Жақсы сөзде мың кісінің ақысы бар
Жақсы сөзде мың кісінің ақысы бар

Елде таяуда болған төтенше жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Ең ауыры – бейбіт күнде жалынды да жас кәсіби мамандардан айы­рылдық. Бұлар әскер ме, өрт сөн­діруші ме, қарапайым қа­рауыл, жұмыскер ме, кездейсоқ ат басын бұрған жан ба, адам өлімі – еліміз үшін үлкен қасірет, орны толмас ауыр қаза. Тосын жағдайда шейіт болғандардың отбасына, туған-туыстарына, ұрпағына, жақындарына, доста­рына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз. Ал жарылыстан зардап шеккендер тезірек са­уығып, ортамызға оралса екен.

Бұл оқиға Қазақстанның бар азама­тына ой салуы тиіс. Алдағы кезде оқ-дәрі, жарылғыш заттар қоймасында ғана емес, барлық жерде апаттың алдын алу, жа­­­­­мандыққа жол бермеу жолдары мен амалдары жан-жақты қаралуы тиіс деп ойлаймыз. Болған істің мән-жайын тер­геп-тексеру үшін арнайы комиссия құ­рыл­ды. Басқа да әскери қоймалардағы зат­тарды тиісті есепке алу, түгендеу, мер­зімі түгесілген оқ-дәрілерді залал­сыз­дан­дыру, жарамсыздарын жою сияқ­ты ша­ралар жүзеге асырылмақ. Өкініш­тісі, көп жағдайда оқиғаның салдарына тап бо­ла­тынымыз. Оның себебін анық­тауды құ­зыретті құрылымдарға қалдыра тұралық. Ал біздің айтпағымыз – осындай төтенше жағдай туындағанда үрей төн­дірудің өршіп кететіні. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екенін ұмытатындар қанқу сөзімен жер өртейтіні. Жекелеген адам­дардың жауапсыз іс-әрекетін тұтас мем­лекетімізге жаба салуға жақын тұратыны. Осындайда игі жақсылардың, тәжірибелі, білікті мамандардың, сөз ұстайтын ақса­қалдардың ақылға, сабырға шақыратын үні неге естілмей қалады? Оның себебі көп те болуы мүмкін. Бізге белгілісі – суық хабар, жаманат жатпайды, тез тарайды. Екіншіден, өкі­ніш­ке қарай анық-қанық ақпарат мар­дымсыз, шектеулі болатындықтан, жұрт ұзынқұлаққа ерік береді, сан-саққа жү­гіртеді. Оған «біреудің үйі өртеніп жатса, өртке қойдың басын үйітетін» немқұ­райлылар да қосылады. Пендешілікпен, қараулықпен тонаушылық әрекетке бар­ғандар туралы хабар құлаққа шалын­ғанда, жойқын апаттан аман шыққан сонау алыстағы жапон халқының қасие­тін еріксіз есімізге алуға тура келді. Олар қиын кезде де адами жауапкершілігін бірінші орынға қойды. Қайғы-қасіреттің өзін ақылға, асқан адамгершілікке, тағаттылық пен шүкіршілікке жеңдірді. Қай кезде де елдің қатаң тәртіпке бағы­нып қана берекеге жететіні – жазылмаған заңдылық. Қазақ елінің ата дәстүрінен, дамыған, озық елдер тәжірибесінен сабақ алып, заңға бір кісідей мойынсынуды, жаппай мәдениеттілікті үйренуге кел­генде қалың көпшіліктің ынта-ықыласы, ұмтылысы әзірге байқалмай тұр. Ал елдегі жекелеген салаларда білік­сіздіктің, жауапсыздықтың кесірінен қауіп-қатерге ұрындыруы мүмкін жағ­дайдың әлі де баршылық екенін неге дер кезінде айтып, шара қолданбаймыз? Күнделікті тіршілікте орталық және жергілікті атқарушы билік орындары аса мән бере бермейтін немесе кейінге ысыра салатын осал тұстар мен кем-кетік түйткілдер, заңды белден басулар әуелі әдетке айналып, соңынан сойқанға, жан­жалға, ұрлық-қарлыққа, жемқорлыққа ұласатыны қынжылтады. Солардың бір­сыпырасы – жекеменшік иелігіне қатысты. Әрине, өркениетті елдердегідей, бізде де қастерленетін жеке адамдардың меншігі қалыптасып үлгерді десе болады. Олар қолданыстағы тиісті заңдармен қорғалады. Оның үстіне, Реформалар жөніндегі жоғары кеңес жекешелен­дірудің жаңа жоспарын мақұлдап отыр. Бір қарағанда, бәрі де орынды сияқты. Алайда әлі тиісті заң қабылданбаған кезде ел-елде, жер-жерде үй іргелік жер­леріне өз бетімен жанама учаскелерді арық-атызымен қосып алған, «өзім білеміндікке» салып, газ, су құбыры өткен жерлерді, аумақты (біліп-білмей, қасақана) қоршап, иеленіп кеткен жеке­леген адамдарды тәртіпке кім шақырады? Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленіп алғанға тиісті айыппұл салынатыны жазылған. Заңбұзу­шы­лықтың үлкен-кішісі болмайды, тиесілі жаза бар. Ал ауыл-ауылдарда заңның орындалуын қадағалайтындар мұны ұсақ-түйекке санайтыны жасырын емес. Олар кейбір елді мекендерде қоғамдық пайдаланудағы жерлерді оңды-солды жеке мүддесіне пайдаланып, жолдың екі қапталын құрылыс материалдарымен, қосалқы техникасымен жауып тастай­тындарды да елемейді, жауапқа тарт­пайды. Қысқасы, олар мұндай заңсыз­дықтарға көз жұмып қарайды. Айталық, Бурабай сияқты елді мекеннің орталық көшелерін есептемегенде, құмырсқаның жолындай мың бұралған тар көшелері мұнда құрылысшы, архитектор атымен болмағандай әсер ететіні өтірік емес. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарса­ңында реттелетін-ақ жөні бар еді... Сон­дай-ақ кейбір мегаполис қалаларымызда «қызыл сызықты» баса көктейтін жеке­меншіктегі құрылыс нысандары, қала төңірегін маңайлаған «нахаловка» аудан­дар әлі салынып жатқаны көзге қораш көрінеді. Бұл қаланың құрылыс мәдение­тіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Бірер жыл бұрын ұшақ Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырағанда, мұндай заңсыздық­тың беті ашылып, қылмыстық іс те қоз­ғалды. Содан бері осы бағытта не істел­ді? Қанша әуежай тұрған аудан тексерілді? Жаман айтпай, жақсы жоқ, енді Шым­кент әуежайының маңындағы тұрғын үйлердің заңдылығын анықтау үшін елді еңірететін кезді күтіп жүрміз бе?.. Міне, осындай өрескелдікті, жөнсіздікті, заңбұзушылықты аспаннан бұлт үйі­рілгенде емес, жаймашуақ шақта жөнге салса, түгендесе артық болмас еді-ау.

Ерекше дайындықты қажет ететін салалардың ахуалын, жай-күйін сараптайтын ғалымдар, сарап­шылар, тәлімгерлер даярлау – уақыт талабы. Мерзімі өткен оқ-дәрілердің, қару-жарақ техникаларының көзін құртатын, қоршаған ортаға, экологияға зиян келтірместен оларды өзге мақсатқа жарататын жаңа технологиялар ендіру қажет. Сайып келгенде, заманауи білікті кадр даярлау ісіне көңіл бөлсек, төтенше жағдайларда туындайтын көп қиындық­ты жеңуге болады.

Төтенше жағдай зардаптары қоғам­дық талқыға түскенде бұқаралық ақпарат кеңістігінде көптеген қисынды пікір­лермен қоса қиғаш, бірқыдыру қисық-қыңыр сөздердің де тиегі ағытылаты­ны – белгілі жайт. Соның ішінде Үкімет құлақ асып, қаперге алатын ұсыныстар баршылық. Мысалы, әскерге шақырылғандардың арасынан талаптыларды іріктеп, сарбаз­дардың бейіміне қарай арнайы маман­дыққа оқытуды ұйымдастыру маңызды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Мамандық алудың тағы бір мүм­кіндігі армияда берілуі тиіс. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың эконо­микадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеру мәселесін пысықтаған жөн» деп нақты тапсырма берді. Сондай-ақ елімізде төтенше жайдайлар қызметі, әскери-патриоттық іс, спорт және денешынықтыру үшін ортақ ғылыми-зерттеу орталығын ашу­дың да реті бар. Ерекше дайындықты қажет ететін салалардың ахуалын, жай-күйін сараптайтын ғалымдар, сарап­шылар, тәлімгерлер даярлау – уақыт талабы. Мерзімі өткен оқ-дәрілердің, қару-жарақ техникаларының көзін құртатын, қоршаған ортаға, экологияға зиян келтірместен оларды өзге мақсатқа жарататын жаңа технологиялар ендіру қажет. Сайып келгенде, заманауи білікті кадр даярлау ісіне көңіл бөлсек, төтенше жағдайларда туындайтын көп қиындық­ты жеңуге болады. Сонымен бірге «Аза­маттық қорғау туралы» заңының әр өңір­де қалай орындалып жатқанын сараптаған жөн. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алуға және оларды жоюға, төтенше жағдай айма­ғындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге бағытталған баптарымен әр мекемеде, ұйымда ұдайы таныстырып, адамдардың есіне салып отырудың да артықтығы жоқ шығар. «Бәле қайда деме, Аңламасаң, аяқ астында» деген халық мақалы атам заманнан айтылып келеді. Ендігі жерде амалын тауып, қатаң сақтық шаралары аясында нақты іс-әрекетке көшпесек, барымызға да, бағымызға да қатер төнуі мүмкін. Құдай немқұрай­лық­тан, жауапсыздықтан, береке­сіз­дік­тен, шалалықтан сақтасын!

Дархан МЫҢБАЙ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,  «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі