Ауыл тұрғындары жарылғыш зат сақталған қойманы ауыл іргесінен көшіруді талап етіп отыр
Ауыл тұрғындары жарылғыш зат сақталған қойманы ауыл іргесінен көшіруді талап етіп отыр
Фото: КТК арнасының сюжетінен скриншот
140
оқылды

Өйткені қауіпті аймақ үйлеріне қол созым жерде орналасқан. Жамбылдағыдай жағдай қайталанса, түгіміз қалмайды деп үрейленеді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Ал құзырлы орган өкілдері қоймалардан еш қауіп жоқ деп отыр. Жамбыл облысындағы жарылыстан соң Ақтөбе іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындарынан маза қашқан. Үйінің дәл түбіндегі жарылғыш зат сақталған қоймаға қарап үрейленеді. Қауіпті аймақ пен ауыл арасы небәрі –150-200 метр. Жарылыс болса қашып шықпақ түгілі, орнымыздан тұрып үлгермейміз деп шошып отыр.

Ақжар ауылының тұрғыны Жәрдем Қазтуғанов: «Үрейдеміз. Арыста, Таразда болған оқиға тағы қайталанса, сан соғып қаламыз. Ішінде бұрыннан қалған жарылғыш заттар болуы мүмкін. Тротил болса, соның өзі де жетеді. Ол мерзімі өткеннен кейін өзінен-өзі от алып атылады», – деді.

Ақжар ауылының тұрғыны Ғани Дәрібаев: «Тексеріп бізге жауабын берсе, «дұрыс», «дұрыс емес» деп, бар-жоғын айтып. Сұрайтынымыз сол. Мына халық бар, балалар бар. Кешегі жарылыстан кейін бәріміз қорқамыз», – деді. Тұрғындар үйінің іргесінде жарылғыш заттың сақталғанын қаламайды. Сондықтан тексеріп қана қоймай, қойманы толық көшірсін деп талап қойып отыр. Тікенек сыммен қоршалған аумақ Ақжар ауылының іргесіне тиіп тұр. Қоршаудан ары қарай өту қауіпті екені туралы әр жерге ескерту тақшайлары ілінген. Ал аймақ «Казпромгеофизика» АҚ-қа тиесілі. Құзырлы органдар қоймаға былтыр тексеру жүргізгенін айтады. «Ауылға еш қауіп жоқ» деп отыр. Бұл жерде әскери оқ-дәрі емес, өндірістік жарылғыш зат сақталады екен. Оны мұнай-газ кен орындарына қолданады.

Ақтөбе облысы өндірістік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары Самат Тәждәулетов: «Бұл Қорғаныс министрлігіне қарайтын нысан емес. Бір зарядтың көлемі екі жарым тонна болса да, ауылға қауіп төндірмейді. Күзеті бар. Қауіпсіздік шараларын сақтаса, еш қауіп болмайды. Мұнда өндірістік жарылғыш заттар ғана бар», – деді.

Қойма өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері бар. Кезінде қауіпсіздік комитетіндегілер әкімдікке бұл маңнан үй салуға ешқандай жер бермеу туралы өтініш те айтқан екен. Бірақ оны ешкім елемеген. Ал енді қойманы көшіру туралы шешім қабылдауға ойланып отыр.