Көкшетауда Шоқан Уәлиханов атындағы университет студенттері мен оқытушылары енді күн сайын әйгілі Грэмми сыйлығының лауреаты – Иманбектің «Rose's» композициясын тыңдайтын болды. Университетте қоңырау үнінің орнына музыканттың осы шығармасы қойылды, — деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Университет ұжымы мен студенттік парламент Қазақ елінен алғаш шыққан Грэмми сыйлығы лауреатын осылайша қолдауға шешім қабылдапты. Тіпті университет басшылығы мен студенттері музыканттың ремиксіне алғашқы клипін де түсіріп үлгеріпті. Дәріс өткізу кезіндегі бейнероликте тек студенттер ғана емес профессордың өзі де билей жөнелгенін байқауға болады. Естеріңізде болса Иманбек Зейкеновтың ремиксі осы көктемде әлем елдерін таң-тамаша етіп, Грэмми сыйлығын жеңіп алған.
«Бұл біздің студенттеріміздің креативі. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттік парламенті біздің алғашқы Грэмми сыйлығының лауреаты Иманбекке осылай қолдау білдірмек болды. Rose's композиясының музыкасы енді студенттерімізді сабақтан үзіліске және оқуға шақыратын болады. Біздің Иманбегіміз оның талантын одан әрі танымал етуге қарсы бола қоймас деп ойлаймыз», - дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Ғалым Байтук.Иманбек Зейкенов биыл қазақ елінің тарихында тұңғыш рет Roses әніне ремикс үшін Грэммиді жеңіп алған алғаш қазақ еді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы