Қазақстандағы атышулы жемқорлық істер: мемлекетке ірі шығын келтірген кім?
Қазақстандағы атышулы жемқорлық істер: мемлекетке ірі шығын келтірген кім?
Коллаж: А.Ахметқазы
321
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2020 жылдың тоғыз айында 2 140 қылмыс тіркелген. 2019 жылмен салыстырғанда ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 15%-ға өсті. Aikyn.kz Қазақстандағы ірі жемқорлық істерін тізіп, мемлекетке ауыр шығын келтіргендерді жазды.

"Астана ЭКСПО" ісі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, "Астана ЭКСПО-2017" компаниясынан 10 миллиард 200 миллион теңге ұрланған. Қылмыстық іс бойынша 23 адам айыпталды. "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" акционерлік қоғамының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевқа "аса ірі мөлшерде пара алу" және "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру" айыбы тағылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмысқа қатысқан 12 айыпталушы кінәсін мойындады. Олар 2-3 жыл мерзімінде бас бостандығынан айырылды. [caption id="attachment_159987" align="aligncenter" width="800"]Талғат Ермегияев Талғат Ермегияев сот залында. Фото: Тengrinews.kz/ Тұраұ Қазанғапов[/caption]

Astana LRT ісі

Astana LRT жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңгені талан-таражға салды деген жеті адам сотталды, тағы екі адамға халықаралық іздеу жарияланды. Сот үкімі бойынша:
  • Нұр-Сұлтан қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы жетекшісі Рашид Аманжолов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
  • Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы, бұрынғы депутат Жанат Нұрпейісов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бес жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды.
  • Astana Innovations компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшімге 7 жыл түрме жазасы берілді;
  • Еншілес компания өкілі Ұлықбек Ачилов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекетке 642 мың теңге төлеуге міндеттелді;
  • Еншілес компания өкілі Тимур Қасабаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны мемлекетке 574 мың теңге төлеуге міндеттеді;
  • Еншілес компания өкілі Дулат Мүсенов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекет қазынасына 649 мың теңге төлеуге тиіс;
  • Еншілес компания өкілі Дәурен Әбдіхамитов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекетке 15 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Оларға "ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету" және "өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау" баптары бойынша айыптар тағылған еді. Жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі "ақша жымқыру схемасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырған" деп мәлімдеген еді. Оларға халықаралық іздеу жарияланған. Шенеуніктер кәсіпкерлермен бірге жоба құнын жасанды түрде қымбаттатып, жалған кәсіпорындардың көмегімен миллиард теңгені қағаз ақшаға айналдырған. [caption id="attachment_159957" align="aligncenter" width="800"]Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков. Фото: Іnform.kz[/caption]

БЖЗҚ ісі

2016 жылғы 6 қазанда "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ қор биржасында (KASE) 5 млрд теңгеге "Бұзғұл Аурум" ЖШС-нің 500 мың құнды қағазын сатып алған. Алайда БЖЗҚ-ның қатерлер департаменті бұл келісімнен бас тартуға кеңес берген. Бірақ БЖЗҚ басшылығы ескертуді елемеген. Себебі, тергеушілердің болжамынша, "Бұзғұл Аурум" ЖШС басшылары БЖЗҚ-ның лауазымды тұлғаларына 700 мың доллар көлемінде пара берген. Қылмыстық іс бойынша 6 адам айыпталды. Сот БЖЗҚ-ның экс-басшысы Руслан Ерденаевты «аса ірі көлемде өзгенің мүлкін иемдену немесе талан- таражға салу» және «аса ірі көлемде пара алғаны» үшін 12 жылға бас бостандығынан айырды. Одан 400 мың доллар (132 миллион теңге) тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. БЖЗҚ бастығының бұрынғы орынбасары Дабыт Медетбеков 11 жылға сотталып, одан  98 миллион теңге тәркіленді. Қордағы департамент басшысы Мұса Бахтов 7 жылға,  "Бұзгұл Аурум" ЖШС-нің экс-басшылары Бақытжан Кенжебаев 8 жылға, ал Азат Найзағарин 7 жылға сотталды. "МегаТрансАзия" ЖШС директорының орынбасары Талғас Тұртаев бір жылға сотталып, амнистиямен сот залынан босап шықты. [caption id="attachment_159981" align="aligncenter" width="809"]Руслан Ерденаев Руслан Ерденаев. Фото: КТК кадры[/caption]

"Астана" халықаралық әуежайы" ісі

Әуежайдың бас есепшісі мен қызметкерлері 2016-2019 жылдар аралығында жалған шарттар мен құжаттар жасап, 33 заңды тұлға мен жеке кәсіпкерлердің шотына 1 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударған. Қылмыстық іс бойынша 7 адам айыпталды. Сот әуежайдың бас есепшісі А. Бабашеваны 11 жылға бас бостандығынан айырды. Оған ұрлық жасауға көмектескені үшін орынбасары З.Палманова, бухгалтерлер Б.Баяндина, Б.Үзденбаева, С.Елубаева, «Билдинг НК» ЖШС директоры М.Сейітова 7 жылға, жұбайы Е.Бабашев 8 жылға сотталды. Тергеу барысында бұғатталған 20 объект, атап айтқанда үйлер, пәтерлер, жер учаскелері және жалпы құны 312,2 миллион теңгенің бес автокөлігі мен 40,5 миллион теңге қаражат келтірілген шығынның орнын толтыруға аударылды. [caption id="attachment_159970" align="aligncenter" width="883"]әуежай Фото: Іnastana.kz.[/caption]

"Қазақстан инжиниринг" ісі

2017 жылдың желтоқсанында "Қазақстан инжиниринг" басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтің 1 миллиард теңгеден астам пара алғаны дәлелденіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен бірге өмір бойына мемлекеттік қызметке тұруға тыйым салынған. Сол кезде Қанат Сұлтанбековпен бірге тағы 8 адам сотталды. Оның ішінде кәсіпкерлер мен Қорғаныс министрлігінің экс-қызметкерлері де бар. Алайда 2 айдан соң, яғни 2018 жылдың ақпанында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қанат Сұлтанбековтің апелляциялық шағымын қарап, 10 жыл жазасын 2,1 миллиард теңгеден астам айыппұлға ауыстырды. [caption id="attachment_159959" align="aligncenter" width="686"]Қанат Сұлтанбеков сот залында Қанат Сұлтанбеков сот залында. Видео скриншоты[/caption]