Қазір жекеменшік тіс емханалары көп. Қалалық жерлерде қарға адым аттасаң, алдыңнан шығатын осындай орталықтардың бағасы басты айналдырса да, есігінен ешқашан адам үзілмейді. Өйткені мемлекеттік медициналық мекемелерде тіс дәрігерлері жоқ. Өкінішке қарай, қызметін қымбатқа бағалайтын жекеменшік тіс емдеу орталықтары науқастардың саулығына кепілдік бермейді.
Есте болса, елорда тұрғыны біраз жыл бұрын тісін емдетуге барып, тіссіз қала жаздаған. Қаладағы ең мықты деген тіс емдеу клиникаларының бірінде стоматолог науқастың тістеріне протездеу жұмыстарын жүргізеді. Алайда ауырған тісі одан ары асқынып, науқас протездеуден кейін тамақтанудан қалады. Тісінің солқылдап тұрғанын айтып, ертесі стоматологке жүгініпті. Бірақ қажетті шара қабылдаудың орнына тіс дәрігері мазасызданудың қажеті жоғын, жақын арада барлық асқынулар өтетінін айтып шығарып салған. Бірнеше күннен кейін емделген тісі одан ары ауыртып, протезі жарылып, түсе бастайды. Сол кезде жауапкершілікті мойнына алғысы келмеген орталықты сотқа берген науқас сапасыз стоматологиялық қызметі үшін 1 млн 60 мың теңге өндіріп алды. Белгілі болғандай, науқасқа стоматологиялық көмек көрсету кезінде тістерді эндодонтиялық және ортопедиялық емдеу стандарттары сақталмағаны анықталды.Өз жұмысын білмейді
Алматылық Дәурен пломба салынған тісі ауыртып, маза бермеген соң қаладағы ақылы тіс емдеу орталығына жүгінеді. «Хирург ары-бері қарап, үш сағат тескілеп, өзі де ауырып тұрған тісімді одан ары ауыртып, ақыр соңында қасындағы сап-сау тісімді жұлдырып тастауға кеңес берді. Бірақ сау тісімді жұлдырмай қойдым. Көрсеткен «қызметі» үшін ешқандай қаржы сұрамайтынын айтты да, «ертең кел» деп шығарып салды. Сол күні кешкісін шұқылаған жері қақсап, шыдатпады. Келесі күні басқа клиникаға барып ауырған тісімді жұлдырып тастадым. Өз жұмысын білмейтін тіс дәрігерінің үстінен шағым берейін деп Денсаулық сақтау министрлігінің Медицина және фармацевтика қызметін бақылау комитетіне жүгіндім», – дейді алматылық Дәурен. Алайда министрлік берген шағымды кері қайтарған. Өйткені іс жүзінде науқастың сол жерде тексерілгенін дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ. «Төлем жасалмаған соң тиісінше чек те берілмеген. Бұл жағдайда шағым кері қайтарылады» деген жауап алады.Жарнамасы жер жарған
Былтыр белгілі әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтандағы «Доктор Бро» стоматологиялық орталығын бірнеше рет жарнамалап, тікелей эфирде өзі жүргізетін бағдарламаның біріне орталықтың тіс дәрігерлерін қонаққа шақырып, кеңес айтқызды. «Шын мәнінде, өте жоғары кәсіби мамандар екен. Балаларымның тісін емдеуге тамаша орталық тапқаныма қуанып отырмын. Сол қуанышыммен бөлісейін деп отырмын. Егер сіз жақсы тіс маманын, орталық іздеген болсаңыз, «Доктор Бро» барлық қызмет түрлерін көрсетуге дайын» деген әншінің сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын да көргенбіз. Әнші жиі жарнамалаған тіс емханасының дәрігерлері қараған бүлдіршін бір жарым жыл комада ес-түссіз жатып, артынша сол бойы өмірімен қош айтысты. Екі жастан енді ғана асқан бүлдіршіннің анасы Анастасия Зеленая елордадағы «Доктор Бро» клиникасындағы дәрігерлерден қызына ем жүргізбес бұрын «Ингаляция арқылы салынатын наркоздан басқа қандай да бір препарат егіле ме?» деп бірнеше рет сұраған. Стоматологтер тек ингаляциялық наркоз жасалатынына сендіреді. Бірақ қызының не үшін комаға түскенін тексерткенде ғана оған «Убистезин» (стоматологиядағы анестезия) мен «Эсмерон» анестезиясы салынғанын біледі. Осы оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылып, стоматологиялық клиникадағы біраз былықтың беті ашылды. Тіс дәрігері төрт жасқа дейінгі балаларға тыйым салынған анестетикті қолданғанын айтқан тәуелсіз сарапшы, анестезиолог және реаниматолог Тимур Цой сол кезде науқасқа қан анализі, қант деңгейін өлшеу және кардиограмма секілді тексеру жүргізілмегенін жеткізді. Ол ол ма, орталықтағы анестезиолог дәрігер мерзімі өткен сертификатпен жұмыс істеген. Бұдан бөлек, клиникада дәрі-дәрмектерді сақтау талаптары бұзылғаны үшін стоматология орталығының басшысы мен дәрігерге әкімшілік айыппұл салынды. Кейін жарнамасы жер жарған тіс емдеу орталығында бұрын да екі балада аллергиялық реакция болғаны анықталды. Оларға уақытында көмек көрсетілгендіктен, балалардың ата-анасы шағым жасамаған.Қайғылы оқиға тағы қайталанды
Болған оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі елдегі барлық стоматологиялық клиникаларды тексеруге ниетті екенін айтты. Бірақ министрліктің жекеменшік клиникалардағы жағдайды бақылауға аламыз деген уәдесінен кейін де тіс дәрігерінің көмегіне жүгініп, «сау басына сақина тілегендер» де, жазым болып жатқандар да бар. Күні кеше 22 жастағы алматылық Мария Сергеева тіс дәрігеріне барғаннан кейін анафилактикалық шоктан қайтыс болды. Бұл оқиғада да стоматологтер дәрі-дәрмектерді енгізер алдында сынама жасамаған болып шықты. Сорақысы, анафилактикалық шок алғанын біле тұра стоматология қызметкерлері жедел жәрдем шақыртпаған. Ал қызмет сапасын көрсету үшін қойылған клиникадағы бейнебақылау камералары істемейтін көрінеді. Он жылдық тәжірибесі бар стоматолог-дәрігер Дана науқастардан бұрынғы емделген жерінде сапасыз жасалған қызметті жиі байқайтынын жасырмайды. Бірақ науқасқа әріптесінің сапасыз жұмысы туралы тіс жармаймын деген ол: «Бір науқастар «алдыңғы жасаған стоматолог дұрыс жасамапты» деп келеді. Оны кім айтты десем, басқа клиникадағы тіс дәрігері айтты деп отырады. Кейде жақсы жасалған тісті де түкке тұрғысыз етіп көрсететін әріптестер бар. Бұл науқастарды өзіне қарату үшін айтылады. Қымбаттылығына қарап қызметін бағалау да дұрыс емес. Егер өз ісіңді жақсы білсең, науқастар алыс жақтан келіп емделеді», – дейді ол.Тәртіпті тағы бір қарау керек
Сенатор Ақмарал Әлназарова жекеменшік стоматологиялардың санына емес, сапасына көңіл бөлетін кез келгенін айтты. «Бізде тіс емдеу орталықтарына тиісті бақылау жүргізуге ешкімнің құқы жоқ. Қазір шағым болған кезде ғана тексеріс жүргізіледі. Меніңше, Денсаулық сақтау министрлігі клиникалардың лицензияға қаншалықты сәйкес келетініне бас ауыртуы тиіс. Бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаған. Екіншіден, жекеменшік клиникалардың барлығы шағын және орта бизнес болып есептеледі. Сондықтан мемлекеттік органдар олардың жұмысын толығымен тексере алмайды. Ондай құқығы жоқ. Дегенмен адам өміріне жауап беретін болғандықтан, соңғы енгізілген мораторийдегі тәртіпті тағы бір қарау керек. Бұдан бөлек, әлі күнге іске асырылмай келе жатқан медициналық мекемелерді қашықтан тексеруді қолға алған жөн. Олардың тиісті ақпараттық жүйесі болу керек. Жекеменшік клиникаларға бұл енгізілмей отыр», – дейді Ақмарал Шәріпбайқызы. Бүгінде елімізде 7 000-ға жуық стоматологиялық мекеме бар. Олардың көбі клиенттерді тарту мақсатында қызмет түрлерін кеңейтіп, бөліп төлеу немесе несие бойынша қызмет көрсетеді. Десе де, олардың сапасын тексеру қаншалықты жүзеге асатынын білу мүмкін болмады. Өйткені жекеменшік тіс емханаларына қойылатын талап туралы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты мамандары жақ ашпады. Дегенмен былтырдың өзінде ғана тіс емдеу қызметіне қатысты 100-ге жуық шағым келіп түскен. Осының өзінен-ақ жекеменшік тіс емханаларының жауапкершілігін бағамдауға болатындай.Жадыра МҮСІЛІМ