Солтүстік Қазақстан облысындағы Обухов тау-кен байыту комбинатының акционерлері арасындағы дау-жанжалдың салдары жұмысшылардың аштық жариялауына әкеліп соқтырды. Олар облыс әкімінің, прокурорының және бас полицейінің отставкаға кетуін, тыныш жұмыс істеуге мүмкіндік берілуін, тұтқындалған тауардың қайтарылуын және алдағы уақытта шикізат тиелген көліктердің тоқтатылмауын талап етуде. Өкінішке қарай, 400 әріптесінің мүддесі үшін төрт жұмысшының нәр сызбай отырғанына он күннен асса да, әзірге олардың жанайқайына ешкім құлақ аспады.
https://youtu.be/tNuqL-qE1YU Кәсіпорынның механигі Виктор Гусак, кадр бөлімінің инспекторы Екатерина Иванова, қауіпсіздік қызметінің қызметкері Абзал Ибрагимов және заңгер Булат Душкаев шарасыздықтан дәл Конституция күнінде аштық жариялады. Ондағы мақсат – Обухов тау-кен байыту комбинатының түйткілдеріне билік басындағылардың назарын аударту (AIQYN, №116 (3973), 7 тамыз, 2021 жыл). Олар сыбайлас жемқорлықтың салдарынан кәсіпорын осындай жыларман күйге тап болғанын айтады. Тау-кен комбинаты өндірген титан-цирконий концентратын кәсіпорын аумағынан шығаруға тыйым салынғандықтан, жүк тиелген көліктер полиция қосынында қаңтарулы тұр. Тауар сатылмаған себепті жұмысшыларға екі айдан бері еңбекақы мен сыйақы төленбеген. Жұмысшылардың 90 пайызы мәжбүрлі демалысқа жіберілді. Себебі комбинат акционерлерінің бірінің өтініші бойынша мұнда 7 тамыздан бері электр жарығы жоқ. Бірақ өндірісті тоқтатпас үшін серіктестік басшылығы дизель стансаларын сатып алғанымен, оның қуаты жеткіліксіз әрі шығыны көп.ДЕНСАУЛЫҚ СЫР БЕРЕ БАСТАДЫ
Он күннен астам аш отырған кадр бөлімінің инспекторы Екатерина Иванова күннен-күнге әлі құрып, денсаулығы сыр бере бастағанын айтады. «Бүгін таңертең қозғалуға шамам болмады. Су ғана ішеміз. Құр су ғана ішкен адам 30-40 күннен кейін жоқ болады. Билік басындағылар соны күтіп отырған шығар? Бірақ біз де райымыздан қайтпақ емеспіз. Біз не істесек те, назар аударған ешкім жоқ екенін халық білуі керек. Ол үшін біз емес, басқалар ұялсын. Бізді шетелдіктер де бақылап отыр. Ерте ме, кеш пе, біздің жанайқаймызды естір құлақ табылар. Төртеуміз де аштыққа қарамастан, жұмысымызды істеп жүрміз. Әбден есімізден танып қалғанша жалғастыра бермекпіз», – дейді 32 жастағы Екатерина.ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН «КИНО» МА?
Бұл олардың шын мәнісінде ашығып жатқанын дәлелдеу үшін қажет көрінеді. Бүгінде комбинат жұмысшыларының аштық жариялағанына күмәнданушылар көп. Мұның бәрі комбинат директорының қолдан жасаған «киносы» деген пікір қалыптасып отыр. Алайда жұмысшылар мұны жоққа шығарып бағуда. «Аштық жариялаған әріптестеріміз арнайы вагонда жатыр. Оларды тәулік бойы онлайн режимде бақылауға болады. Сенбеген адамдар осылайша көз жеткізсін», – деген Наталья мен Екатеринаның сөзі бір жерден шықты. Фельдшер болса, зертханалық талдаудан кейін қан құрамындағы көрсеткіштердің нашарлауы, салмақтарының азаюы, жалпы жағдайына қарап шынымен ашыққанын дәлелдеуге болатынын айтады.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы