Медицинадағы «қосып жазу» пандемиясы
Медицинадағы «қосып жазу» пандемиясы
191
оқылды

Біраз емхана мен жеке клиника пандемияны пайда табуға пайдаланып жатқан көрі­неді. Олар бюджеттен және Әлеуметтік медсақтандыру қорынан көбірек қаржы алу үшін қосып жазады: өзіне тіркелген тұрғындарды ауырмаса да, ауру етеді, қағаз жү­­зінде әртүрлі ем-дом шарасын жасап, «құлан-таза айықтырады». Биылғы жар­ты­жыл­дықта қор медұйымдарда жарты миллионға жуық қосып жазуды анық­таған. ӘМСҚ бұл құбылыспен екі жылдан бері күресіп келеді. Жеңе алар емес.

Қосып жазудан қай өңірлер көш бастады?

Медсақтандыру қорының сарап­шылары мемлекет кепілдік бер­ген тегін медкөмектің көлемі (ТМККК) мен МӘМС жүйесі ая­сын­да көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен ауқымына мониторинг жүр­гізді. Нәтижесінде, 2021 жыл­дың 6 айында медициналық ұйым­дар түзген 486 мыңнан астам жөн­сіз­дікті анықтады. Яғни, емхана, ауру­хана және жеке клиникалар көр­сеткішті қолдан жасаудан аяқ тар­тудың орнына, қайта үдете түс­кен. Салыстыра кетсек, 2020 жыл­дың І жартысында бұл көрсеткіш 461 мыңды құрады. Яғни, ме­дұйым­­­дар қордың айыппұлмен жа­­залауынан қорықпайды. ӘМСҚ-тың бұл тетігі жұмыс істе­мей­ді де­ген сөз. Бұзушылықтардың басым бө­лі­гі, 74,4%-ы мамандардың халық­қа кеңес-консультациялық, диаг­нос­тикалық қызметтер көрсетуіне тие­сілі. Атап айтқанда, 67%-ында ме­дұйымдар көрсеткен көмегі мен қыз­меттерінің көлемін негізсіз асыра жазады. 16,4%-ында емдеу-диаг­ностикалық іс-шараларды көр­сету кезінде стандарттардан, ден­саулық сақтау саласындағы ере­желерден, клиникалық хатта­ма­лардан ауытқыған. 11,3%-ында ме­дициналық құжаттаманы дұрыс рәсімдемеген. Ұйымдар көрсеткен қызметін асыра жазумен шектелмейді. Осы жар­ты жыл ішінде тіпті көрсет­пе­ген қызметін «көрсеттік» деп жаз­ған 11,3 мыңнан астам расталмаған жағ­дай анықталды. Өңірлер арасында қосып жазу Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­ларын­­да және Жамбыл облысында бе­лең алған. Ең азы БҚО, Атырау, Қос­танай және Ақмола облыс­тарын­да тіркелді. Қор кезекті рет заң бұзушы барлық денсаулық сақтау субъек­тісіне айыппұл салды. Дегенмен дәл осы жөнсіздіктердің келесі жылы қайталанбасына еш кепіл жоқ. Себебі медициналық ұйымдар қордан тек нақты көрсеткен мед­қызметіне ғана мардымсыз ақы алғаннан гөрі көрсеткішті қолдан «қомпайтып», мол төлемге қол жеткізген-ді, егер қулығы ашылса, айыппұл төлеп құтылғанды жөн көреді. Негізі, емхана дәрігеріне ай бойы жазыла алмай, дер кезінде не медсақтандыру, не ТМККК ая­сын­да шұғыл көмек ала алмай, ақы­ры ақылы емделуге мәжбүр бол­ған қазақстандықтардың қап­таған шағымы медұйымдардың көр­кем көрсеткіштерін рас­тамайды. Қор дерегінше, биылғы жар­тыжылдықта медкөмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты халық шағымының легі артты: І тоқсанда ӘМСҚ-ға 2 599 шағым түссе, ІІ тоқсанда ол 4 мыңға жетті. Осылайша, 2021 жылдың бірінші жартысында барлығы 6,5 мыңдай арыз-шағым айтылған. Көбі мед­көмек көрсетуден бас тартумен (28%), медқызметтер сапасының нашарлығымен (26,3%), ақпа­рат­тық жүйеден көрсетілмеген қыз­меттердің әшкереленуімен (10,5%), көмекті ұзақ күтумен (7%), дәрімен қамтудан бас тар­тумен (6,6%) байланысты.

«Дамумедтен» талай «қызыққа» қанықты

Азаматтар күн сайын Damumed қосымшасында небір «сиқыр мен ғажайыпқа» куә болып жүр. Ақтөбе қаласының тұрғыны Динара И. өз емханасының түсініксіз тірлік­теріне таң. «Біздің «Медикус Центр» ем­ханасы қосып жазуға кіріскенге ұқсайды. Қайда шағымдана­ты­ным­ды білмеймін. Бас дәрігерге әл­денеше рет арыздандым. Отба­сымдағылардың бәріне қатысты бұзушылық болды. Әсіресе, төрт жасар қызыма қойған «диагнозы» жанға батты. «Дамумедке» сенсек, оның көзіне әлдебір ота жасапты. Карантин шектеулері күшейтіліп, емханалар жабылғанда балам скринингтен өтіпті. Адам сенбес ауру түрлерін ойлап тауып, ақылы клиникаларда біз бұған дейін білмеген сала мамандарына қа­ралуға жолдапты. Бұлардың бәрі жалған. Мұндай былық қашан ты­йылады?!» – дейді ол. Ақмолалық Гүлжанар Тасма­ғамбетова жаз бойы ауырғанын «Дамумед» қосымшасынан бір-ақ біледі. «Кеше «Дамумедке» мәртебем­ді тексеру үшін кіргенмін. Сонда Це­линоград аудандық емхана­сы­ның дәрігері мені тексеріп, қы­зуым­ның жоғары екенін, тамағым­ның ауыратынын, жөтел қысаты­нын «анықтағанын» білдім. Бұл деген КВИ белгілері емес пе? Шы­нында, ондай болған емес. Де­реу емханаға қоңырау шалып, қар­сылығымды білдірдім. Олар тү­зетуге уәде етті. Қосымшаға қай­та кіріп қарасам, «жөтелді» алып тастапты. Дәрігерге барып «Мұны­ңыз не?» деп сұрасам, дұрыс жауап бере алмады. Қызымның жазбасын тексердім, оған да «тұмауратты, жөтеледі» деп жазыпты. Балам ауырған емес», – дейді ол. Жалпы, медицина саласына бюд­жеттен аста-төк қаражат ба­ғыт­талған. Мұның сыртында қа­зақ­стан­дықтардың жалақысынан мол жарна қырқатын қор да салаға қар­жы тасқынын тоқтаусыз арын­датып жатыр. Нәтижесінде, меди­ци­налық ұйымдар осы теңге теңі­зінен түрлі тәсілмен мейлінше көбірек қара­жатты қарпып алуға құлшынады. 2021 жылы халыққа медкөмек көрсетуге 1,8 триллион теңге жұм­салмақ. Соның ішінде ТМККК аясында – 1,1 триллион теңге, МӘМС аясында 700 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде 1 363 медициналық ұйым соның 1,46 триллион теңге­сін игеріп үлгеріпті. Сонша сомаға халыққа медициналық қызмет көрсеткен. медицина Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының басқарма төр­ағасы Болат Төкежановтың ай­туын­ша, биыл МӘМС аясында қа­зақстандықтар мен шетелдік­терге көрсетілетін медқызмет түр­лері кеңейтілді. Осы жылдан амбу­латорлық-емханалық және ста­цио­­нарды алмастыратын көмек қол­жетімді. Ауылдық денсаулық сақ­тауды, скринингтік бағдар­ла­ма­ларды, мейірбикелік көмекті, пат­ронаждық қызметті қолдау көз­делген. Үлкен қаржы балалар ден­саулығын сақтауға бағытталады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалту, ЭКҰ және «Қамқорлық» квота­ларын ұлғайтуды қарастыратын «Аңсаған сәби» бағдарламаларын іске асыру қолға алынды. Қосымша 29,7 млрд теңге қаражат антена­талды бақылауды жүргізуге, 12 млрд теңге туғаннан 5 жасқа де­йінгі балаларға профилактикалық тексеру жүргізуге, ал 22,5 млрд теңге мектеп медицинасын дамы­туға бөлінді. Ендеше медұйымдардағы ниеті жаман, мақсаты қарау жандардың қиял-фантазиясы үшін де кең өріс ашылған.

Қор қосып жазумен қалай күреспек?

ӘМСҚ қосып жазулармен күрес жалғасатынына сендіреді. «Медұйымдар қызметінің қолжетімділігі мен сапасы – шарт­тық қатынастарымыздың маңызды бөлігі. Қор оның орындалуын та­лап етеді. Биылдан бастап проак­тив­ті мониторинг тәжірибесі енгі­зілді. Оған сәйкес, жыл қорытын­дысын күтпей-ақ шарттық мін­деттемелерді орындамау фактілері анықтала сала медұйымға міндетін тиісінше орындауға 45 күн беріледі. Егер бұзушылық мерзімінде жо­йылмаса, ұйымға айыппұл са­лынады», – дейді қордың Медици­налық көмек сапасын монито­рингілеу департаментінің дирек­торы Ләззат Шоманова. Тағы бір жаңашылдық: ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша медұйымдарға халыққа көрсеткен қызметтері үшін ақы осы қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізіл­геннен кейін ғана төленеді. Бұл ретте емхана, клиника, ауруханалар сырқатты емдеу кезінде медкөмек көрсету стандарттары мен ере­желерін, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың ұсынымдарын сақтағанын құжатпен растауы тиіс, сол факті бойынша қызметтерге ақы аударылады. Әйтпесе, кейбір сырқатқа «қо­лы сынды, рентгеннен өтті, лангет салынды» немесе «КТ-дан өтті» деген сияқты жазбалар жазылады. Шынында, не рентген, не КТ тү­сірілімі «Дамумедке» жүктелмейді. Әрине, алаяқтар мұның бәрін де қолдан жасай салмасына кепіл жоқ.

Жұмыла қимылдаса, жеңіске жетеді

Сондықтан қор халықты бір­лесе күресуге шақырды: егер аза­мат өзі алмаған қызметтің жазыл­ғанын анықтаса, 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қо­сымшасы арқылы хабарласқаны жөн. Бұған қоса, ӘМСҚ «жасырын пациент» акциясын жалғастырады. Оның аясында қор қызметкерлері медұйымдарға сырқат ретінде қоңырау шалып, емханалардың тіркеу мамандары мен медқыз­меткерлерінің сақтандыру жүйесі, МӘМС пен ТМККК-ге кіретін медқызметтер, көмек көрсету стан­дарттары туралы біліміне тек­серіс жүргізеді. Осындай жария етілмеген зерттеу қорытындысында Батыс Қазақстан (86%), Жамбыл (83%) және Шығыс Қазақстан (83%) облыстарының медицина қызмет­керлері біршама жоғары білім деңгейін паш еткені белгілі болды. Ал Маңғыстау және Атырау облыс­тарындағы сырқаттар аяуға тұ­рар­лық: бұл өңірлерде емханалардағы жағдай нашар екені анықталды (нәтижесі 68%). Аутсайдерлер үшті­гіне 69% көрсеткішімен Ақ­төбе облысы да кірді. Рас, мұндай мониторинг жазалау шараларын көздемейді, оны қор тек «қай өңір­дің медқызметкерлерін оқыту ке­рек?» деген сауалға жауап іздегенде ескеретін көрінеді. Әділін айту керек, бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде бар көрініс. Медсақтандыруды бізбен қатар дамытып жатқан Ресей осы кесірлі құбылыспен кү­ресіп келеді. Бізден айырмашы­лығы – солтүстік көршіде қосып жазуды тексерумен сақтандыру қоры емес, тергеу комитеті ай­налысады және қатаң жазалайды. Бізде тек айыппұл салынады. «Медұйымдар ақша әкелетін жазбаларды жасанды түрде гене­рациялауға көшті. Бұл ақша баса­тын станокты іске қосқанмен бір­дей. Қызмет көрсетпей-ақ жазба толтыру арқылы ақша ала алса, одан кім қашады?! Әсіресе, жоғары технологиялы медици­налық көмек саласында шығын қомақты. Онда 1,5-3 миллион рубльге дейін баратын қызмет түрлері бар. Бір ұйымда адамдарға медсақтандыру, жоғары техно­логиялы көмек және ақылы негізде қызмет көрсетілуі мүмкін. Ұйым бір қызметін осы үш жүйеге қатар сата салады. Тек Мәскеудің өзінде қосып жазу үлесі 28%-ға дейін жеткен», – дейді РФ пациенттерді қорғау лигасының президенті Александр Саверский. Ол медұйымдардың тағы бір қулығын айтты: мысалы, аппен­дицитті перитонит деп жазады, сырқаттар операция жасалса бол­ды, диагнозын тексере бермейді. Билік әрбір дәрігердің жанына тексеруші қоя алмайды. А.Савер­скийдің айтуынша, қосып жазумен тек халық болып күрессе, жеңуге болады. Өз атына басы артық диаг­ноз не медқызмет жазылғанын аңғарған барлық азамат қорға шағымданса, медұйымдар аяғын аңдап басатын болады. Батыс елдердің озық тәжірибесі осыны айғақтайды.

Айхан ШӘРІП