Ауылдардағы мәселелер бір-біріне ұқсас
Ауылдардағы мәселелер бір-біріне ұқсас
321
оқылды

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылы­ның әкімі болып сайланған Еркебұлан Жәнібек ауылдың бү­гінгі тыныс-тіршілігі, түйткілді мәселесі көп екенін айтады. «Nur Otan» партиясы атынан сайланған әкім «ауылды дамыту – басты назарда» дейді.

– Осыған дейін қандай қызмет ат­қар­дыңыз? – Ақшұқыр ауылы маған бей­та­ныс жер емес. Бұған дейін жер­гілікті ауыл әкімдігінде бас ма­ман­нан әкім орынбасарына дейін қыз­мет атқардым. Қалалық, об­лыс­тық әкімдіктерде жұмыс істе­дім. Жалпы, он жылдан астам жұ­мыс өтілім бар. Соның жеті жыл­дан астамы мемлекеттік қызметте өт­ті. Сайлауға түскенде Сайын Ша­­­пағатов ауылдық округі әкі­мінің орынбасары едім. Негізгі ма­мандығым – мемлекеттік және жер­гілікті басқару, екіншісі – құ­қық­тану. Оқуды бітіргеннен кейін ма­мандығым бойынша жұмысқа ор­наластым. – Ауылды көркейту мақсатында қан­дай жоспарларыңыз бар? – Республикамыздың 40 пайыз­дан астам халқы ауылдық жер­лерде тұрады. Мемлекетіміздің де негізгі бағыттарының бірі – ауыл­дарды дамыту. Сайлауға түс­кен­дегі мақсатым – осыған дейін жинаған білім-тәжірибемді, қа­рым-қабілетімді қолдана отырып, ауыл­дың әл-ауқатын арттыру. Ақ­шұқыр ауылы – облыс орталығы Ақ­тау қаласына жақын орналасқан, даму деңгейі қарқынды ауыл­дар­дың бірі. Күн санап өсіп келе жа­тыр. Осы тұста бір ауылдың тұр­ғын­­­­дарына бірдей жағдай жасау – маңызды іс. Ең әуелі ауылдың инф­­­­рақұрылымдық мәселелерін ше­шіп, күнделікті санитарлық та­за­лығын қамтамасыз етуіміз керек. Өзіңіз білетіндей, Ақшұқыр ауылы Кас­пий теңізін жағалай орналас­қан, сондықтан да осыны ұтымды пай­даланып, жағажай инф­ра­құры­лы­мын жаңартып, ыңғайлы орта құру керек. Сонымен қатар көгал­дан­дыруды да қатар жүргізіп, бала­лар ойын алаңдары мен спорт алаң­­дарын көптеп салуды жос­пар­лап отырмыз. Осыған дейін ауыл­дың бірнеше көшесіне асфальт жол салынды. Енді жаяу жүргіншілердің де жағдайын жасау үшін орталық көшелерге тротуар салуды қолға аламыз. Көше жарықтарын бірте-бір­те жарық диодты шамдарға ауыс­тырып, үнемделген қаржыға қо­сымша шамдар орнатып кө­ше­лерді ұлттық нақышта безендіруді жоспарлап отырмыз. – Ауыл әкімінің сайлауы елімізде қан­дай өзгерістерге жол ашады деп ойлайсыз? – Президентіміздің тапсыр­ма­сына сәйкес, елімізде нақты саяси ре­формалар жүргізіліп жатыр. Со­ның айқын көрінісі — ауыл әкім­дері­нің тікелей сайлауы. Халық өз қалауын білдіріп, қалаған әкімін сайлауға қол жеткізді. Осы арқылы өздерінің ұсынысын айтып, ауыл­ды бірлесе дамытуға мүмкіндік ал­ды, осы процестердің нақты қа­т­ысу­шысы екенін сезінді. Ауыл әкімі болып сайланғаннан соң әлеуметтік мекемелерді, басқа да кә­сіпорындардың жұмысымен та­нысып, жұмысшыларымен кез­де­сіп, ауылдағы мәселелер туралы сөйлестік. Сайлауалды бағдар­ла­мам­да көрсетілген қауіпсіздік шара­лары бойынша қазір жолда бейнебақылау камераларын орнату сияқты жұмыстарды бастап кеттік. – Ауылда қанша халық тұрады? Тұр­ғындар ауызсумен толық қам­тыл­ған ба? – Ақшұқыр ауылында бүгінде 12 705 тұрғын, 2 300 үй бар. Ауыл ауыз­сумен қамтылған. Оның не­гіз­гі бөлігі орталық құбыр арқылы, аз бөлігі тасымал арқылы келеді. Қо­сымша бөлінген учаскелерді ауыз­су құбырымен қамтуға жоба жа­сақталып жатыр. – Ауылдағы негізгі жұмыс көзі қан­дай? Ауыл тұрғындарының жұ­мыс­пен қамтылуы туралы айтсаңыз? – Негізі, барлық ауылдағы мә­се­лелер бір-біріне ұқсас. Оған күн­­де­лікті тіршілік көздерімен қам­­тамасыз ету, тұрғын үй шаруа­шы­лығының мәселелері кіреді. Ауыл­дағы ең басты мәселенің бірі – жұ­мыспен қамту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу. Осы тұста жеке және шағын кәсіпкерлікті дамыту, ая­сын кеңейту маңызға ие. Кәсіп­керлерге барлық мемлекеттік бағ­дарламаны түсіндіріп, кәсібін да­мыту арқылы жаңадан жұмыс орын­дарын құруға көмектесуіміз қа­жет. Сонымен қатар үй шаруа­шы­лығындағы тұрғындардың үле­сін арттырып, өз-өзін жұмыспен қам­тығандардың санын көбей­туі­міз керек. Ауылдағы негізгі жұмыс орын­дары – әлеу­меттік нысандар, мектептер мен ба­лабақшалар. Ақ­шұқыр ауылы облыс орталығына жа­қын орна­лас­қандықтан, тұр­ғын­дардың басым көп­шілігі қалаға қа­тынап жұмыс іс­тейді. Өндірісте вах­талық әдіспен жұм­ыс істей­тін­дер де бар. – Өңірдегі қуаңшылыққа бай­ла­ныс­ты ауылда қандай жұмыстар ат­қарылып жатыр? – Ауылымызда қуаңшылыққа бай­ланысты бірқатар жұмыс ат­қары­лып жатыр. Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерек­қо­рына сәйкес, ауылда тіркелген мал басына 424 мүйізді ірі қара, 10 243 ұсақ мал, 1 947 жылқы, 1 311 түйе кіреді. Ауылдағы мал басын тү­­­гендеу үшін комиссия құрылып, бар­лық тіркелген шаруа қожалығы мен жеке үй шаруашылығындағы мал саны нақтыланды. Нәтиже­сін­де, 22 шаруа қожалығы және 203 жеке үй шаруашылығының құжат­тары Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сына тапсырылып, тиісті қара­жат­тары мал иелерінің есеп­шотына аударылып жатыр. Аналық мал ба­сын сақтап қалуға шаруа қо­жа­лық­тарына 17 миллион тең­геге жуық, жеке үй шаруашылығына да осыншаға жуық қаражат бөлінді. Тір­келген малы бар тұрғындарға бас­қа өңірлерден жеңілдетілген ба­­ғамен 4 047 түк, 179 орама шөп және 47 тонна арпа сатылды. Сонымен қатар 1 300 теңгеден 14 653 түк, 16 000-17 000 теңгеден 1 200 орама шөп, келісі 120-140 тең­геден 43 тонна арпа сатушы ба­ға­сымен сатылды. Басқа өңір­лерден ауылға 11 вагон тегін шөп жеткізілді, барлығы 3 200 түк, 40 орама. Ауыл белсенділері тіркелген малы бар тұрғындарға теңдей үлес­тірді. Осы уақытқа дейін ауылға бар­лығы 868 тонна жемшөп жет­кі­зілді. Ақшұқыр ауылына оператор бо­лып «Байболат» шаруа қожа­лы­ғы тағайындалды. 35 000 түк (595 тонна) шөп қорын қалыптастыруға міндеттелді, шөп сақтайтын орын дайын. Мал иелеріне ауылға келген жем­шөптен қыстап шығуға мүм­кіндігінше қор жасап алу керегі де айтылып жатыр. – Ауылда эпидемиологиялық ахуал қалай? Тұрғындар вакцина алу­да белсенді ме? – Індеттен қорғау, таралуын те­жеу мақсатында ауылда рейдтік ша­ралар үнемі жүргізіледі. Кә­сіп­керлік нысандарға да мониторинг тоқ­таған емес. Тиісті нысандар «Ашық» жүйесіне енгізілді. Коро­на­вирусқа қарсы екпе жұмыстары да бақылауда, егілуі тиіс тұр­ғын­дар­дың 40 пайызға жуығы вакцина алды. Оның ішінде мектеп мұға­лім­дері толықтай вакцина алғанын ай­тып өту керек. Әлі де ауыл тұр­ғын­дарының вакцина алу бел­сен­ділігі төмен. Вирустан қорғанудың бірден-бір жолы вакцина екенін, оның тиімділігін тұрғындарға тү­сін­діру жұмыстары жалғасып жа­тыр.

Сұхбаттасқан Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы