Жақында ғана Серікбай Трұмов Маңғыстау облысының әкімі қызметінен босатылып, бұл орынға Нұрлан Ноғаев тағайындалды. Біздің байқауымызша, экс-әкім атанған Трұмовтың атқарған жұмысына билік басындағылардың көңілі толмаған тәрізді. Ол өңірді басқарған шағында Маңғыстау аймағы шешілмеген біраз даумен есте қалғандай. Сонымен, біз 2 жылдан астам облыс басшысы болған Серікбай Трұмовтың атқарған істеріне шолу жасап көрсек. Қай тұстан жаңылды, қай мәселелердің ретін тапты?
Вакцинаға қарсылық, қуаңшылық пен еңбек даулары
Сөздің шыны керек, шенді азамат өңір басшысы болған кезеңде көп сынның астында қалды. Мәселен, соның бірі ретінде елге маңызды вакциналау процесінде Маңғыстаудың ылғи соңғы орында жүргенін айтуға болады. Үкімет бұл нәтиже үшін бірнеше рет жанамалап ескерту айтқандай сыңай танытты. Дегенмен облыс бәрібір вакциналаудан ілгері баспады. Қыркүйек айының басындағы ақпар бойынша, 740 мыңнан астам халқы бар аймақта екпе алғандардың үлесі 39 пайызға да жетпеген. Жансақтау бөлімдері 85 пайызға толы. Осы күні толық екпе алғандар саны 115 мыңға да жетпепті. Бұған Трұмовтың қиналғанын аңғардық. Шілде айындағы сұхбатының бірінде «вакцина салдырғандарды көбейту үшін лотерея ұйымдастырып, пәтер ойнатуды ойластырып жатырмыз» деп ақталғандай болды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері өңірге қайта-қайта барып, «табан тоздырды». Бұл аздай аймақтағы «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының 100 шақты жұмысшысы вакцинаға қарсылық танытып, ереуілге шықты. Осыдан-ақ вакциналау қарқынын күшейту облыс үшін оңайға соқпайтынын көрдік. Бәрінен бұрын жаңа оқу жылы дәстүрлі форматқа көшкенде маңғыстаулық мұғалімдер толық вакцина алмаған болып шықты. Тамызда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «елдегі ұстаздардың 99 пайызы екпе алды» деп хабарлаған. Ал мұнайлы өңірде бұл көрсеткіш 70 пайыздан енді ғана асқан екен. Айтпақшы, былтыр lada.kz сайты коронавирус ахуалына байланысты өңірдегі жағдайдың шынайы бет-бейнесін ашты. «Мәйітханадан бір күнде вирустан көз жұмған 9 адамдай шығып жатқанда» әкімдіктің ресми дерегінде бұл сан бірнеше есе аз болып көрсетілді. Ал адам есебімен ойнауға бола ма? Бұл – бір. Биыл Маңғыстаудағы қуаңшылық ел есінен кетпестей болып қалды. Көпшілік әкімді «жағдайды алдын ала болжамады» деген сыңайда кінәлаған. Әкімдік ресми түрде «1,5 мыңнан астам мал қырылды» деді. Расында, бұдан әлдеқайда көп болғанға ұқсайды. Қош, су тапшы өңірде құрғақшылық болуы заңды дерсіз. Бірақ өзге өңірлерден тонналап жемшөп жеткізілгенде мал азығының бағасы өсіп кетті. Тіпті, талас болғаны жасырын емес. Бағаны реттей алмаған әкімдіктің ісінен кейін Трұмов жемшөп мәселесін жөнді ұйымдастыра алмады деген айып тағылды. Бұл – екі. Бұдан соң облыста еңбек даулары басылмай тұр. Ереуілдерге тек мұнайшылар ғана емес, басқа сала жұмысшылары да шықты. Олар қауіпті жерде жұмыс істейтінін айтып, жыл соңында 13-жалақы беруді, емге ақша төлеуді, ПТР-тестіне қаржы бөлуді талап етті. Ереуілге шыққандар шетелден келген жұмысшылардың қазақстандықтардан көбірек жалақы алатынын, менеджерлердің жұмысшылардан көп табыс табатынын, кәсіподақтардың үнемі лауазымды тұлғалардың ықпалында болатынын да айтты. 30 маусымда «ӨзенМұнайГаздың» мердігер мекемесі «КЕЗБИ» компаниясының 600-ден астам жұмысшысы ереуілге шықты. 21 шілдеде Жаңаөзендегі Оilfield equipment and services және «Ақтау мұнай сервис компаниясы» ЖШС жұмысшылары жұмысты тоқтатып, жалақыны өсіруді, жұмыс орнында тамақтандыруды талап еткен. Одан бұрын 15 шілдеде «Өзенмұнайгаз» бен «Өзенмұнайсервис» компанияларына қызмет көрсетететін «МұнайСпецСнабкомпани» мекемесінің 130-дай көлік жүргізушісі жұмысын тоқтатқан. Олар қолға алатын жалақы 110 мың теңгеден аспайтынын айтып, жалақыны 100 пайыз өсіруді талап етті. Бұл тұста ереуілдерді «компаниялар мен жұмысшылардың келіспеуі» деп бағалап, әкімдікті ақтап алуға болатын еді. Бірақ ереуілдер бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқанын ескерсек, әкім екі тарапты келіссөзге шықырып, ымыраластыруға тиіс болған. Бұл – үш. Бәлкім, кемшілік деп атауға келмес, алайда жұрт Серікбай Трұмовтың «тым жуас» болғанын жиі айтады. «Қоластындағы қызметкерлерді еркіне жіберіп, жұмыс процесін кешеуілдетті» дейтіндер бар. Сол жуастығынан ба, әкімдер рейтингінде көбіне көштің соңғы жағында жүрді. Біз осылай экс-әкімнің «жаңылысты-ау» деген тұсын тізбектеп шықтық. Ал ол қандай мәселелерді шешіп еді?Тұрғын үй мен жолдар мәселесін шешті
Серікбай Трұмов әкім болып отырған 2 жылдан астам уақыт оңай болмағаны рас. Пандемиямен арпалысып жүрген өңірге қуаңшылық пен жұмысшылар ереуілі «жығылғанға жұдырық» болып тигені анық. Сол үшін экс-әкімнің атқарған кейбір істерін де жоққа шығарар ниеттен аулақпыз. Бірқатарын айтып өтсек. Трұмовтың өзі құрылысқа жақын болған соң ба, Маңғыстау өңірі соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы бойынша республикада үздік үштік қатарында жүрді. Екі жылда 20 мыңдай отбасы қоныстойын тойлапты. Облыс автожолдардың сапасы бойынша елімізде бірінші орынға шықты. Өңірде 245 шақырым жол жаңартылған. Ауызсу мәселесін шешемін деп Трұмов «Каспий су тұщыту» зауытының қуаттылығын 40 мың текше метрге арттыруды көздеді. Жаңаөзендегі Кендірлі курорттық аймағында қуаты тәулігіне 50 мың текше метрлік және «ҚазМұнайГаз» АҚ Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метрлік су тұщыту зауытының құрылысын салу жобасын іске асыруды жоспарлады. Алайда бұл жоспарын толық іске асыра алмай кетті. Ең маңыздысы, Маңғыстау инвестиция көздерін тарту бойынша үздік аймақтар қатарынан түспеді. 2021 жылы облыста 270 млрд теңгеге жуық қаржыға 20 инвестициялық жоба құрылған екен. Қош, мін тауып, сын айтып, қажет жерінде мақтау айту бола берер дүние. Ал осы өңірде тұрып жатқан қоғам белсенділері экс-әкімнің жұмысына қандай баға береді?Белсенділер не дейді?
Мадияр ТӨЛЕУ