Тәжікстан билігі ауған босқындарын қабылдауға дайын емес
Тәжікстан билігі ауған босқындарын қабылдауға дайын емес
Сурет: ArmyAmber
303
оқылды

Тәжікстан билігі ауған босқындарын жаппай қабылдауға дайын емес екенін ресми түрде мойындады. Бұл туралы ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода хабарлады.

Дегенмен, Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысында маусым айында ауған босқындарына арналған алғашқы уақыт лагерь құрылысы басталғаны жарияланған, ал Таулы Бадахшан автономиялы облысының басшысы өңірге 30 мыңға жуық ауған босқыны келуі мүмкін екенін мәлімдеген. Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода ауған босқындарын жаппай қабылдау мүмкін еместігін қауіпсіздік мәселесімен байланыстырды. Министрдің пікірінше, босқындар көбейген жағдайда елде қару-жарақ, есірткі саудасы артып, басқа елдерден босқын атын жамылған содырлар келуі мүмкін. Дегенмен, тәжік билігі ауған босқындарын мүлде қабылдамаймыз деп отырған жоқ, үкімет солар үшін лагерь салуға 70 га. жер бөліп берді. Бірақ ол лагерьлерді мемлекет өз қаражатымен қаржыландыра алмайды. Тәжікстан бюджетінде мұндай қаражат жоқ, ал халықаралық ұйымдар Тәжікстанның инфрақұрылымға көмектесу туралы өтінішіне құлақ аспай отыр, дейді министр. Соңғы он бес жылда Тәжікстан Ауғанстаннан үш мыңнан астам отбасы қабылдаған. Қазір олар лагерьде емес, елдің көптеген қалаларында еркін тұрып жатыр. Жергілікті заңдар бойынша, олардың Душанбеде тұруға құқығы жоқ.