Теріскейге көшкен жұрттың базынасы бар
Теріскейге көшкен жұрттың базынасы бар
© коллаж: Елдар Қаба

Халқы тығыз қоныстанған түстіктегі ағайынды теріскейге көшіріп, әлеуметтік-эконо­микалық тұрақтылық қа­лып­тастырып, демографиялық ахуалды реттеу үшін мемлекет бірнеше бағдарлама қа­был­дағанын білеміз. Тек бағ­­­дар­ламалардың бәрі көңіл­­дегідей орындалды дей ал­маймыз.

Әуелі 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бастау алса, 2017 жылы «Еңбек» бағдарламасы қабылданды. Соның арқасында солтүстікке мыңдаған отбасы қоныс аударды. Алайда кей кезде көштің ақсап жатқанын да көріп жүрміз. Бағ­дарламаға иек артып, өзге өңірге барған жұрт қиындыққа тап бо­лып жатады. Осы тәрізді кемші­лік­терді қалай ретке келтіру қа­жет­тігі әлі де Үкіметті толған­дыратын мәселе болса керек.

Қолдау көрсету жағы ақсап тұр

Аталған бағдарламаларды құруға қандай қажеттілік болды? Демограф мамандардың ай­туынша, жалпы Қазақстан хал­қының өсімі тұрақты. Бірақ де­мо­графиялық ахуал барлық аймақта біркелкі емес. Яғни, еліміздің оң­түстігінде халық өсімі қарқын­ды, солтүстікте керісінше адам азайып жатыр. Сала мамандары мынадай болжам жасаған екен. 2050 жылға қарай оңтүстік ай­мақтардағы халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұ­мыссыздық мәселесі одан әрі күрделене түспек, ал солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға азайып, сәйкесінше жұмыс күшінің жетіспеуі байқалмақ. Болжамды негізсіз деп айта ал­маспыз, себебі осы күні теріскейде кей жұмыс орындарына маман жетіспейді. Сонымен қатар дәл осы солтүстікте демографиялық хәл оңып тұрған жоқ. Солтүстік өңірлерде, әсіресе жастардың үлес салмағы біршама кеміген. Бұл – аймақтарда табиғи өсім жоқ деген сөз емес. Көрсеткіштің төмен­де­уіне аталған аймақтарда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тарихи Ота­нына бет бұруы басты себеп болып отыр. Яғни, көші-қон мәселесінде ұтылып тұрмыз. Статистика дерегі бойынша, бір ғана 2019 жылы 45 мыңнан астам қазақстандық шетелге қоныс аударыпты. Оның 76 пайызы – тарихи Отанын із­деген өзге ұлт өкілдері. 2020 жылы 29 мыңнан астам кетті. Бірақ сан азайды екен деуге болмас. Бұған пандемияның әсер еткені сөзсіз. Ал түстігіміздегі жағдай басқаша. Халықтың 55 пайызы оңтүстік ай­мақтарға шоғырланғанға ұқ­сайды. Жастардың үлесі басым, бірақ жұмыс орындары тапшы. Сондықтан жоғарыда аталған бағдарламалар диспропорция мен демографиялық теңсіздікті реттеу үшін қажет екені айтпаса да анық.

Демограф мамандардың ай­туынша, жалпы Қазақстан хал­қының өсімі тұрақты. Бірақ де­мо­графиялық ахуал барлық аймақта біркелкі емес. Яғни, еліміздің оң­түстігінде халық өсімі қарқын­ды, солтүстікте керісінше адам азайып жатыр.

1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көші-қон мәселесін тілге тиек еткен болатын. Президент елі­міз­дің оңтүстігінен солтүстік өңір­лерге қоныс аударған тұрғындарға шаруашылық жер бөлу мәселесін реттеуді тапсырған. «Үкімет елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударған азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тетігін қайта форматтауы қажет. Атап айтқанда, жәрдемақыны тек әкім­діктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден өз бетінше жұмыс іс­тейтін жұмыс берушілердің шы­ғындарын өтеу арқылы да беруге болады» деген еді. Яғни, тапсырма бойынша Үкімет пен әкімдіктер жұмысты одан әрі жандандыруы тиіс. Әйтпесе бағдарламаға үлес қосатын отандастарымыздың саны азаюы мүмкін-ақ.

Көш есебі қандай?

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі кейінгі 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жүргізіп, нәтижесінде Түр­кістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғын­дары­ның бір бөлігін Шығыс Қа­зақстан, Солтүстік Қазақстан, Пав­лодар және Қостанай облыс­тарына кө­шіру керегін анықтаған. Былтыр бұл тізімге Қарағанды мен Ақмола облыстары да ен­гізілді. Ал нақты деректер бойын­ша, 2015-2017 жыл­дар аралы­ғында 1 392 адам, яғни 347 отбасы солтүстік өңір­лерге көшкен. 2017 жылы 5 облыс­тан Шығыс Қазақ­стан облысына – 98, Қос­танай облысына – 30, Павлодар облы­сына – 69, Сол­түстік Қазақстан облысына 184 отбасы қоныс аударыпты. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облы­сына – 364, Қос­танай облысына – 272, Павлодар облысына – 380, Сол­түстік Қа­зақстан облысына – 690 квота бөлінген, аймақтық квота бойын­ша 6 766 қазақстандық оңтүстік­тен солтүстікке қоныс тепкен. 2019 жылы солтүстікке 700 отбасын көшіру жоспарла­ныпты. 2020 жылы 1 878 отбасыға квота бөлінді. Жоспар бойынша, 2018-2022 жылдары барлығы 59 мың отбасы солтүстікке көшуі қажет. Былтыр алғашқы 8 айда 4,3 мың отбасы солтүстікке кө­шіп, жос­пардың орындалуы әб­ден жақ­сарған. Бірақ көшіп кел­ген­нен кейін қайта кері қайтқан­дар бар. Себеп сан түрлі. Бірі «күн­нің суы­ғына шыдамаса», енді бірі не­сиелік қарыздарына бай­ланысты кері көшкен. Мысалы, 2019 жы­лы Солтүстік Қазақстан облы­сынан 77 адам – 22 отбасы оң­түс­тікке кері кеткен. Кері көшу де­мек­ші, егер солтүс­тікке қоныс ау­дарған от­басы 1 жыл өтпей жа­тып кері қай­туға шешім қабыл­даса, мем­лекет тарапынан көр­сетілген көмектің бәрін қайтаруы тиіс. Ал 1 жылдан кейін ешкім аяққа тұсау болмайды.

 Әкімдер есеп үшін жұмыс істей ме?

Бағдарлама бойынша оңтүс­тіктен солтүстікке қоныстанып, бағ­дарламаның үгіт-насихат жұ­мыстарына белсене араласып жүрген Серік Әлтаев Арыс қала­сынан Солтүстік Қазақстан облы­сының Қызылжар ауданы Под­гор­ное елді мекеніне ерікті түрде көшіп барған. Осы ше­шімге ба­руына 2019 жылы Арыс қаласында болған жарылыс себеп болыпты. Былтыр осы аза­матпен тілдес­кен­де бұл бағ­дарлама туралы оңтүстік­те көп ешкім біле бермейтінін айт­қан еді. Ол ең басты проблема ре­тінде әр үйге 7 млн теңгеден бө­лі­нетінін, үйді салатын құры­лыс­шылардың еңбекақысы да, құ­рылыс материалдары да, бас­қасы да осы 7 млн теңгенің ішіне кіріп, нәтижесінде үйлер сапасыз болып жатқанын жеткізген. Сон­дай-ақ әкімдіктер де жұ­мысты дұрыс ұйымдастыра алмай отыр­ғанын тілге тиек еткен болатын. Бір жылдан кейін не өзгерді? Аза­маттың өзінен сұрап білген едік. – 1 жылдан бері аса өзгерген дүние жоқ. Айқай-шу шығарғанда ғана әкімдіктер мәселені шешеді. Биыл осы мәселе үшін Айыртау мен Есіл аудандарының әкімін алып тастады. Біраз әкімдер мен облыс әкімінің орынбасарына сөгіс берді. Әкімдер тек қағаз жү­зінде есеп беріп, жоспарды орын­даса болды. Көшкісі келгендерді ұйы­тып алып, барғаннан кейін жал­тарып шығады. Ал негізі бағ­дар­лама ел үшін өте тиімді, – дейді ол. Көп шикіліктің барын тұр­ғын­дар да, шенділер де мойындайды. Ал негізі қос бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Ал кей кемшіліктердің жергілікті билік тарапынан жөнге келмей тұрғаны қынжылтады. Бірақ ол әкімдерге сөгіс берумен бітетін іс емес екені анық.

Мадияр ТӨЛЕУ