Ауылшаруашылық құрылымдарын сумен жабдықтау мәселесіне аз сын айтылып жүрген жоқ. Республикада су тапшылығы өз алдына, оған қоса осы саланың инфрақұрылымының да әбден тозығы жеткен. Соның кесірінен тасымалдау кезінде судың көп бөлігі рәсуа болып, зая кетіп жатқан жоқ па?
Аз судың өзі рәсуа болып жатыр
Қазақстан – Орта Азиядағы су тапшылығы жоғары мемлекет. Республикадағы жерүсті суларының жалпы қоры 100,5 текше метр құраса, оның 43,5 текше метр көлемі Ресейден, Қытайдан және аймақтағы көрші елдерден келеді. Осы тапшылыққа қарамастан ауыл шаруашылығы мақсатына бөлінген судың жартысына жуығы тасымалдау кезінде көпе-көрнеу ысырап болатыны күйіндіреді. Мұның басты себебі – каналдар мен ирригациялық жүйелердің тозуына байланысты. Сонымен бірге тарифтің төмендігі, инфрақұрылымды жаңартуға қажетті инвестицияның, білікті маманның аздығы бүгінгі жағдайға әкеліп отыр. Қазір ел ішіндегі су арналарының 60%-ның әбден тозығы жеткен. Су тасымалдау кезінде орасан көп көлемнің рәсуа болуының басты кінәраты да сонда. Сол себепті Үкімет алдағы 5 жыл ішінде ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын 120 арнаны қайта жаңарту жоспарын жасады. «Арналарды қалпына келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мәселен, 2019-2020 жылдары 1 734 шақырым су арнасы жөнделіп, 111,5 гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Биыл жыл соңына дейін 1 050 шақырым арнаны қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл 78 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жақында өткен Үкімет отырысында. Сондай-ақ бес жылда жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырым болатын 212 су арнасын цифрландыру ісі де көзделген. Аталған іс-шаралар жүзеге асырылғанда ол 2,2 текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік беретін көрінеді. Министрдің айтуынша, өткен жылы Түркістан облысындағы «К-19» магистральді каналын цифрландыру бойынша бірінші жоба сәтті жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде өңірдегі шаруашылықтарға 45%-дан астам су артық жіберілетіні анықталған. Сондай-ақ 2025 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақты 750 мың гектарға дейін жеткізу міндеті қойылды.Биыл Сырдария деңгейінің төмен түсіп кетуіне байланысты су тапшылығын өзен сағасында отырған Сыр жұртшылығы да қатты сезінеді. Бұл өзеннен Қызылорда облысының басқа өңірлері сияқты Жаңақорған ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері де су алады.
Бұдан бөлек, тоғыз өңірде жалпы көлемі 3,6 миллиард текше метр су жинайтын 39 қойма салу жоспарланған. «Су қоймаларын салу 20 елді мекенде (70 мың адам) су тасқыны қаупін азайтуға, 195 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында 20 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді Мағзұм Мырзағалиев. Айта кетейік, Түркістан облысында биыл Кеңсай–Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталды. Ал 2025 жылға дейін жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын су қоймаларын салу жоспарланған. Олар алты облыста бой көтеруі тиіс: Жамбыл – 3, БҚО – 2, Алматы – 1, Ақмола – 1, Қызылорда – 1, Түркістан – 1.Табиғи арналар да сарқылып барады
Биыл мамыр айының 13-18 күндері Экология министрлігі мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдерінен құралған арнайы комиссия бастауын Ақтөбе облысынан алып, Атырау облысының аумағына дейін жететін Ойыл өзенінің жай-күйін тексерген. Соның барысында Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандары аумағынан ағып өтетін Ойыл өзенінің бойында 57 гидротехникалық құрылыстың барын анықтады. Оның ішінде: республикалық меншіктегі – 8, коммуналдық меншіктегі – 3, иесіз бөгеттер – 34, көпір немесе көтерме жол – 5, тазартуды қажет ететін бұлақ саны – 7. Бөгеттер өзен арнасында Кеңес Одағы кезінде салынған, тозығы жеткен. Бұл өз кезегінде судың еркін өтуіне кедергі келтіріп, өзеннің төменгі аймағындағы елді мекендерді судан тарықтырып қойған. Қазір осы бөгеттер бұзылып, өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Жайық–Каспий бассейндік инспекциясы Ойыл және Жем өзендерінің гидрологиялық ахуалын оңалтуға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті. Сондай-ақ биыл Сырдария деңгейінің төмен түсіп кетуіне байланысты су тапшылығын өзен сағасында отырған Сыр жұртшылығы да қатты сезінеді. Бұл өзеннен Қызылорда облысының басқа өңірлері сияқты Жаңақорған ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері де су алады. «Биыл Сумағар арнасы мен Келінтөбе арнасының сағасын тазартуға аудандық бюджеттен 28 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Қыркеңсе ауылдық округіндегі Р-23, Түгіскендегі бір арна және Келінтөбедегі 3 арна осы аудандық бюджет есебінен тазаланбақшы», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев. Жалпы, биыл ауданда 36 мың 500 гектарға егін егілсе, оның 7 мың 300 гектары – күріш. Сондай-ақ 6 елді мекенге секундына 500 литр су айдайтын 8 су сорғы құрылғысы сатып алынатын болды. Осылайша, жаңақорғандықтар аз суды тиімді пайдаланудың қам-қарекетіне кіріскен.Жамбыл облысында арналар жаңғыртылады
Биыл Тараз қаласының басшылығы шаһарды сумен жабдықтауға кедергі келтіріп тұрған ғимараттар мен үй-жайларды сүріп тастауды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, әкімдік су арнасы ағысы бойындағы заңсыз құрылыстарды 2012 жыл-ақ сыруға ниеттенген. Тіпті, қалалық арна аумағындағы мүліктерді қаттап, үй-жай иелерінің құқық иелену құжаттарын рәсімдеуді қолға алған. Бұл жұмыстардан кейін су арнасы бойындағы құрылыстарды сыру, ал үй-жай иелері қарсылық білдірген жағдайда оларды сотқа беру шаралары жүргізілуі тиіс еді. Бірақ белгісіз себептермен бұл процесс тоқтап қалды, керісінше осы жылдары су арнасы бойында көптеген жаңа нысан бой көтеріп үлгерді. Дегенмен Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев биылдан бастап өзен мен қалалық су арнасы бойындағы каналды тазартуға, суландыру жүйесін жетілдіруге кедергі келтірілетін барлық заңсыз құрылыстар сырылатынын мәлімдеді. Қалалық ТЖ бас маманы, азаматтық қорғаныс майоры Арман Смайловтың айтуынша, облыс орталығында жалпы ұзындығы 82,55 шақырым болатын 8 су арнасы бар. Оларды тазарту, жарамсыз болған жағдайда бетон лотоктарын ауыстыру үшін су арналары мен магистральға техника еркін бара алатындай 6 метрлік ашық кеңістік болуы тиіс. Ал сырылуға тиісті құрылыстарда бұл талаптар сақталмаған, олар өзен жағасына тіреліп тұрған көрінеді.Трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану қажет
Жақында Душанбе қаласында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев пен Тәжікстан Республикасының Энергетика және су шаруашылығы министрі Д.Джума кездесіп, тараптар екі елдің су шаруашылығының мәселелерін талқылады. Қол жеткізген келісім бойынша Тәжікстан Бахри-Точик су қоймасынан «Достық» су арнасының қазақстандық бөлігіне су беру көлемін 80 м3/с-нан 100 м3/с-қа дейін ұлғайтты. Бұл суармалы су тапшылығы уақытында вегетация кезеңі қалыпты жағдайда өтуіне мүмкіндік беріп, Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарында жыл сайын қайталанатын су тапшылығының алдын алды. Бұған дейін «Достық» магистральді арнасы арқылы келетін ағын су жеткіліксіз болған жағдайда ол мөлшер аталған аудандарға «Шардара» су қоймасынан машиналық әдіспен берілетін. «Біз қазір судың аз циклындамыз. Сол себептен осы екі ауданға да жеткілікті мөлшерде ағын судың берілуін қамтамасыз ету үшін оны тиімді әрі үнемді пайдалануымыз қажет. «Достық» магистральді су арнасының ағын суы жеткіліксіз болған жағдайда «Машиналық әдіспен су көтеру» каналын қосу туралы шешімді алдағы күндері түпкілікті қабылдайтын боламыз»,– деді Экология вице-министрі Серік Қожаниязов. Сондай-ақ Қазақстан жағы Қырғыз Республикасының басшылығымен болған кездесуде Тоқтоғұл су қоймасынан Сырдария өзенінің арнасына маусым-тамыз айларында 330 млн м3 су көлемінде қосымша су жіберу туралы келісімге келген. Оған қоса, Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен трансшекаралық су ресурстарды бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.Дәулет АСАУ