Ресейдің Қазан қаласында өтіп жатқан ТМД елдері арасындағы спорт ойындарында боксшылар бәсекесі мәресіне жетті.
Финалға шыққан қазақстандық 6 былғары қолғап шеберінің 4-і чемпион атанды. Ел құрамасынан Анита Адишева (48 келі) өзбекстандық Робияхон Бахтиёрованы, Виктория Байдукова (54 келі) ресейлік Эвита Аверьяновадан басым түсті. Ал 60 келідегі Ұлжан Сәрсенбек те өзбекстандық Мухлиса Тохированы қапы қалдырып кетті. Сондай-ақ ел құрамасынан ұлдар арасында финалға жолдама алған жалғыз боксшы Мырзахан Мәуленов (66 келі) беларусьтік Владислав Кузнецовтан мықты екенін көрсетті. Қазақстандық Бақыт Сейдіш (70 келі) пен Томирис Мырзақұл (52 келі) финалда қарсыластарына жол берді. Алғашқысы өзбекстандық Ойша Тоироваға, екіншісі ресейлік Анастасия Коольге есе жіберді. Қола жүлдеге қол жеткізгендер қатарында Жандарбек Ізбасаров (44-46 келі), Ислам Машкентаев (48 келі), Сұңғат Расулов (50 келі), Нұрислам Қалдыбаев (52 келі), Мадияр Отар (54 келі), Ерасыл Мұстафинов (57 келі), Ерсұлтан Төлеген (60 келі), Әділ Қасымов (63 келі), Әлинұр Өмірбеков (70 келі), Батырхан Сейтенов (75 келі), Нұрасыл Бауыржан (80 келі), Дельфина Әбілхан (44-46 келі), Карина Тоқубай (50 келі), Аружан Жаңабаева (66 келі), Назерке Рысбай (80 келі) бар. Жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болдық. Ал Ресей 15 медальмен бірінші орынға шықса, Өзбекстан 7 алтын еншіледі.А. ЖАНАСЫЛ