Трұмов қызметінен неге кетті?
Трұмов қызметінен неге кетті?
174
оқылды

Жақында ғана Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының әкімі қыз­метінен босатылып, бұл орынға Нұрлан Ноғаев тағайындалды. Біздің байқауымызша, экс-әкім атанған Трұмовтың атқарған жұ­мы­сына билік басындағылардың көңілі толмаған тәрізді. Ол өңірді басқарған шағында Маңғыстау аймағы шешілмеген біраз даумен есте қалғандай. Сонымен, біз 2 жылдан астам облыс басшысы бол­ған Серікбай Трұмовтың атқар­ған істеріне шолу жасап көрсек. Қай тұстан жаңылды, қай мәселе­лердің ретін тапты?

Вакцинаға қарсылық, қуаңшылық пен еңбек даулары

Сөздің шыны керек, шенді азамат өңір бас­шысы болған кезеңде көп сынның ас­тында қалды. Мәселен, соның бірі ретінде елге ма­ңызды вакциналау процесінде Маң­ғыс­таудың ылғи соңғы орында жүргенін айтуға болады. Үкімет бұл нәтиже үшін бірнеше рет жанамалап ескерту айтқандай сыңай танытты. Дегенмен облыс бәрібір вакци­налаудан ілгері баспады. Қыркүйек айының басындағы ақпар бойынша, 740 мыңнан астам халқы бар аймақта екпе алғандардың үлесі 39 пайызға да жетпеген. Жансақтау бөлімдері 85 пайызға толы. Осы күні толық екпе алғандар саны 115 мыңға да жетпепті. Бұған Трұмовтың қиналғанын аңғардық. Шілде айындағы сұхбатының бірінде «вакцина салдырғандарды көбейту үшін лотерея ұйымдастырып, пәтер ой­на­туды ойластырып жатырмыз» деп ақтал­ған­дай болды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері өңірге қайта-қайта барып, «табан тоздырды». Бұл аздай аймақтағы «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының 100 шақты жұмысшысы вакцинаға қарсылық танытып, ереуілге шықты. Осыдан-ақ вакциналау қарқынын күшейту облыс үшін оңайға соқпайтынын көрдік. Бәрінен бұрын жаңа оқу жылы дәстүрлі форматқа көшкенде маңғыстаулық мұғалімдер толық вакцина алмаған болып шықты. Тамызда Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов «елдегі ұстаздардың 99 пайызы екпе алды» деп хабарлаған. Ал мұнайлы өңірде бұл көрсеткіш 70 пайыздан енді ғана асқан екен. Айтпақшы, былтыр lada.kz сайты коронавирус ахуалына байланысты өңірдегі жағдайдың шынайы бет-бейнесін ашты. «Мәйітханадан бір күнде вирустан көз жұмған 9 адамдай шығып жатқанда» әкімдіктің ресми дерегінде бұл сан бірнеше есе аз болып көрсетілді. Ал адам есебімен ойнауға бола ма? Бұл – бір. Биыл Маңғыстаудағы қуаңшылық ел есінен кетпестей болып қалды. Көпшілік әкімді «жағдайды алдын ала болжамады» деген сыңайда кінәлаған. Әкімдік ресми түрде «1,5 мыңнан астам мал қырылды» деді. Расында, бұдан әлдеқайда көп бол­ғанға ұқсайды. Қош, су тапшы өңірде құрғақ­шы­лық болуы заңды дерсіз. Бірақ өзге өңір­­лерден тонналап жемшөп жет­кізіл­генде мал азығының бағасы өсіп кетті. Тіпті, талас болғаны жасырын емес. Ба­ғаны реттей алмаған әкімдіктің ісінен кейін Трұмов жемшөп мәселесін жөнді ұйым­дастыра алмады деген айып тағылды. Бұл – екі. Бұдан соң облыста еңбек даулары басылмай тұр. Ереуілдерге тек мұнайшылар ғана емес, басқа сала жұмысшылары да шықты. Олар қауіпті жерде жұмыс істей­тінін айтып, жыл соңында 13-жалақы беруді, емге ақша төлеуді, ПТР-тестіне қар­жы бөлуді талап етті. Ереуілге шық­қандар шетелден келген жұмысшылардың қазақстандықтардан көбірек жалақы алатынын, менеджерлердің жұмысшылар­дан көп табыс табатынын, кәсіподақтардың үнемі лауазымды тұлғалардың ықпалында болатынын да айтты. 30 маусымда «ӨзенМұнайГаздың» мердігер мекемесі «КЕЗБИ» компаниясының 600-ден астам жұмысшысы ереуілге шықты. 21 шілдеде Жаңаөзендегі Оilfield equipment and services және «Ақтау мұнай сервис компа­ниясы» ЖШС жұмысшылары жұмысты тоқтатып, жалақыны өсіруді, жұмыс ор­нында тамақтандыруды талап еткен. Одан бұрын 15 шілдеде «Өзенмұнайгаз» бен «Өзенмұнайсервис» компанияларына қыз­мет көрсетететін «МұнайСпец­Снаб­ком­пани» мекемесінің 130-дай көлік жүргізу­шісі жұмысын тоқтатқан. Олар қолға алатын жалақы 110 мың теңгеден аспай­тынын айтып, жалақыны 100 пайыз өсіруді талап етті. Бұл тұста ереуілдерді «компа­ниялар мен жұмысшылардың келіспеуі» деп бағалап, әкімдікті ақтап алуға болатын еді. Бірақ ереуілдер бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқанын ескерсек, әкім екі тарапты келіссөзге шықырып, ымыра­ластыруға тиіс болған. Бұл – үш. Бәлкім, кемшілік деп атауға келмес, алайда жұрт Серікбай Трұмовтың «тым жуас» болғанын жиі айтады. «Қоластын­дағы қызметкерлерді еркіне жіберіп, жұмыс процесін кешеуілдетті» дейтіндер бар. Сол жуастығынан ба, әкімдер рейтингінде көбіне көштің соңғы жағында жүрді. Біз осылай экс-әкімнің «жаңылысты-ау» деген тұсын тізбектеп шықтық. Ал ол қандай мәселелерді шешіп еді?

Тұрғын үй мен жолдар мәселесін шешті

Серікбай Трұмов әкім болып отырған 2 жылдан астам уақыт оңай болмағаны рас. Пандемиямен арпалысып жүрген өңірге қуаңшылық пен жұмысшылар ереуілі «жығылғанға жұдырық» болып тигені анық. Сол үшін экс-әкімнің атқарған кейбір істерін де жоққа шығарар ниеттен аулақпыз. Бірқатарын айтып өтсек. Трұмовтың өзі құрылысқа жақын болған соң ба, Маңғыстау өңірі соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы бойынша республикада үздік үштік қатарында жүрді. Екі жылда 20 мыңдай отбасы қоныстойын тойлапты. Облыс автожолдардың сапасы бойынша елімізде бірінші орынға шықты. Өңірде 245 ша­қырым жол жаңартылған. Ауызсу мәселесін шешемін деп Трұмов «Каспий су тұщыту» зауытының қуаттылығын 40 мың текше метрге арттыруды көздеді. Жаңаөзендегі Кен­дірлі курорттық аймағында қуаты тәу­лігіне 50 мың текше метрлік және «Қаз­МұнайГаз» АҚ Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метрлік су тұщыту зауытының құрылысын салу жобасын іске асыруды жоспарлады. Алайда бұл жоспарын толық іске асыра алмай кетті. Ең маңыздысы, Маңғыстау инвестиция көздерін тарту бойынша үздік аймақтар қатарынан түспеді. 2021 жылы облыста 270 млрд теңгеге жуық қаржыға 20 инвести­циялық жоба құрылған екен. Қош, мін тауып, сын айтып, қажет жерінде мақтау айту бола берер дүние. Ал осы өңірде тұрып жатқан қоғам белсенділері экс-әкімнің жұмысына қандай баға береді?

Белсенділер не дейді?

Жәнібек             Жәнібек ҚОЖЫҚ, қоғам белсендісі: – Біріншіден, Трұ­мов әкім болып келген бойда облыстың бюд­жетінде тапшылық бар еді. Оның алдында сам­мит пен түрлі шара өтіп, қаржы сарқылды. Был­тыр мұнай 20 долларға дейін түсті. Сол кезде «резервпен ұстау» жоспарын құрып, 96-97 пайыз қаражаты мұнай мен газдан келетін өңірді сақтап қалды. Екіншіден, 2020 жылы пандемия келді. Әкімде еш ашықтық болмай қалды. Үшіншіден, қуаңшылық. Онсыз да пандемия мен вакцина мәселесін шеше алмай жүріп, тағы бір мәселе жағадан алды. Бұрыннан бері Маңғыстауда су тапшылығы бар. Оны Трұмов та, алдыңғы әкімдер де шеше алмай кетті. Төртіншіден, ереуілдер Маңғыстауда 2006 жылдан бері үзілмей келе жатыр. Компаниялар жұмысшыларға 5 жылдық жалақысының 50 пайызын бірден берді. Бұл 5/50 аталып кеткен. Содан соң қо­сымша компаниялар көбейіп, бұрын 250-300 мың жалақы алатын жұмысшыларға 100-150 мың теңге айлық ұсынды. Екі есе төмен жалақыға кім де болса наразылық білдірмек. Ереуілді тоқтатып, компания­лар­ды ымыраға шақыру Трұмовтың қо­лы­нан келмес еді. Себебі бұл компания­лардың артындағы күштер астанада отыр­ғанын жасыра алмаймыз. Су тұщыту за­уыт­тарын қолға алды. Газбен қамтылу 99 пайызға шешілді. Туризмді дамыту үшін біршама тырысқанын көрдік. Экономи­калық даму жағынан облыс үздік үштікте тұрды. Трұ­мовтың кемшілігі, өз ісін жарна­малау жағынан осалдығында. Жуастығын да жиі айтады. Әйтпесе, маған ылғи мем­лекеттік тілде сөйлейтіні ұнаған. Бұдан бөлек, осы әкім өзіне қарсы шыққандарды қудалап немесе соттатқанын көрген емеспін. Аят             Аят ИСАТАЙҰЛЫ, қоғам белсендісі: – 2019 жазында келгенде бұл кісі бюд­жеттегі дефицит мәсе­лесін ұтымды шешкен. Бар шамасын өндіріске арнайтын. Соның ар­қасында облыс эко­но­микалық даму бойынша үздік үштікте тұрды. Бірақ ісі біраз тұралады. Себеп – пандемия. Ты­рысып баққанын көрдік. Бұрыннан бері шешілмей келе жатқан мәселенің пандемия бетін ашты. Әйтпесе, кадрлық өзгерістерін қолдаймын. Көрінбеген жергілікті азамат­тарды көп қызметке тартты. Медиа кеңіс­тікте бәсеңдеу қимыл­дағаны рас. Ал еңбек даулары, құрғақшы­лық бұрыннан бар еді. Ереуілге шыққан­дарды кінәлай алмаймыз. Себебі жалақы расымен аз. Вакциналауға келер болсақ, ереуіл үдеп жатқанда ол процесті жақсы атқаруға мүмкіндік болма­ды. 8-10 жыл са­йын Маңғыстауда қуаң­шылық қайта­ланады. Бұл тұста Ауыл ша­руашылығы басқармасының айыбы бол­ғандай. Жалпы, кризис менеджер ретінде танылған. Бірақ ісін жарнамалауға жоқ. Әйт­песе, кезінде Жаңаөзенге әкім болып, ха­лықтың алғы­сына бөленген адам болатын.

Мадияр ТӨЛЕУ