Токиодағы сәтсіздіктен соң...
Токиодағы сәтсіздіктен соң...
163
оқылды

Күншығыс елінде өткен XXXII Жазғы Олимпиада ойындары қазақ спортын­дағы «алтынсыз, күміссіз Олимпиада» ретінде тарихта қалды. Төртжылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы 8 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 83-орын алды. Сарапшылар мұн­дай төмен көрсеткіш ел спортының қазіргі шынайы көрінісі екенін айтып қана қоймай, ел спортына түбегейлі реформа қажет деп санайтынын жеткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Токиодағы жарыстан сабақ алып, Парижде өтетін Олимпиадада халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізуді міндеттеді.

– Бұқаралық және балалар спортын да­мытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет. Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді, – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі па­рақшасында. Олимпиададағы сәтсіздіктен кейін алқалы отырыс та өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша маңызы тапсырмалар берілді. Бұл ретте Президенттің тапсырмасы бойынша ең алдымен бұқаралық және балалар спортымен айналысу барынша қол­жетімді болуы тиіс. Осыған байланысты биыл халықтың спортпен шұғылдану көрсеткішін кем дегенде 35 пайызға жеткізу көзделіп отыр. «Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорт­тық тапсырыс көлемін ұлғайту, қосымша балалар, жасөспірімдер клубтарын, балалар-жеткіншектер спорт клубтарын ашу, мектеп және студенттер спорт лигаларының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту тапсырылды», – деп жазылды арнайы кеңестің ресми хабарламасында. Жиында Қостанай, Атырау және Маң­ғыстау облыстарында спорт мектеп-интернат­тарының құрылысын бастауға тапсырма берілді. Себебі осы өңірлерде ондай нысандар атымен жоқ. Ал қалған аймақтар спорт объек­тілерінің материалдық-техникалық деңгейін кө­теруі тиіс. Жыл соңына дейін әкімдіктер 43 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құры­лысын аяқтауға міндетті. Мұнымен қоса Work-out алаңдары мен басқа да шығынсыз спорт ғимараттарының желісін кеңейту керек. Сон­дай-ақ спорт нысандарының толық жүктелуіне ерекше назар аудару қажет. Бұдан бөлек, тағы бірқатар маңызды тапсырма берілді. Ендігі кезекте Токиодағы сәтсіздіктен соң спорт саласында нақты қандай шешімдер қабылданатынын көпшілік тағатсыздана күтуде. Бұл ретте алдымен қай істе ағаттық жібергенімізді де ескерген жөн. Ол туралы айтсар болсақ спорттың қай түрі болмасын легионерлерге басымдықты беріп қойға­нымыз, өз спортшыларымыздың қарым-қабілетін аша алмай жүргеніміз, білікті бапкер даярлау ісін де оқсата алмағанымыз, бапкерлер арасындағы бәскелестіктің жоқтығы және өзге де өзекті өртейтін түйткілді мәселелер алдымыздан кесе-көлденеңдеп шыға келеді. Расымен де елімізде көптеген спорт түрлері бойынша кадр, маман тапшылығы анық байқалады. Олай дейтін себебіміз Кеңес Одағы тұсында жұмыс істеген бапкерлердің көпшілігі зейнетке шығып кетті. Олардың ізін басатын білікті мамандар аз. Бапкерлердің айлықтары, әсіресе балалар спортын жаттық­ты­рып жүрген жаттықтырушылардың жала­қылары төмен. Елімізде жүрген кезде лайықты деңгейде бағаланбаған білікті бапкерлер де нәпақасын шет елден іздеуде. Мәселен Өзбекстан құрамасының зілтеміршісі Акбар Джураевтың Токио төрінде ауыр атлетикадан ерлер арасында 109 келіге дейінгі салмақта алтын алуына көмектескен бапкер Ержас Болтаев өзіміздің маман. Өзбекстан құ­рамасына кеңесші болып қызмет атқарып жүрген Ержастай білікті бапкерлерді бағалай алмай жүргеніміз өкінішті. Тағы бір кем­шілігіміз, Қазақстанда Олимпиадада ең көп медаль түсетін жеңіл атлетика, суға жүзу спорт түрлеріне де бізде жеткілікті түрде көңіл бө­лінбей келеді. Содан да шығар, аталған спорт түрлерінен жүлде алудың өзі біз үшін үлкен жетістік саналады. Міне, осындай бірқатар кемшіліктерді ретке келтіру үшін халықаралық аренадағы жетістіктерімізге жаңа серпін беріп, спортымызды жаңа дең­гейде жетілдіре түсу үшін білікті мамандардың саны артып, заманауи спорттық инфрақұры­лымдар да көптеп бой көтергені жөн. Бұл ретте спортшылардан бөлек бапкерлер даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Осы мәселе бойынша таяуда Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жө­ніндегі вице-президенті Бақтияр Артаев алдағы уақытта боксшыларды дайындау жүйесі өзгеруі мүмкін екенін, себебі Қазақ­станда әлі күнге дейін жаттығу кезінде ке­ңестік жүйедегі әдістер қолданылатынын жеткізді. – Біз Кеңес үкіметінің дайындығынан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Күніне үш мезгіл дайындықтың өзі балаларға өте ауыр. Сондықтан дайындық кезеңі өзгеруі мүмкін. Бапкерлер мәселесін қарастырамыз және боксшылар рационын да өзгертетін шығармыз, – деді Артаев. Көп өтпей бокстан Қазақстан құрамасы­ның бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев қыз­метінен кетіп, оның орнына Қайрат Сәтжанов келді. Бокстан әйелдер құрамасының да бас бапкері ауысты. Алда өзге де спорт түрлері бойынша үлкен өзгерістер болмақ. Жуырда «Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылды. Осылайша, елімізде бұқаралық спортты дамытудың жаңа стра­тегиясы әзірленбек. Бұл туралы «Қазақстан спортын трансформациялау» жобасының жетекшісі Қамбар Омаров айтты. Ол «Трансформация бойынша жобалық кеңсе» бұдан былай спортты түрлендіруге жауапты болады деді. Сонымен қатар кеңсе Ұлттық Олимпиада комитетімен, Ұлттық Паралимпиада комитетімен, федерациялармен өзара байланыста болады. Мұнымен қоса, жобалар топтамасы құрылып, басқару жүйесі жетілдіріледі. Трансформация бойынша топ жеті стратегиялық бағытты белгілеген. Біріншісі – балалар спортын дамыту. Екіншісі басқару жүйесінің трансформациясы болса, үшіншісі – кадрлық саясатты жетілдіру. Ал төртінші бағыт – заңнамалық реттеу. Бесіншісі – спортшыларды медициналық-биологиялық тұрғыда қамтамасыз ету. Ал спорттық инфрақұрылымды дамыту алтыншы басымдық. Соңғысы – халықаралық ынтымақтастық. Осының әрбіріне жол картасы әзірленеді. «Әр нәрсенің бір қайыры бар» демекші, Токиодағы сәтсіздік еліміздің спорт саласы­ның тізгінін ұстағандар үшін ащы сабақ болды. Бұл спорт саласына жаңаша сілкініс, үлкен реформа, бірқатар өзгеріс қажет екенін анық көрсетті. Тоқетерін айтқанда, бүгінгі қазақ спортында шешімін табуы тиіс күрмеулі мәсе­лелер баршылық. Ендігі міндет сол мәселелерді шешу. Қалай болғанда да Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойын­дарда халық үмітін ақтайтындай нәти­жеге қол жеткізуіміз керек.

Абылайхан ЖҰМАШ