Балаларды алдап, вакциналауға қол қойдырып жатыр – фейк
Балаларды алдап, вакциналауға қол қойдырып жатыр – фейк
125
оқылды

Әлеуметтік желіде мектеп оқушы­ларын вакциналау туралы тағы бір фейк тарады. Stopefake.kz мәліметінше,  ата-аналар оқушылар қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықпен танысып, оған қол қойып жатқанына алаңдап жатыр.

Ережемен танысу дерегін растап, журналға қол қою бала үшін қауіпті болуы мүмкін. Олар­дың айтуынша, балаға коронавирусқа қарсы вакциналауға келісім қағазы берілуі ықтимал. Артынша Білім және ғылым министрлігі ата-ана алаңдаушылығына қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, қауіпсіздік техникасы ережелерімен танысқанын растайтын қолтаңбаны оқушылар жеке бланкіге емес, арнайы журналға қояды. Сонымен қатар нұсқаулықпен таныстыру оқушылар құқығын бұзу болып саналмайды. «Нұсқаулық өткізу туралы міндетті түрде кіріспе тіркеу журналына жазылады. Әрбір нұсқаулық кезінде журналды толтыру міндетті саналады. Бұл ретте журналдағы жазбаларда нұсқаушы мен білім алушылар туралы ақпарат, нұсқаулық өткізу күні мен тақырыбы және нұсқаушы мен оқушылар қолы қойылған болуы тиіс. Журналдағы ақпарат ата-ана құқығын бұзбайды, өйткені оқушының қолы оның әртүрлі жағдайда қауіпсіз әрекет ету шараларымен таныс екенін растайды», – деп түсіндірді БҒМ. Сәйкесінше білім алушылар мен тәрбие­ленушілерге медициналық көмек  Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 сәуірдегі № 141 бұйрығына сәйкес көрсетіледі. Осы бұй­рықтың 18-тармағына сәйкес, мектеп жоспарлы түрде профилактикалық тексерулер, вакцинация немесе басқа да медициналық қыз­меттер көрсету кезінде жазбаша ақпараттан­дырылған келісім алуға немесе медициналық араласудан бас тартуға көмек көрсете алады. Мұндай құжатқа кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе заңды өкілі қол қоюы керек екен. Сол үшін мектептерде коронавирусқа қарсы вакциналау келісімі бланкін кіріспе нұсқаулықты тіркеу журналы деп беріп, балаларды егілуге рұқсат беруге мәжбүрлемейді. Біріншіден, мұндай әрекеттер заңсыз, екіншіден, журнал медициналық процедураларды жүргізуге ақпараттандырылған келісім нысанынан мүлдем өзгеше.

А.ЖОЛДАС