Полиция Жамбыл облысында қаза тапқан шенеунікке қатысты пікір білдірді
Полиция Жамбыл облысында қаза тапқан шенеунікке қатысты пікір білдірді
©forumdaily.com
164
оқылды

Болған жайтқа қатысты өңірлік Полиция департаменті пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, 2 қыркүйекте Талас ауданы полиция бөліміне Қаратау қаласы көшелерінің бірінде оқ жарақатын алған ер адамның денесі табылғаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына келген полицейлердің болжамынша, марқұм өз атына тіркелген аңшы мылтығынан өзіне оқ атқан екен. Көп ұзамай, ер адамды туыстары таныған. Болған жайттың мән-жайын анықтау үшін Қылмыстық кодекстің 105-бабы, 1-бөлігімен (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Қылмыстық-атқару кодексінің 201-бабы бойынша тергеу мүддесіне сәйкес, басқа деректер жария етуге жатпайды", - делінген Жамбыл облысы Полиция департаментінің хабарламасында.

Ал Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі марқұмның Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі секторының меңгерушісі болып жұмыс істегенін хабарлаған. Сонымен бірге өткен жылдың соңында аталған бөлімнің бұрынғы басшысы Нұрлан Күдертаевқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды.