Солтүстік өңір өркендеу жолында
Солтүстік өңір өркендеу жолында
216
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Ол алдымен өңірдегі егін жинау науқанының барысымен танысты. Осы мақсатта Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында орналасқан «Сервис Жарс» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы алқабын аралады.

Мемлекет басшысы кәсіпорын егістігінің жағ­дайына қанығып, орақ науқанына жұмылдырылған ауыл шаруашылығы техникаларын көрді. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жетекшілерімен және механизаторлармен әңгімелесу кезінде биыл­ғы Жолдауында бұл сала бойынша тиісті міндеттер жүк­тегенін еске салды. – Біз субсидия саласындағы саясатымызды же­тіл­діріп, реттеуіміз керек. Аталған мәселеге Жол­дауым­да арнайы тоқталдым. Бұл жерде бәрі айқын болуы керек. Болашақта субсидиялар мүлдем жойы­лып, оның орнына пайызы төмен несиелер бо­­лады деген пікір бар. Алайда қазір біз ауыл шаруа­шы­лығы өндірушілеріне қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Қ.Тоқаев дайын әрі өңделген өнім­нің, соның ішінде ұнның экспортының көлемі тө­мендегенін ескертіп, қолайлы тариф саясаты қа­жет екеніне назар аударды. – Біз дәстүрлі түрде Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінің нарығына ұн жеткіземіз. Үкі­мет, Сауда министрлігі тарифті реттеу мәселесімен нақты айналысуы тиіс. Үкімет келешекте астыққа экспорт салығын енгізу мәселесін көтеріп отыр. Бі­рақ қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлі ерте деп ойлаймын. Тауар өндірушілер, әсіресе ұн шығаратын кәсіпкерлер үшін субсидия меха­низ­мін қайта іске қосуымыз керек. Қосымша құнның дең­гейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экс­порттауға тиіспіз, – деді Президент. Ол агроөнеркәсіп кешенін озық техникамен қам­ту қажет деді. – Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен жарақтандыруға көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мәселеге баса мән беремін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұдан бөлек, ел Президенті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен агроөнеркәсіп ке­шенінің жағдайы туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың есебін тыңдады. Мемлекет басшысы ауыл ша­руа­шылығы техникаларын құрас­тыратын CLAAS зауытына соқты. Оған зауытта құрастырылған астық жинайтын трактор, комбайн, тұ­қым себетін техникалар көрсе­тіліп, кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарлары баяндалды. Қ.То­қаев осы компанияның халықаралық беделін жоғары бағалап, герма­ниялық концернмен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату қажетін қадап айтты. Солтүстік Тоқаев Сонымен қатар ол осы өңірде бірқатар жобаны жүзеге асырып жатқан шетелдік инвесторлармен кездесті. CLAAS компаниясының ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Нилс Ройч Мемлекет басшысын Қазақстанда болашақта іске асырмақ инвестициялық жобаларымен таныстырды. Түріктің YDA HOLDING компаниясының басқарма төрағасы Арслан Хусейн Петропавлда халықаралық JCI стандарттарына сәйкес, 625 орын­дық заманауи көпсалалы аурухана құрылысының басталғанынан хабардар етті. АҚШ-тағы Аризона универси­тетінің жаһандық мәселелер жө­нін­дегі вице-президенті Брент Уайт осы оқу орнының Kozybayev University-мен ынтымақтастық орнату жөніндегі жоспарын жеткізді. Бұл келісім қазақстандық ЖОО-ны америкалық білім беру мекемесіндегі академиялық технологиялармен қамтамасыз етуге бағытталмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын және өңірлерді дамы­туға қосқан үлестері үшін инвестор­ларға ризашылығын білдірді. Ол инвесторлардың бизнес-жобала­рының іске асырылуын бақылауда ұстау үшін жеке мониторинг жүр­гізетінін мәлім етті. Сапар аясында Мемлекет басшысы Петропавлдағы Alageum Electric электротехника зауытына барды. Президентке трансформатор өндірісінің технологиялық же­лісі көрсетіліп, кәсіпорын қыз­мет­керлеріне жасалып жатқан әлеу­меттік қолдау шаралары мен өндірісті одан ары кеңейту жоспары туралы мәлім етті. Зауыттың құрылысына 10 миллиард теңге инвестиция салынған. Жобалық қуаты бойынша кәсіп­орын жылына 13 мың трансформатор шығармақ. Өнімінің 98 пайызы ТМД елдеріне экспортталады. Кездесу соңында Қ.Тоқаев еңбек ұжымымен еркін әңгіме-дүкен құрды. Ол кәсіпорынның жұмысы мен экспорттық әлеуетіне жоғары баға берді. Президент зауыттың табысты дами береріне сенім білдіріп, отандық өнім өн­дірушілерге Үкімет жан-жақты көмек көрсететінін айтты.

А.ШӘРІП