Ақмолада әйгілі спортшылар ауыл балаларымен кездесті
Ақмолада әйгілі спортшылар ауыл балаларымен кездесті
352
оқылды

Облыстың төрт ауылында спортты серік еткен жас балалармен кездескен спортшылар тағы 60 ауыл балаларымен кездесу ұйымдастырмақ. Спортшылардың мұндай бастамасы елімізде тұңғыш рет болып отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Өңір спортына сүбелі үлес қосып аты аңызға айналған спортшылар облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Спорт - әр ауылға» атты шара бойынша шалғай ауылдың балаларымен кездесуде.    width= Шараның негізгі мақсаты ауылдар мен қалаларда бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жасөспірімдерді спортпен тұрақты айналысуға тарту, сондай-ақ балалар спортының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталыпты. Балалармен кездесуге күш өнерінен әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған Гиннесстің рекордтар кітабына енген Сергей Цырульников, қол күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еліміздің 13 мәрте, Азия чемпионатының 8 мәрте чемпионы атанған Илья Ильин, Street Workout-тан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және Еуропа чемпионы, street-lifting-тен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Имран Ибрагимов шыққан. Спортшылар Шортанды ауданының Бозайғыр ауылы, Ақкөл ауданының Новорыбинка, Біржан сал ауылының Макинка және Бұланды ауданының Капитоновка ауылының балаларымен кездесті. «Атақты спортшылармен кездесуді балалар да асыға күткен екен. 200-ден астам балақайлар отандық спортқа есімдері аңызға айналған спортшылармен әңгімелесіп, оларға сұрақтар қойып, әрі өз жетістіктерін айтуға мүмкіндік алды. Спортшылар балаларға шеберлік сабақтарын өткізіп, спорттағы жетістіктерінің құпияларымен бөлісті. Кездесу соңында балалармен естелік суретке түскен спортшылар оларға сыйлықтарын да ұсынды», - дейді Ақмола облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен. Ал облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевтың айтуынша, шалғайда жатқан ауылдарда елдің тіпті әлем спортының болашақ жұлдыздары жасырынып жатуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай кездесу ұйымдастыру нағыз чемпиондарды дайындауға мол мүмкіндік бермек. «Біз әлемді мойындатқан спортшылардың жетістіктерін жас ұрпаққа эстафета арқылы тапсырып, олардың бойынан олимпиялық алауды тұтатқымыз келеді. Ал бұл ұлы жеңістерге жеткізбек», - дейді басқарма басшысы Әсет Бүкібаев. Спортшылар да ауыл балаларымен кездесудің өте әсерлі өткенін алға тартты.

«Біз шалғай жатқан ауылдарға еліміздегі балалар спортының дамыту үшін жолға шықтық. Мен біздің жастарымыздың тек алға қарай қадам басып ұмтылғандары жөн деп ойлаймын. Балалардың көзінен от көрдім. Олардың эмоциясы өте керемет», - дейді Сергей Цырульников.

Ақмола облысының белгілі спортшылары елімізде алғаш рет ауыл балаларымен осындай кездесулер ұйымдастырып отыр. Олар бұл шараны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына ұштастырып отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы