Одақтастар электр қуатымен алмасады
Одақтастар электр қуатымен алмасады
122
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда де­путаттар Есеп комитеті тө­райымының басқа жұмысқа ауысуына байланысты комитет мүшесі Талғат Жақанның өкілеттігін тоқтату және оны лауазымынан босату туралы ұсынысын қарады. Талқылау нәтижесінде сенаторлар Т.Жақанның өкілеттігін тоқ­та­ту туралы шешім қабыл­дады.

«Есеп комитетіндегі 5 жыл қызметі кезінде оның жетекшілігімен Ұлттық қордың, ұлттық компаниялардың тиімділігіне аудит жүргізілді. 31 тамызда Тал­ғат Амангелдіұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босату туралы Сенат Төрағасы атына өтінім берді», – деді Сенат­тың Қаржы және бюджет коми­тетінің төрағасы О.Перепечина. Сонымен қатар отырыста «2014 жылғы 29 мамырдағы Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартқа Арменияның қо­сы­луына байланысты оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Бұл құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заң­намасына сәйкес Қазақстан, Армения, Беларусь және Ресей ау­мағында электр энергиясын мем­лекетаралық беруді шарттық ресімдеуге қойылатын талаптарды белгілейді. «Электр энергиясын тиімді пай­далану экономиканы дамыту үшін маңызды. Бұл заң Еуразия­лық одаққа мүше елдердің энергетика саласындағы ынтымақтас­тығын арттыруға оң әсерін тигізе­ді деп сенеміз», – деді М.Әшімбаев. Сондай-ақ палата отырысы кезінде сенаторлар депутаттық сауалдар жолдады. Депутат Б.Орынбеков Жамбыл облысын­да­­ғы төтенше жағдайлар қызме­ті­нің штаттық санын көбейту және тех­ни­калық жабдықталуын жақ­сарту мәселесін көтерді. Сенатор Д.Нөкетаева ерекше қа­жет­тілігі бар балалардың мәсе­лесіне назар аударды. Ал А.Күрішбаев ауыл ша­руашылығын одан ары дамыту үшін жаңа жүйені енгізу қажет деп есептейді. Сенаторлар экология және экологиялық бақылау мәсе­лелерін сөз етті. Депутат С.Алдашев Маңғыстау облысын­дағы «Қошқар Ата» радиоактивті қал­дықтар қоймасына қатысты проб­лемаға алаң­даушылық білдірсе, А.Лукин ауаның жай-күйіне эко­ло­гиялық бақылау жүргізуді кү­шей­­туді талап етті.

Елдос СЕНБАЙ