Атырау облыстық төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 5 қыркүйекте Құрманғазы ауданында болған.
Күндізгі сағат 13:28-де Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөліміне Шарон өзеніне 3 жасар қыз бен 6 жасар бала батып кеткені туралы хабар түсті.
Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде балалардың үлкендердің қарауынсыз су айдынына өздері келгенін анықтады.
«Жергілікті тұрғындар сағат 13:40-та 3 жасар қыздың денесін судан тапқан. Ал сағат 16:07-де суға батып кеткен ұл баланы іздестіруге жедел-құтқару жасағының сүңгуірлерімен бірге 25 полицей мен жергілікті 70 тұрғын жұмылдырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сол күні сағат 19:23-те 6 жасар баланың денесі табылды. Екеуі де қаза тапты.