Шылым шегетіндердің саны Ресей, Украина, Беларусьте көп. Өзбекстан мен Әзербайжанда темекі тартатын әйелдер салыстырмалы түрде аз. Темекі рейтингінде Қазақстан 127 елдің арасында 41-орында тұр.
Еnergyprom.kz-тің мәліметінше, рейтинг бойынша елімізде әрбір төртінші тұрғын шылым шегеді. Олардың басым бөлігі – ер адамдар. Рейтингте Қазақстан темекі тартушылардың ең көп үлесі бойынша 31-орында тұр, ер адамдардың 43,9% темекіге тәуелді. Рейтингте темекі тартатын әйелдердің ең көп үлесі бойынша еліміз 61-орында: қазақстандықтардың 9,3% бұл әдетке тәуелді.
Темекі шегудің ең жоғары көрсеткіші Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропаның Балқан аймағында, ал Батыс Еуропа мен Америка елдерінде темекі тартатындар аз. Әйелдер ерлерге қарағанда шылымды аз шегеді. Бірақ әйелдер ең көп темекі тартатын елдерге Науру (52%), Кирибати (40,9%) және Сербия (39,7%) кіреді.
2021 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанда 8,7 млрд сигар, шылым, папирос және темекіден жасалған немесе оны алмастыратын басқа да осыған ұқсас өнімдер шығарылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3% аз. Жалпы биыл 7 айда 125,3 млрд теңгенің темекі өнімі өндірілген. 2020 жылы Қазақстанда 16,8 млрд темекі өнімі шығарылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5% аз.
Елімізде ең ірі темекі өнімдерін өндіретін компаниялар – «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС және «Джей Ти Ай Қазақстан» ЖШС. Қазақтандықтар көбінесе елімізде өндірілген темекі мен темекі өнімдерін тұтынады. 2021 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар темекі өніміне сұранысты (ішкі нарықта өткізу плюс экспорт) 78,5% қамтамасыз етті.
2021 жылғы тамызда темекінің бағасы жылдық динамикада 15,9% өсті. Алматы (бір жылда 21,1%), Маңғыстау (20,7% ) және Батыс Қазақстан (19,3%) облыстарында темекі айтарлықтай қымбаттаған. Темекі бағасының ең төменгі өсімі Қостанай (11,4%), Алматы (11,6%) және Ақтөбе облыстарында (12,5% - ға) тіркелді.