Жалған терроризмнің жазасы – 5 жыл
Жалған терроризмнің  жазасы – 5 жыл
349
оқылды

Елімізде арагідік белгілі бір ғи­ма­раттарға «бомба қойылды» деген хабарларды естіп жатамыз. Абырой болғанда, соның көбі жалған ақпарат болып шы­ғады. 1 қыркүйек күні Ақтөбе қаласын­дағы алты мектепте алғашқы қоңырау со­ғылмады. Салтанатты жиынның тоқ­тауына бұл мектептерге «жарылғыш зат қойылды» деген хабарлама себеп бол­ған. Дегенмен бұл жолы да дерек жал­ған болып шықты. Алайда мұндай хабарды жеткізетін кім? Оларды шектеу, жазалау мүмкін бе?

Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның сөзінше, жарылғыш зат туралы хабарлама Ақтөбедегі №2 мектептің электронды поштасына таңғы сағат 8.30-да түскен екен. «Бомба қойылды» де­лінген алты мектеп толық тексерілді. Ақ­парат жалған болып шықты. Биыл бірінші сыныпқа барған мыңнан астам бала салтанатты жиынға қатыса алмады» деп мәлімдеді Жолдас Батырхан. Ақтөбедегі №2 мектептің электронды поштасына түскен хабарламада №1, №21, №22, №51, №56 мектеп те «бомба қойылды» деп аталған. Таңғы сегіз жарымда бұл мектеп­тердің жоғарғы сыныбында тәрбие сағаты өтіп жатқан. Полиция дереу оқиға орнынан мұғалімдер мен оқушыларды эвакуациялаған. «Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрі­неу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу бас­талды» деп хабарлады Ақтөбе полиция­сы­ның баспасөз қызметі. Дегенмен күдіктінің ұстал­ғаны не ұсталмағаны жайлы ресми деректер жария болған жоқ. Айтпақшы, Ақтөбеде мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Мәселен, биыл жыл басында қала­дағы №51 мектепке бомба қойылғаны туралы 2 хабарлама түскен. Екі жағдайда да хаттар бір электронды мекенжайдан келген. Сол кезде хабарлама жазған адамды анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргі­зіліп жатыр дегенмен, күдіктінің ұсталғаны жайлы мәліметтер мүлде жарияланбады.

Хабар таратқандарға жаза жеңіл ме?

Көбіне мұндай хабарламалардың рас-өтірігін лезде ажырату қиын. Арнайы қыз­меттер амалсыз барлық адамды қауіпсіз жерге көшіріп, барлау жүргізуге мәжбүр. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат таратқандарға жаза қарастырылған. Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданған­нан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қа­растырыла бастады. Жоғарғы Соттың ақ­параттық базасындағы мәліметтерге сенсек, фейк дерек таратып, елді дүрліктіргені үшін 2015-2016 жылдары – 2 іс, 2017 жылы – 4 іс, 2018 жылы – 1 іс, 2019 жылы 3 іс қозғалған. Ал былтыр жалған теракт актісіне байланысты хабар таратқан 2 адам жауапкершілікке тартылыпты. Негізі, «Ақтөбедегі мектептерге бомба қойылды» деп жалған ақпарат таратқандарға Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Терроризм ак­тiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» қол­данылады. 5000 АЕК, яғни 14 миллион тең­геден астам айыппұл салады немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады.

Ескерту емес пе?

Биыл 11 мамыр күні Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №175 мектепке 19 жас­тағы жігіт қарулы шабуыл жасап, 11 адамды мерт қылғаны есімізде. Осы жантүршігер оқиғадан кейін жалпы білім ордаларындағы қауіпсіздік мәселесі көпті толғанта бастады. Негізі, бұл Ресей жеріндегі білім мекемесінде болған алғашқы теракт емес еді. 2018 жылы Керчь қаласындағы политехникалық колледж­де 4-курс студенті жарылыс жасап, 21 адам қаза тапқан болатын. «Қазақстан осы трагедиялардан қандай сабақ алғаны жөн» деген сауал сол кезде-ақ толғанта бастаған. Бүгін теракт жайлы жалған қоңырау мен хабарламалар түссе, ертең оның шындыққа айналмасына кім кепіл? Ал біздегі білім ордаларындағы қауіпсіздікке көңіл тола ма? Қоғамның осал тұсы балалар екені сөзсіз. Ресейдегі оқиғадан кейін Парламент Мәжілісі қабырғасында аталған мәселелер сөз болған. Депутат Андрей Линник Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдап, мектептердегі қауіпсіздікті бір пы­сықтап алуды сұраған. Оның айтуынша, оқу­шылар қауіпсіздігі мен қару-жараққа байла­нысты кейбір заңнамаға өзгеріс енгізген абзал. «Оқиға көрші елде болды. Дегенмен біздегі мектептердің қауіпсіздігін күшейтуге назар аудартады. Мәселен, мемлекеттік органдардың ғимаратын әскери күзет қарауылдайды. Ал оқу орындарында арнайы дайындығы жоқ азаматтар мен зейнеткерлер күзетші болып жүр. Оның қараусыз қалған жерден айырмасы жоқтай», – деген Андрей Линник. Осыны ескерген депутаттар бірнеше мә­се­лені қайта қарауды талап еткен еді. Әуелі білім ордаларын арнайы мамандандырылған күзет жасағы қарауылдап, күзетшілерге қару ұстауға рұқсат беруді және оларға мүліктік кешенді ғана емес, адамдардың қауіпсіздігін де қорғау міндетін жүктеуді атады. Екіншіден, мектеп психологтері мен учаскелік инспек­торлардың жұмысын күшейтуді айтса, үшін­шіден, атыс қаруын алып жүруге, сақтауға рұқсат беруге бақылауды күшейтуді, лицензия беру жасын 18-ден 24 жасқа дейін өсіріп, қару-жарақ лицензиясын алу кезінде психикалық денсаулық пен есірткіге тәуелділікті тексеру үшін жауапкершілігін арттыруды сұрады. Елімізде 21 жастан бастап ішімдік сатып алуға рұқсат беріледі. Ал бір қызығы, қаруға лицензия алу жасы 18-ден басталады екен. Үкімет 2015 жылғы 3 сәуірде «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» №191 қаулы қабылдаған. Қаулыға білім беру ұйымдары мен оған іргелес ашық аумақтар да енгізілген. Көрсетілген қаулыға көз жүгіртсек, сыйымдылығы 3 мың оқушыға дейінгі білім беру объектілері міндетті түрде телевизиялық бейнебақылау жүйе­сімен жарақтандырылуы тиіс. Ал сыйым­дылығы 3 мыңнан астам адам оқитын білім беру объектілерінде бейнебақылаудан басқа күзет сигнализациясы құралдары, бақылау, кіруді басқару және хабардар ету жүйелері міндетті түрде болуы керек. Бірақ мектептеріміз толыққанды қауіпсіз дей алмаймыз. Ең болмағанда күзет пен ғимаратқа кіреберістегі тексерісті күшейту қажет. Одан бөлек, қаруға қатысты тағы бір мә­селе бар. Ресей Қазан трагедиясынан кейін әлеуметтік желі мен интернетте қару сатып алу, қолдан жасау жайлы дерек іздегендерді бақылауға ала бастады. Бұл тәжірибені өзгелер де ескергені жөн тәрізді. Тағы бір мәселе – кей өңірлерде діни ахуал сәл де болса ушығып тұр. Әсіресе, еліміздің Батыс аймағында осы мәселе көрініп қалып жүргенін көбіміз білеміз. Мектептеріне теракт жайлы хабарлама жиі түсетін Ақтөбе қаласында 2016 жылы жайсыз оқиға болғанын білеміз. Бәлкім, бұл жолғы амал қоғамның тамырын басып көру болар. Сондықтан құзырлы органдар бұл жағдайды кешікпей бақылауға алуы тиіс тәрізді.

М.ТӨЛЕУ