Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағы дау шықты
Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағы дау шықты
©tengrinews.kz

9 қыркүйекте орталықтағы бейнебақылау камераларын қарау кезінде ұлдар жатын бөлмесінде мекеме тәрбиеленушілерінің жыныстық қатынасқа түспек болу әрекеті анықталды.

Жыныстық қатынас әрекетін мекеме қызметкері байқап, уақытында қажетті шаралар қабылдаған.

"Иә, бұл деректі растаймыз. Орталық қызметкерінің арқасында оқиғаның алды алынды. Қазір балаларға медициналық тексеру жүргізіліп жатыр, олармен психолог маман жұмыс істейді", - деді ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Жасұлан Сәрсебаев бірден оқиға орнына барған. Осы іс бойынша шаралар қабылданып, құқық қорғау органдары мен прокуратураға жолданған. Өңір әкімінің тапсырмасы бойынша ведомствоаралық комиссия құрылған.
"Аягөз балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" КММ директоры Шолпан Мақашеваның айтуынша, ұлдардың жағдайы қанағаттанарлық.
Айта кетейік, бұл ауыр психоневрологиялық патологиясы бар балалар ұсталатын Аягөз арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына (АӘҚКО) байланысты бірінші жағдай емес. Бүгінде орталықта 96 бала - 60 ұл және 36 қыз бала бар.