалпы, 2015-2019 жылдар аралығында Қарулы Күштердегі жемқорлық 4 есе азайғанымен, 2020 жылдың 8 айында ол 76 па­йызға өскен. Бірақ оны министр­ліктегілер жемқорлықтың өсуі не­месе азаюымен емес, сыбай­лас­тардың ұсталу көрсеткішіне қарап бағалау қажет екенін айтады. Ал қорғаныс саласы бейресми рей­тингтерде жемқорлық жөнінен үшінші орында жүретіні жиі ай­тылады. Шамасы, ештеңе өзгер­ме­ген тәрізді. Нұрлан Ермекбаев та са­ланы басқарған кезде қол астын­дағы генералы істі болған ми­нистр­лердің қатарын толықтырды.

Ермекбаев не істей алды?

Әрине, кеткеннің артынан то­пырақ шашпақ ниетіміз жоқ. Нұрлан Ермекбаев министр болып тұрған кезде Қарулы Күштерде де көңіл жылытар жаңалықтар болғанын мойындаған дұрыс. Егер экс-министрдің тәуір бастама­ларын санайтын болсақ, 2018 жы­лы алғаш рет «Қазақстан Респуб­ликасын қорғау жоспары» дейтін құжат әзірленді. Әуе қорғанысы күштерінің автоматтандырылған басқару жүйесін құру да экс-ми­нистрдің тұсында жедел жүргі­зіліп, аяқталуға жақын қалды. Қазақ сарбаздары екі жыл ішінде Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Түркия, Иран қатарлы елдерде өткен 19 халықаралық оқу-жаттығу жиын­дарына қатысыпты. Алғаш рет әскери ұшақтарды автожолдарға қондыру сынағы өтті. Қарулы Күш­терге пилотсыз ұшатын қон­дыр­ғыларды молынан алу да 2018 жылдан бері тәуір қарқын алды. Қарулы Күштерде арнайы опера­циялар күштері, радиациялық, химиялық және биологиялық қор­ғаныс, киберқауіпсіздік депар­таменттері құрылды. Алғаш рет ар­мияда бронотехниканы жөндей­тін жеке цех пайда болды. Қарулы Күштердегі жаңа, күрделі жөн­деуден өткен және модернизация­ланған техниканың үлесі 38 па­йызға жетті. Су-30СМ тәрізді жаңа ұшақтар мен Ми-35М секілді жаңа тікұшақтар алдық. «Нұр» радио­локациялық стансасы, төмен биік­тіктегі нысандарды анықтайтын Роса-РБ РЛС-і, «Арлан» әскери командалық машинасы, «Бук» зениттік зымыран кешені тәрізді дүниелер алынды. А400М әскери-транспорттық ұшағы, «Тор-М2» зениттік-зымыран кешені тәрізді техникаларды сатып алу бағы­тындағы келіссөздер аяқталып, бір­қатарын Қарулы Күштерде қол­дана бастадық. Жалпы, Н.Ер­мек­баев министр болып тұрған кезде 73 техника күрделі жөндеуден өт­кізіліп, 200-ден астамы модерни­зацияланды. Одан бөлек, әскери ғылым, әс­керилердің тұрмыстық-әлеумет­тік жағдайын жақсарту, әскери инфрақұрылымды жаңалау, жеке құрамның белсенділігі мен жастар арасындағы патриотизмді күшейту, мәдени-спорттық шараларды жүйелі ұйымдастыру, халыққа жәрдемдесу, әскери медицинаны дамыту және басқа да бағыттарда біршама шаруа тындырылды. Жалпы алғанда, соңғы жыл­дары Қарулы Күштерді дамыту жан-жақты сипат алғанын ұмыт­паған дұрыс. Бірақ салада қандай да бір ілгерілеушілік бар болса, ол тек бір министрдің жетістігі са­налмаса керек. Айталық, 2017 жы­лы қабылданған әскери док­тринаның сипаты бұрыңғылардан бөлек болды. Алайда аталған құ­жаттың қабылдануы тек Қорғаныс министрлігінің табысы емес. Елдің қорғанысы мен қауіпсіздігіне жауапты өзге де құрылымдардың әскерилермен бірге істеген еңбе­гінің жемісі. Одан бөлек, Мемлекет басшылары ешқашан қорғаныс саласын назардан тыс қалдырған жоқ. Сондықтан армиядағы қан­дай да бір жетістік бір адамның есімімен байланысты болуы мүм­кін емес. Бірақ атқарылған жұ­мысқа лайықты баға бергеннің айыбы жоқ.

Ардақ СҰЛТАН