Тоқаев Тәжікстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады
Тоқаев Тәжікстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады
Фото: akorda.kz
185
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзінің және барша қазақстандықтардың атынан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды, сондай-ақ бүкіл тәжік халқын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

– Бауырлас Тәжікстан бұл айтулы күнге халықаралық аренада маңызды рөл атқаратын беделді мемлекет ретінде жетіп отыр. Құрметті Эмомали Шәріпұлы, әлемдік қауымдастық Сізді мемлекеттілікті нығайтуға және ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға үлес қосқан, нағыз жалпыұлттық көшбасшы ретінде таныды, – деп жазды Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тәжікстанмен ғасырлар бойғы достықты, өзара қолдау мен жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген байланыстарды нығайтуға баса мән беретінін атап өткен.

«Біз өзара күш жұмылдыра отырып, елдеріміз арасындағы көпжақты ықпалдастықтың қарқынды дамуына тың серпін бере аламыз және қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының көкжиегін кеңейтеміз» делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның аса жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тілеп, бауырлас Тәжікстан халқының  өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді.