Аштық жариялағандарға назар аударған адам жоқ
Аштық жариялағандарға назар аударған адам жоқ
182
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов тау-кен байыту комбинатының акционерлері арасын­дағы дау-жанжалдың салдары жұмысшылардың аштық жариялауына әкеліп соқтырды. Олар облыс әкімінің, прокурорының және бас полицейінің отставкаға кетуін, тыныш жұмыс істеуге мүмкіндік бе­рілуін, тұтқындалған тауардың қайтарылуын және алдағы уақытта шикізат тиелген көліктердің тоқ­татылмауын талап етуде. Өкінішке қарай, 400 әріптесінің мүддесі үшін төрт жұмысшының нәр сызбай отырғанына он күннен асса да, әзірге олардың жанайқайына ешкім құлақ аспады.

  https://youtu.be/tNuqL-qE1YU Кәсіпорынның механигі Виктор Гусак, кадр бөлімінің инспекторы Ека­терина Иванова, қауіпсіздік қызметінің қызметкері Абзал Ибрагимов және заңгер Булат Душкаев шарасыздықтан дәл Конституция күнінде аштық жария­лады. Ондағы мақсат – Обухов тау-кен байыту комбинатының түйткілдеріне билік басындағылардың назарын аударту (AIQYN, №116 (3973), 7 тамыз, 2021 жыл). Олар сыбайлас жемқорлықтың сал­дарынан кәсіпорын осындай жы­ларман күйге тап болғанын айтады. Тау-кен комбинаты өндірген титан-цирконий концентратын кәсіпорын аумағынан шығаруға тыйым салынғандықтан, жүк тиелген көліктер полиция қосынында қаңтарулы тұр. Тауар сатылмаған себепті жұмысшыларға екі айдан бері еңбекақы мен сыйақы төленбеген. Жұмысшы­лар­дың 90 пайызы мәжбүрлі демалысқа жі­берілді. Себебі комбинат акционерлерінің бірінің өтініші бойынша мұнда 7 тамыз­дан бері электр жарығы жоқ. Бірақ өнді­рісті тоқтатпас үшін серіктестік басшы­лығы дизель стансаларын сатып алғаны­мен, оның қуаты жеткіліксіз әрі шығыны көп. СҚО4 Зертхана және техникалық бақылау бөлімінің бастығы Наталья Александрова: «Біздің кәсіпорын электр қуаты үшін ешқандай қарызы жоқ. Сондықтан жа­рықты қосуын талап етіп отырмыз. Өзі­міз әртүрлі себепке байланысты аштық жарияламасақ та, әріптестерімізді қол­даймыз. Мысалы, менің кішкентай сә­биім бар, біреудің денсаулығы жарамай­ды, басқасы науқас ата-анасын бағып отыр. Ауылда тұратындар алдағы қысқа жемазық, отын-көмір әзірлеумен әлек болып жүр. Бірақ бәріміз де нәр сызбай отырған әріптестеріміздің жағындамыз. Бұл олардың денсаулығына кері әсер ететінін түсінеміз. Кәсіпорынның жұмы­сына қатысты заңсыздықтарға Үкімет және Президент Әкімшілігі назар аудар­ғанын қалаймыз. Бізге тыныш жұмыс істеуге мұрша берсе екен дейміз. Басқа талабымыз жоқ», – дейді.

ДЕНСАУЛЫҚ СЫР БЕРЕ БАСТАДЫ

Он күннен астам аш отырған кадр бө­лімінің инспекторы Екатерина Ива­нова күннен-күнге әлі құрып, денсаулығы сыр бере бастағанын айтады. «Бүгін таңертең қозғалуға шамам болмады. Су ғана ішеміз. Құр су ғана ішкен адам 30-40 күннен кейін жоқ болады. Билік басын­дағылар соны күтіп отырған шығар? Бірақ біз де райымыздан қайтпақ емеспіз. Біз не істесек те, назар аударған ешкім жоқ екенін халық білуі керек. Ол үшін біз емес, басқалар ұялсын. Бізді шетелдіктер де бақылап отыр. Ерте ме, кеш пе, біздің жанайқаймызды естір құлақ табылар. Төртеуміз де аштыққа қарамастан, жұ­мысымызды істеп жүрміз. Әбден есіміз­ден танып қалғанша жалғастыра бер­мекпіз», – дейді 32 жастағы Екатерина. СҚО3 Аштық жариялаған төртеудің ден­саулық жағдайын кәсіпорын фельдшер­лері төрт сағат сайын қадағалап отыр. Медицина қызметкері Ксения Густтың айтуынша, олардың қан қысымы не көтеріліп, не түсіп кеткен. «Бойларында әлсіздік, ұйқышылдық, күйзеліс басым, жата бергілері келеді. 5-7 келі салмақ тастады. Кеше анализдері Көкшетау ­қа­ла­сындағы MIRANDUS медицина орта­лығының зертханасына тәуелсіз талдауға жіберілді», – дейді фельдшер Ксения Густ.

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН «КИНО» МА?

Бұл олардың шын мәнісінде ашығып жатқанын дәлелдеу үшін қажет көрінеді. Бүгінде комбинат жұмысшыларының аштық жариялағанына күмәнданушылар көп. Мұның бәрі комбинат директо­ры­ның қолдан жасаған «киносы» деген пі­кір қалыптасып отыр. Алайда жұмыс­шылар мұны жоққа шығарып бағуда. «Аштық жариялаған әріптестеріміз арнайы вагонда жатыр. Оларды тәулік бойы онлайн режимде бақылауға болады. Сенбеген адамдар осылайша көз жеткіз­сін», – деген Наталья мен Екатеринаның сөзі бір жерден шықты. Фельдшер болса, зертханалық тал­даудан кейін қан құрамындағы көрсет­кіштердің нашарлауы, салмақтарының азаюы, жалпы жағдайына қарап шыны­мен ашыққанын дәлелдеуге болатынын айтады. СҚО1 Кадр бөлімінің инспекторы Екате­ринаның айтуынша, кәсіпорын басшы­лығы олардың бұл қадамын құптап отыр­ған жоқ, бірақ тыйым да сала алмайды. «Қазір интернетте бізді кәсіпорын басшылығы қорқытып-үркітіп, аштық жариялау, бейбіт митингке шығу сияқты қадамдарға баруға мәжбүрлеуде деген жазбалар пайда болды. Олай емес екенін атап айтқым келеді. Жұмысшылар әбден қажығандықтан, осындай шараларға баруға мәжбүр болып отыр. Олар жұмыс істеп, табыс тапқысы келеді», – деді Наталья Викторовна. Комбинат жұмысшылары аштан бұра­тылып жатқан әріптестеріне күнде барып, хал сұрауда. Олардың жағдайын өз көздерімен көргендіктен, басқа жұ­мыс­шылар да аштық жарияланғанын рас­тап отыр. Қалай болғанмен, нара­зылық шарасы басталғалы он күннен асып кетсе де, бұған назар аударған бірде-бір билік өкілі жоқ. Аштық жариялағандар да алған беттерінен қайтпақ емес. Теке­тірес немен аяқталары белгісіз.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы