Пандемиядан кейінгі даму мәселелерін талқылады
Пандемиядан кейінгі даму мәселелерін талқылады
117
оқылды

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегация Аустрия астанасы Вена қаласында өт­кен парламенттер спикер­лерінің V Дүниежүзілік конференциясына қатысты.

Әлемнің 90-нан астам елінің парламенттер спикерлері жиналған жиында пандемиямен күресу және COVID-19-дан кейін қалпына кел­тіру жөніндегі жаһандық шараларды қоса алғанда, шұғыл халықа­ра­лық парламенттік іс-қимылды талап ететін басымдықтар, климат­тың өзгеруі және экологиялық тұ­рақ­тылықты қамтамасыз ету мә­се­лелерін шешу, жалған ақпарат та­ратуға қарсы іс-қимыл, жастар­дың саясатқа қатысуы, гендерлік теңдік мәселелері қаралды. Мәжіліс Спикері көпжақты ынтымақтастықты нығайту, бейбітшілік пен тұрақты дамуды қам­тамасыз ету үшін парламенттік қыз­мет тақырыбына арналған интерактивті жалпы пікірталастарда сөз сөйледі. Осы ретте Нұрлан Нығматулин біздің еліміздің халықаралық ұстанымдарға сәйкес тұрақты дамуға жол ашатын Қазақстанда қолға алынып жатқан маңызды бастамалар туралы айтты. Палата Спикері атап өткендей, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ықпалды мемлекет пен әділ қоғам құрудың тұжырымдамалық негізін қалады. Осы саяси бағытты бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жалғастырып келеді. – Парламент реформаларды дер кезінде заң деңгейінде қамта­масыз ете отырып, белсенді қызмет атқаруда. Мәселен, сайлау заңна­масы мен сот жүйесін жетілдіруге бірқатар маңызды заң қабылданды. Сонымен бірге саяси партиялар, бейбіт жиналыстар, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнама­лық актілерге де көптеген өзгеріс енгізілді, – деді Мәжіліс Спикері. Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин Қазақстанның жаһандық және өңірлік деңгейлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіне көңіл бөлді. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлерге байланысты тікелей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Бұл мамандан­ды­рылған құрылым биологиялық қауіп­терді болдырмауға ықпал ете­ді. Біз осы маңызды қазақстан­дық бастаманы әріптестеріміз белсенді түрде қолдайды деп сенеміз, – деді Мәжіліс Спикері. Сонымен қатар Нұрлан Нығ­матулин халықаралық күн тәрті­біндегі Ауғанстандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіру сияқты өзекті мәселе туралы айта келіп, бүгінде ең маңыздысы Ау­ғанстандағы гуманитарлық және азық-түлік дағдарысына жол бермеу екеніне назар аударды. Парламенттер спикерлерінің V Дүниежүзілік конференциясы аясында Нұрлан Нығматулин еуро­палық және азиялық парламентшілермен, халықаралық парламенттік ұйымдар басшыларымен, сондай-ақ ұлттық делегация өкіл­дерімен екіжақты кездесулер өткізді. Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекомен кездесу барысында одан әрі өзара іс-қимылдың келешегі жайы тал­қы­ланды. Сонымен қатар Мәжіліс Спикері қазақстандық Парламент өкілдері негізгі құқықтар мен бос­тандықтарды сақтай отырып, бар­лық адамдар үшін тең мүмкін­дік­терді қамтамасыз ететін, әлеуметтік әділ және қауіпсіз әлем пайымына негізделген Парламентаралық одақ­тың қағидаттарын ұстана­тынын атап өтті. Мәжіліс Спикері Парламент өкілдеріне толеранттылық пен мә­дени сан алуандық идеологиясын ілгерілету, жаһандық күн тәр­тібін­дегі өзекті мәселелерді бейбіт жол­мен шешуге және ымыраға ке­луге шақыру қажет деп есептейді. Мәжіліс Төрағасы өзінің ис­пан­дық әріптесі – Депутаттар конгресінің спикері Меритчель Батетпен кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси рефор­маларға, сондай-ақ әйелдер мен жастардың саяси өміріне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге, партия­лар­дың Парламентке өтуінің шекті деңгейін 7-ден 5%-ға дейін төмен­детуге, сайлау бюллетеньдеріне «бар­шаға қарсы» бағанын енгізуге және тағы басқа мәселелерге қа­тыс­ты өзгерістерге назар аударды. Одан әрі Корея Республикасы ұлттық ассамблеясының төрағасы Пак Бён Сокпен кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту тақырыбы жалғасын тапты. Тараптар қазақстандық және кореялық Парламент өкілдерінің өзара іс-қимылының кеңеюі екі мемлекет басшыларының уағда­лас­тықтарын іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин атап өткендей, жақында Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары екі ел­дің саяси диалогін дамытуға және стратегиялық серіктестігін ке­ңей­туге серпін берді. Мәжіліс Спикері Әзербайжан және Қырғыз Республикасы пар­ламенттерінің басшылары Сахиба Гафарова және Талант Мамытовпен кеңауқымды мәселелерді талқылады. Нұрлан Нығматулин Парламент өкілдерінің, соның ішінде түркі институттары аясындағы бірлескен сындарлы жұмысы бауырлас халықтар мен елдер ара­сындағы жан-жақты өзара іс-қимылды, достық пен тату көр­шілікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар Мәжіліс Төра­ғасы Түркітілдес елдер парламенттік Ассамблеясының биылғы қыр­күйек айының соңында Түркістан­да өткізілуі жоспарланған X пле­нар­лық отырысы алдағы ынты­мақ­тастық үшін жаңа перспективалық бағыттарды ашатынын атап өтті. Парламенттер спикерлерінің V Дүниежүзілік конференциясы аясында Нұрлан Нығматулин Бельгия Өкілдер Палатасының Спикері Элиан Тильемен де келіссөздер жүргізді. Парламенттер спикерлерінің V Дүниежүзілік конференциясы аясында Нұрлан Нығматулин Бельгия Корольдігі федералдық пар­ламентінің спикерлері: өкілдер палатасының төрағасы Элиан Тильемен және Сенат төрағасымен Стефани Д ' Озбен келіссөздер жүргізді.

А.ҚҰРМЕТ