Пәтерді заңсыз жалдайды

пәтер жалдау.

«Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіретін» заман болып тұр. Жұрт пәтер іздеп, қалтасындағы соңғы тиынын пәтер жалдау үшін беріп жатқанда біреулер оны иеленіп алып, кейін заңсыз түрде жалға беріп, пайда табуға кіріскен. Қара бастың қамымен заңды белден басқандар Ақмола облысында молынан табылып тұр. Ақмола об­лыстық про­куратурасы мемлекеттен берілген тұрғын үйлердің ішінен бірқатары заң­сыз берілгенін анықтаған. Ал мұндай заңсыздыққа жол берген­дер­дің барлығы бірдей бюджеттік мекемелердің қызметкерлері болып шықты. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспаналарды бөлу кезінде заңбұзушылыққа қалай жол берілді? Әлде тағы да «Бармақ басты, көз қыстымен» жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолы ма?

20 пәтер мемлекетке кері қайтарылды...

Ондаған жылдар бойы кезекте тұрса да баспана ала алмай, басы қатқандар саны тек Көкшетау қаласының өзінде 15 мыңнан асып жығылады. Алайда мемле­кет­­тік тұрғын үй қорынан кезекпен тапсыры­лып жатқан пәтерлердің де заңды түрде беріліп жатқанына жұрттың күмәні се­йілер емес. Өйткені кезектегілердің ара­сында пәтерді заңсыз алғандар құқық қорғау органдарының да қармағына біртіндеп ілініп жатыр. Жақында Ақмола облысының прокуратурасы жариялаған мәлімет жаға ұстатарлық. Тиянақты тексеріс жүргізген құзыретті орган мем­лекеттік тұрғын үй қорын бөлу кезінде заңсыздықтарды анықтап, 20 бірдей пәтерді мемлекетке кері қайтарған. Бір қызығы, пәтерді қайтарып бергендердің жиырмасы да бюджеттік мекеме қызмет­керлері болып шықты.

«Тексеріс облыстың барлық ауданын толықтай қамтыды. Өкінішке қарай, заң­сыз пәтер иеленіп, кейін оны жалға бер­гендер де табылды. Мәселен, Көкшетау қа­ласында жергілікті бюджеттік ұйым­дардың бірінің қызметкері 2017 жылы алған пәтерін үшінші тұлғаларға төрт жыл­дан бері қарай жалға беріп келген. Көк­шетау қалалық прокуратурасының қа­дағалау актісі бойынша заңсыз алған пәтер иесі үйден шығарылып, пәтер көп­балалы отбасыға ұсынылды. Астрахан ауданында да 2017 жылы тағы да бюджеттік сала қызметкеріне мемлекеттен пәтер берілген. Алайда 2020 жылы бұл адам мұрагерлікпен басқа пәтерді иеленіпті. Қазір бұл баспана да 11 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған жетімге берілді. Аталған бағыттағы жұмыс одан әрі де жалғаса­ды», – дейді Ақмола облысы прокурату­расының баспасөз қызметінен.

Прокуратураның мәліметінше, жалпы облыс бойынша 20 пәтер мемлекет мен­шігіне кері қайтарылып алынған. Жа­қын­да бұл пәтерлер бірінші кезекте әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға берілмек.

Тексеріс барысында өз пәтері болса да, баспананы заңсыз жолмен  алғандар болған. Алайда заңсыз пәтер алып, оны жалға беріп пайдасын көргендер жауапқа тартылмаған.

Заңсыз пәтер алғандарды жауапкершілікке тарта алмаймыз...

«Пәтер иеленгендер осыдан төрт жыл бұрын алған. Яғни оларды заңмен жауап­кершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен. Сон­дықтан заңсыз алған пәтерлерін қай­тарып алғаннан басқа оларды жауапкер­шілікке тарта алмаймыз. Қазір аталған бағытта жұмыстар әрі қарай жалғасып жатыр», – деп толықтырды прокурату­раның баспасөз қызметі.

Ал тұрғындар баспана «бизнесінде» жең ұшынан жалғасқан жымысқы әре­кет­тердің бұл тек бір ұшы ғана екенін айтады.

«Мұндай адамдар толып жатыр. Тұрғын үйі болса да, ым-жымын білдірмей мемлекеттен пәтерді оңай жолмен алып алады. Ал олар пәтерлерін еш қымсын­бастан жалға беріп жатыр. Тағы тексеру қажет деп ойлаймын. Жиырма емес, ке­мінде 200 шығатын шығар», – дейді Да­нияр Қанатұлы есімді Көкшетау қала­сының тұрғыны.

P.S. Заңға сәйкес мемлекеттен берілетін тұрғын үйлер меншігінде пәтері жоқ мұқтаж адамдарға кезек тәртібімен берілуі тиіс. Тексеріс қатты болғанымен, жолын тапқандар әлі де бар екенін заң органдары да, қарапайым адамдар да жоққа шығармайды. Сондықтан тиісті органдар мен жергілікті атқарушы органдар өз ісіне тиянақтылықпен қараса жөн болар...

А.ТОҚАН,
Ақмола облысы

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.