Алматы облысында балық шаруашылығы ақырындап болса да дамып келеді. Өзен-көлдер өрнектеген өлкеде табиғаттың өзі тарту еткен балық түрлерін аулап қана қоймай, оның бағалы түрлерін қолда өсіріп, табыс тауып отырғандар да баршылық.
Облыстағы заманауи тәсілмен өркен жайған балық шаруашылығы саласында жыл сайын 6 мың тоннадан аса тауарлы балық өндіреді. Балық шаруашылығына бөлінетін субсидия арқасында кәсіпкерлер осы жылдың 8 айы ішінде 3 мың тоннадан аса балықты саудаға шығарды. Кеген ауданының тұрғыны Ерсайын Көбенқұлов «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, ауылының жанындағы асау бұлақта ханбалық (форель, бақтақ) балығын өсірумен айналысуда. Негізгі мамандығы бойынша инженер-механик Ерсайын ұзақ уақыт Алматы қаласында жұмыс істеген. Кейінгі жылдары туған өлкеге оралып, мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдайды. Өз кәсібін дөңгелету мақсатында алдымен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асатын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Оқуын аяқтаған соң жобасын қорғап, туған мекені Кеген ауданына қарасты Талды ауылында ойлағанын жүзеге асыра бастайды. Ерсайын ханбалықтың бірнеше мың құрт шабағын бұлақ жанынан жабдықталған хауызға жібереді. Бұл қадам оның қазіргі табысты кәсібінің бастауы болды.– Су температурасы, ауылдың климаты бақтақты өсіруге тамаша мүмкіндік берді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама аясында алынған 4 млн теңге жеңілдетілген несие игілікті болды. Бұл сомаға балық өсіруге арналған арнайы хауыздар дайындап, қажетті құрал-жабдық пен жем сатып алынды. Балықты сатылымға шығару үшін 6 айдан аса уақыт кетеді. Жылына 2 рет, сәуір-мамыр айларында сатамыз. Сондықтан ары қарай дамыту мүмкіндігі мол балықтың осы түрін таңдадым, – дейді балық бағбаны.
Кәсіпкердің айтуынша, шаруашылық жылына сатылымға 6 мың тоннадан аса балық шығара алады. Жақын арада қосымша салынған тағы екі хауызға шабақ жіберуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жылына 20 мың тоннаға дейін балық дайындауға мүмкіндік береді. Қазір бақтақты туристер мен жергілікті тұрғындар сатып алуда. Басым бөлігі Еңбекшіқазақ ауданындағы форель шаруашылығына жеткізіледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, биыл Ерсайын Көбенқұлов осы кәсібіне қосымша аграрлы туризммен айналысуға да бел буыпты. Оның шаруашылығына келушілер өздері балық аулап, ұстаған балықтарын лезде пісіріп, қуырып, бірден сол жерде дәм тата алады. Киіз үйде демалып, атты тізгіндеп, моншаға түседі. Кәсіпкер осы бағытты дамыту үшін «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 3 млн теңге грант алды. Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының дерегі бойынша, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 3,1 мың жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылыпты. Өткен жылдары бітірген азаматтарды қоса есептесек, жоба бойынша оқытылғандардың 1 200-ден астам бизнес-жобасы гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алған. Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының хабарлауынша, Алматы облысында балық өсіруге маманданған 24 балық шаруашылығы субъектісі бар. Былтыр олар 943 тонна балық өсірсе, осы жылдың 8 айында 3 мың тоннадан астам дайын өнім алған.Болат АБАҒАН, Алматы облысы