Жамаубаев Президент мораторийін тоқтатпақ
Жамаубаев Президент мораторийін тоқтатпақ
100
оқылды

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бастамашылдық танытамын деп бизнесмендердің қаһарына ұшырады. Оның Үкімет отырысында ұсынған жаңа идеясын сынамаған шағын кәсіпкер қалмады деуге болады. Сон­дай-ақ «Атамекен» ұлттық палатасы да, бизнес-омбудсмен де бас қаржыгер бастамасын қатаң сынға алып, «ақылға сыймайтын ұсыныс» деп бағалады. Бірақ Қаржы министрінің де шегінерге жолы жоқ. Үкімет одан бюджетті салықпен толтыруды талап етіп отыр.

Министрдің көздегені не?

Ел Президенті 1 қыркүйектегі жаңа Жол­дауында Үкіметтен Ұлттық қордың қара­жатын шығындауын тыюды талап етті. Өйткені шенеуніктер бюджеттік мін­деттемелерді орындау үшін бюджет тап­шы­лығын ұлғайтып, Ұлттық қордан алы­натын трансферттерді арттырды. Осы­лайша, «ауырдың үстімен, жеңілдің асты­мен» жүруге жаман үйренді. Ал ҰҚ-ның активтері, елдің қаржылық орнық­ты­лық қоры шексіз емес. Сондықтан Қаржы министрлігіне бюд­жеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау жүктелді. Бұл ретте мемлекет Ұлт­тық қордың активтерін қалпына кел­тіру және оны үнемдеу режиміне көшеді. Осы­ны қарастыратын заңнамалық өз­геріс­терді ел Парламенті жыл соңына дейін қабылдайтын болады. Алайда Ұлттық қордың «қоймалары» тарс жабылса, бюджеттің өз қаражаты мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға жетпеуі мүмкін. Себебі ел қа­зы­насына түсетін кірістер одан шығатын шы­ғыстардан әлдеқайда аз. Атап айтқан­да, республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы – 9,2 триллион, 2023 жылы – 9,7 триллион, 2024 жылы 10,4 триллион тең­ге ғана. Ал шы­ғыстары 2022 жылы – 15,9 триллион, 2023 жылы – 15,6 триллион жә­не 2024 жылы 16 триллион теңгеден аса­ды деп жос­парланған. Демек, бас қаржыгердің командасына бюд­жетті толтыратын жаңа қаржы көз­де­рін іздеуге тура келмек. Мұндай көздер – дәстүрлі түрде салықтар, айыппұлдар жә­не өсімпұлдар. Алайда елімізде 2020 жы­лы енгізілген 3 жылдық мораторий нә­ти­жесінде кәсіпкерліктің үлкен бөлігі – шағын және микробизнес тексеруден, про­филактикалық бақылаудан және қа­да­ғалаудан босатылды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір 1 384 120 кә­сіпкерлік субъектісі бар. Оларға салық­шы­лар айыппұл сала алмайды. Бұған қоса, шамамен 1,2 миллион салық төлеуші 3 жыл бойы табыс салығын төлеуден босатылды. Тиісінше, бюджет осы кезеңде 380 миллиард теңгеден астам қаржыдан қағылады. Ақыры Қаржы министрі ойлана келе, шағын және орта бизнесті тексеруге былтыр Президент енгізген мораторийді ішінара жоюды ұсынды. Ерұлан Жамау­баев өз ведомствосының мүдделі мемор­гандармен бірлесіп, көлеңкелі экономи­каға қарсы тұруға бағытталған іс-шаралар жоспарын іске асырып жатқанын жеткізді. – Мәселен, 2021-2022 жылдарға арнал­ған бюджет кірістерін ұлғайту жөніндегі шаралар қатарында мыналар бар: шекара­дағы көлеңкелі экономикаға және заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл жө­нін­дегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырыл­ады. Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі жетілдіріледі. Цифрлық шешімдерді енгізе отырып, кедендік ин­фра­құрылым жаңғыртылады. Ірі бизнеске көлденең мониторинг жүргізудің пилот­тық жобасы кеңейтіледі. Шетелдік салық әкімшіліктерімен өзара іс-қимыл күшей­тіледі. Микро және шағын бизнеске тек­серу жүргізуге мораторийдің күшін жою мәселесі қаралады, – деді бас қаржыгер. Оның дәйектеуінше, жосықсыз ша­ғын-ұсақ кәсіпкерлер бұл мораторийді жазадан құтылу үшін пайдаланып жатыр. Олар заң бұзып, бассыз кетті. Тіпті, салы­ғын тұрақты төлеуден жалтарады екен.

Тәртіп емес, табыс төмендеді

Пандемия кезінде мемлекет қазынасы біраз босап қалды. Алайда осы кезеңде шағын және ұсақ бизнес те қоң жиып үлгерген жоқ. Сондықтан Үкімет мүшесі­нің бұл ұсынысы қоғам тарапынан қолдау таппады. Өткен жылы 20 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысаны дәрменсіз жағ­дайға жетіп, жабылып тынған. Қалған­дарының көбісі тиынды тиынға жалғап, әзер күн көріп жатыр. Шенеуніктер олар­дың қызметіне шектеулер енгізді, Ashyq қосылмағанының ашылуына жол бермей отыр. Вакцина салғызбаған қызметкер­лерін шеттетуге мәжбүр кәсіпорындар мен ұйымдар толық қуатында жұмыс істей алмай жатыр. Бұларға санитайзер, тепло­визор, бетперде сатып алу, үнемі дезин­фекция жүргізу секілді қаптаған жаңа шығындар қосылды. Бұл ретте олар салы­ғын, әлеуметтік аударымдары мен жар­наларын төлеуге міндетті. Бұған тексерулер, бақылаулар мен қа­да­ғалаулар қосылса, бизнестің омырт­қа­сын опырып кетуі ғажап емес. «Атамекен» ҰКП төралқасының мү­ше­сі, кәсіпкер Максим Барышевтың пікірін­ше, шағын бизнес бюджеттің доноры бол­мауы тиіс, оның миссиясы басқа: ол елде әлеуметтік кернеуді босаң­сытуға жауап береді. Ол «Министр осы бастамасымен «локдаун кезінде жүрелеп қалған бизнесті түбегейлі жайратып таста­ғысы келе ме?» деген сауал тастады. Биз­нес­мен салықтың азаюына кәсіпкерлердің жауапкершілігі мен тәртібінің төмендеуі емес, пандемияның ықпал еткенін ескертті. мораторий «Карантин жалғасқанына қарамастан, Үкімет 2021 жылы бизнесті қосымша қолдауды тоқтатты. Яғни, кәсіпкерлік күйзеліп, жиналатын салық азая бермек. Енді салықты көбірек жию үшін бизнесті тексерушілер сілкілеуге кіріспек. Мұны әрине, қолдауға болмайды. Санитарлық дәрігер қаулыларымен демалыс күндері локдаун енгізілді, жұмыс күндерінде жұмыс уақыты шектелді. Бизнес шектеу­лер кесірінен өз сатылымының 70%-ын жоғалтты. Салықтар да осыншаға азайды. Ендеше Президенттің сарабдал шешімі сақталғаны жөн. Ол алда бизнестің еңсе тіктеуіне және көбірек салық төлей бас­тауы­на көмектеседі», – деді М.Барышев. Оның дерегінше, Президент кәсіпкер­лерді барып тексеруге ғана мораторий жариялады. Сол себепті Қаржы министр­лігі өзге тексерулерін жалғастыруда және оны шынайы уақыт режимінде өткізеді: барлық операция деректерді онлайн жолдайтын бақылау-кассалық машина­лар, электронды шот-фактура, камералды бақылау арқылы жүргізіледі.

Бизнес «шықпа жаным, шықпа» жағдайында

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов талқыға түскен бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына да, саясатына да қайшы келеді деген пікірде. «Мораторийді жою – ақылға сыймай­тын іс. Ол меморгандарды бизнестің қыз­метіне араласуынан қорғайтын пәрменді шара. Өкінішке қарай, шенеуніктер Пре­зиденттің мораторийді енгізген Жарлы­ғының аясынан алып тастауға жататын ерекшеліктер тізбесін кеңейту талаптарын тоқтатар емес. Салық орган­дары онсыз да қарсы тексерулерді, тақы­рып­тық салық­тық тексерулерді, ірі бизнеске және жер қойнауын пайдалану­шыларға тексерулерді сақтап қалды. Ал Қаржы министрлігінің жаңа бастамасы кәсіпкерлікке түсетін жүк­теменің едәуір артуына алып келуі мүмкін», – деді биз­нес-омбудсмен. Оның айтуынша, «кәсіпкерлер табы­сын жасырып отырған жоқ»: олардың аз салық төлеуі – табысының төмендеуімен, ал табысының төмендеуі – халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуімен байланысты. Демек, министрдің бюджет түсімінің қысқаруын «пандемияда кәсіп­керлердің кассалық тәртібінің төмен­дігімен байланыстыруы» дұрыс емес. «Шағын бизнес онсыз да «шықпа жаным, шықпа» деп отыр. Ресми статис­тика бойынша, 1,3 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектісінің 99,8%-ы шағын кәсіпкерлік. Мораторий жойылғанда салына бастайтын кез келген айыппұл санкциялары олар үшін зор ауырт­палыққа айналады. Бұл олардың қызметкерлерін қысқартуына, жалақыны төмендетуіне әкелуі мүмкін. Тағы көлең­келі экономиканың артуына жол береміз. Қазіргі жағдайда әлеуметтік шиеленісті күшейтетін және микро, шағын кәсіп­керлік нысандарының жабылуына соқтыратын танымал емес әдістерге жол беруге болмайды», – деген омбудсмен Үкімет басшысына бұл бастаманы тоқтату туралы ұсыныс жолдағанын мәлім етті. Шағын кәсіпкер Руслан Әміров шенділердің бұл идеясы зиян дейді. «Кәсіпкерлер тек өзі мен отбасын ғана емес, қаншама жалдамалы жұмыскерді жұмыс беріп, асырап отыр. Салықшылар бизнесті күйретсе, қаптаған жұмыссыздар армиясын мемлекеттің өзіне асырауға тура келетінін түсінбейді. Барлық микро және шағын кәсіпкер салық төлемей қойса, сондай шетін шараға баруға болар еді. Алайда заң бұзған бірлі-жарымы үшін мораторийді жоюға бола ма? Бәріміздің мойнымызда кредит бар, олар бойынша төлемді бір кешіктірсең, банктер айыппұл мен өсімпұлдың астында қалдырады. Бір-екі жыл шыдай тұрсақ, дағдарыс та кетер деп әзер жүрміз», – дейді ол. Айта кету керек, министр Ерұлан Жамау­баев үшжылдық мораторийді тек «адал емес кәсіпкерлер» үшін ғана жоюды ұсынған болатын. Өз ісіне адалдарына оның қатысы болмайтын көрінеді. Бірақ бизнесмендер ісі де, ниеті де таза кәсіп­керге салықшылар тиіспейді дегенге сенбейді. Себебі кез келген бизнес нысанын тексеру үшін әлдебір азамат соған қарсы шағым жазса, жеткілікті. Бұл ретте арызданушының ол компания клиенті болуы да шарт емес. Салдарынан бақылаушы-қадағалаушы органдардың төл «кезекші шағымшылары» пайда бол­ғаны жасырын емес. Бұл кесірлі тәжіри­беге Президент мораторийі тоқтау салды. «Штаттан тыс» шағымшылардың қыз­метіне деген қажеттілік жойылды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы­ның орынбасары Шыңғыс Темір тексерулер қайта жанданғанның өзінде олардың тиімділік әкелеріне күмәнданады. Оның мәліметінше, 2020 жылы бүкіл жеке кәсіпкерлік нысандарына барлық бақылаушы орган 22 266 тексеріс жүргізіп­ті. Бұл субъектілердің бәріне дерлік күдік келтірілгенімен, ақыр соңында 12 173-інен немесе 55%-ынан бұзушылық табыл­ған. Мораторий енгізілгенге дейін, 2019 жылы 119 949 тексеріс ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде, 55 061-інен немесе 46%-ынан жөнсіздік анықталған. Олай болса, жағдай күрт нашарлады деуге негіз жоғы аңғарылады.

Айхан ШӘРІП