Қазақстанда атеистердің құқығы қалай қорғалады?
Қазақстанда атеистердің құқығы қалай қорғалады?
Коллаж: А.Ахметқазы
241
оқылды

Қазақстанда "дінге сенбейтіндер құқығы" заңдастырылмақ. Бұл туралы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлімдеді. Бұл жаңалыққа әлеуметтік желі қолданушылары түрлі реакция білдірді. Сонда Қазақстан Конституциясында "дінге сенбейтіндердің" құқығы қорғалмаған ба? Олардың құқығы қалай қорғалуы керек? Заңгер мен дінтанушы жауап берді.

Осы жаңалыққа қатысты қазақстандықтардың пікірі сан-саққа бөлінді. Кей азамат "дұрыс, Қазақстан тек мұсылмандар тұратын мемлекет емес, бәрінің құқығы тең қорғалуы керек" десе, енді бірі "бөлек заң шығарудың не қажеті бар? Қазақстанның Конституциясында бәрінің құқығы қорғалған емес пе еді?!" дейді, тағы бір азамат "басқа проблема құрып қалды ма?", "дінге сенбейтіндер" деп ерекшелемей-ақ Қазақстандағы барлық азаматтың тіліне, дініне, жынысына және тағы басқа ерекшеліктеріне қарамай, құқығын тең қорғауы керек емес пе?" деп жазды. Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Қазақстан Конституциясында "дінге сенбейтіндердің" құқығы туралы арнайы пункт жоқ. Бірақ діни ұйымдардың қатынасын реттейтін "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заң бар. [caption id="attachment_160295" align="alignright" width="367"]Евгений Жовтис Евгений Жовтис. Фото: Dailynews.kz[/caption]

"Қазақстан 1966 жылы қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге 2000 жылдан бері мүше. Пактідегі 18-бапта дінге қатысты құқық қорғалған. Онда дінге сенетіндер мен сенбейтіндердің қызығушылығы тең ескеріліп, құқығы қорғалады делінген. Яғни діни адам деген оған сенетіндер болса, дінге сенбейтіндерге агностиктер мен атеистер жатады. Аталған Пакті біздің заңнамамыздың бір бөлігі. Бірақ біздің Конституцияда дінге сенбейтіндер құқығы айрықша көрсетілмеген. Сонда да әр азаматтың пікір білдіру, таңдау құқығы қорғалған. Бірақ дінге сенбейтіндерді айрықша қорғайтын заң шығарудың қажеті шамалы деп ойлаймын. Тек діни көзқарасына байланысты кемсітушілік болмауы керек. Әркім өзі біледі, дінге сене ме, сенбей ме, агностик бола ма, атеист бола ма, өз еркі. Меніңше, дінге сенбейтіндердің құқығы туралы арнайы заң жазылмайды, тек заңнаманың бір жерінде азаматтардың дін және сенім бостандығы туралы ескерту жазылуы мүмкін", - дейді құқық қорғаушы.

Евгений Жовтистің айтуынша, мәселе дінге сенбейтіндерге артық құқық беріп қоюда емес, мәселе заңнамада дискриминацияға қарсы норма жоқтығында.

"Яғни, Қазақстанның БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті, Адам құқықтары жөніндегі кеңес және тағы басқа ұйымдармен жасаған келісімі бойынша адамдардың құқығы теңдей қорғалуы керек. Бұл дегеніміз адамдар жасы, жынысы, діни, саяси көзқарасы, сенімі, әлеуметтік мәртебесі шектелген кезде мемлекеттің көмегіне жүгінудің тиімді жолы болуы керек.

Менің тәжірибемде дінге сенбейтіндерге қатысты мәселе болған жоқ. Бірақ дін зайырлы қоғамға шамадан тыс енген кезде қақтығыс болатыны рас. Оны нормалармен реттеу орынды", - дейді Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис.

Ал Дінтану ғылымдарының PhD докторы, сарапшы Мұхан Исаханның айтуынша, дінге сенбейтіндердің құқығын айрықша қорғаудың қажеті жоқ. Себебі Қазақстан Коституциясының 14, 19-баптарында азаматтардың дінді ұстанып, ұстанбауына, ол туралы айтып, айтпауына жалпы дін, сенім бостандығына құқығы жазылған. [caption id="attachment_160294" align="alignleft" width="392"]Мұхан Исахан Мұхан Исахан. Фото: Мuftyat.kz[/caption]

"Қазақстанда құқықтық тұрғыда дінге сенбейтіндердің құқығы тапталып жатыр дей алмаймын. Қандай қоғам болмасын, ондағы көпшіліктің көзқарасы басымдыққа ие болады. Олар дінді ұстанбайтындарға қысым көрсетпесе де, аздап шеттетілетіні рас. Әлеуметтік ортаның заңдылығы сондай. Ол саясатта да, экономикада да көпшіліктің дауысы басымдыққа ие болады.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дінге еркіндік берілгесін, оны ұстанатындардың да саны өсті. Олар мәселесін көтеріп, діни тақырыпты талқылаған сайын құдайға сенбейтіндер өздеріне орын таппай, шеттетілген сияқты көрінеді. Әлеуметтік желіде де дінге қарсы топтар бар, ондағылар көпшілікке шабуылдау арқылы қорғанғысы келеді. Бірақ олардың құқығы қорғалмайтындай заңның әлсіз тұстары бар дегенге келіспеймін", - дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда дін мәселелері зайырлық қағида бойынша шешілуі керек. Еске сала кетейік, Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов дінге сенетіндердің де, сенбейтіндердің де құқығын толық қамтамасыз ету мақсатында түзетулер аясында "дінге сенбейтіндер құқығы" ұғымын енгізу жоспарланаған айтты. Айта кетейік, 2017 жылы Қазақстанда "дінге сенбейтіндер құқығын" заңды түрде қорғау жоспарланған болатын. Сонымен қатар, адам сенімін қорлайтындар үшін айыппұл салу ұсынылған.