Қазақстандық QazVac вакцинасы үшінші кезең бойынша клиникалық зерттеуден сәтті өтті. Сондай-ақ оның штамдық құрамы өзгереді.
Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, коронавирусқа қарсы QazVac қазақстандық вакцинаның авторы Күнсұлу Закарья хабарлады. Оның айтуынша, шілде айында үшінші кезең бойынша өткен барлық клиникалық зерттеу жұмысына 3 мың адам қатысқан. Бүгінде қорытынды есеп Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сараптауынан өтіп жатыр. Әйтсе де, вирусолог мамандар алғашқы отандық вакцинаны клиникалық зерттеу сәтті жүргізілді деп отыр. Зерттеу толық аяқталған соң QazVac туралы ғылыми мақалалар жарық көрмек. Сондай-ақ осы жиында коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасының құрамы өзгергені туралы да хабарланды. «Біздің ел аумағына дельта штамы келген сәттен бастап Үкіметтің тапсырмасына сәйкес оны зерттеуге кірістік. Клиникаға дейін зерттеу жануарларға жүргізілді. QazVac-тың штамдық құрамын өзгерту арқылы жануарларға жүргізілген зерттеу жоғары нәтиже көрсетті. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми рұқсатын күтіп отырмыз. Яғни, QazVac құрамындағы Ухань штамын Дельта штамына ауыстыратын боламыз. Зерттеу нәтижесімен танысып, министрлік рұқсат берген жағдайда QazVac-тың келесі партиясы жаңа құраммен дайындалады», – деді Күнсұлу Закарья. Ғалымның айтуынша, QazVac құрамындағы штамды ауыстыру және оны жануарларға сынау жұмысына 2 ай жұмсалған.Н.ҚОСАЙ