Жүйелі жұмыс қана жетістікке жетелейді

Жүйелі жұмыс қана жетістікке жетелейді

     Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы  Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен партия облыстық филиалының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті. Кеңесте  Бюро мүшелері партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша Жол карталарының орындалуы барысын қарады.

Жол картасы бойынша жыл басынан бері өңірде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 329,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  16,4 пайызға артқан. Сондай-ақ,  11 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның 3-еуі аяқталып отыр. Жаңа оқу жылында 7 мектеп  елге есігін айқара ашса, жыл соңына дейін тағы 1 мектептің құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда 73 мектептің жиһаздарын жаңарту, жаңа модификациялық кабинеттер ашу, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек,  кеңесте  «Қаралма» тау-шаңғы базасының құрылысы да қаралды. Қазіргі таңда жоспарлы жұмыс 80 пайызға  аяқталған. Жобаның құрылысын толық аяқтау үшін әлі 1 миллиард теңгеден астам қаражат керек. Бердібек Сапарбаев жауаптыларға Жуалыдағы нысанды тезірек пайдалануға берудің жолдарын қарастыруды  тапсырды. Тағы бір мәселе - биыл республикалық Жол картаның  8, облыстық Жол картаның 6 және аудандық Жол картаның 55 көрсеткішінің орындалмау қаупі бар. Облыс әкімі жұмыстарды кешеуілдеткен сала басшыларынан түсініктеме  алып,  тек жүйелі жұмыс қана жетістікке жетелейтінін ескертті.  

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы