Мемлекет басшысы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Сенатының VII сессиясы барысында атқарылатын жұмыс жоспары туралы баяндалды. Сондай-ақ Президенттің Жолдауы мен берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған бірқатар заң топтамасының әзірленіп жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Парламент Сенатының Төрағасы алдағы сессияда сенаторлардың Үкіметпен және Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаның сақталуына қатысты заңнама бойынша жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар «Әлеуметтік кодекс», «Өнеркәсіп саясаты туралы», «Кәсіби біліктілік туралы», «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» және басқа да заңдарды қабылдау міндеті тұр. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, сенаторлардың бастамасымен Президент тапсырмаларын іске асыруға бағытталған бірқатар заң жобасы әзірленген. Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында қабылданатын заң жобаларын талқылау және пысықтау жұмыстарына азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшыларды кеңінен жұмылдыру қажетін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындықты бастау туралы тапсырма берді.