Атырауда Токиода өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегерлеріне көлік пен пәтер кілті тапсырылды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Паралимпиаданың күміс жүлдегерлері Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатинаға көлік пен 2 бөлмелі пәтер кілтін тапсырды. Паралимпиада жүлдегерлерінің бапкері Жандос Қияновқа 4 млн. теңге берілді.
«Бұл – ел спорты үшін тарихи жетістік, қажырлы еңбек пен намыстың, өршіл рухтың жемісі. Ең бастысы, Атырау спортшыларының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына айрықша тартуы. Сіздер мыңдаған жастарға рух сыйлап, қайсарлықтың мәнін ұғындырдыңыздар», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.25 жастағы парапауэрлифтингші Давид Дегтярев - Токиодан алтын медальмен оралған жалғыз спортшымыз. Елге келген соң оған салтанатты іс-шара кезінде 106 миллион теңге табысталды. Сонымен қатар, ҚР Паралимпиада комитетінің мәліметінше, Ақмола облысында оған ерекше сый жасалған. Оны облыс әкімі Ермек Маржықпаев құттықтап, спортшыға көлік пен үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлаған.