Тұрғындарды толғандырған мәселе көп
Тұрғындарды толғандырған мәселе көп
164
оқылды

Ақмола облысы Қосшы қала­сы­на қарасты «Лесная поляна» тұрғын үй ал­абының тұрғындары «Nur Otan» партиясының өкілдерімен кездесіп, өз­дерін мезі еткен түйткілді мәселелер туралы айтты. Олар аталған тұр­ғын үй алабында судың үздіксіз берілмеуіне, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда орын санының жетіспеуіне наразы. Билеуші партияның Рес­публикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне берген ұжымдық өтінішке 100-ден астам адам қол қойған. Нұротандықтар олар үшін депутаттар мен атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы көшпелі мәжіліс ұйым­дастырды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалықтар партия өкілдерімен кез­десу барысында өздері тұратын ай­мақ­та қарапайым ғана қоқыс салатын кон­тей­нерлердің жетіспейтінін сөз етті. – Орталық аллея көптен бері қоқыс тө­гетін алаңға айналып кетті. Ал мұнда ба­лалар ойнайды, жағымсыз иіс пәтер­де­гілерге де жетеді. Біз ПИК-ке талай рет ха­барластық, олар бізді әкімдікке, ал әкім­дік кері сілтеп, әуре-сарсаңға түстік, – дейді жергілікті тұрғын Әсем Еслам­бек­қызы. Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбековтің айтуынша, қо­қыс­ты шығару тұрақты түрде жүргізіледі, тек биылдың өзінде 4 рұқсат етілмеген қоқыс тө­гетін орын жойылған, 4 мың шаршы метрден астам қоқыс шығарылған. – Мәселені толық шешу үшін қаржы­лан­дыру жетіспейді, қазір мердігер ұйым­мен жалпы сомасы 6,5 млн теңгеге шарт бар, біз қаржыландыру көлемін ұл­ғай­тып, бүкіл қала аумағында санитарлық жағ­дайды жақсартуды жоспарлап отыр­мыз, – деді Әлихан Қуатбеков. Қоғамдық көліктің жұмысы да аза­мат­тардың көңілін көншітпей отыр. Кө­лік саны мүлдем жетіспейді. – Негізінен тұрғындардың барлығы дер­лік Нұр-Сұлтан қаласына жұмысқа бара­ды. Күнде автобустардың іші лық то­лы болады. Адамдар көп жүретін қар­ба­лас кезді айтпай-ақ қояйын. Жүр­гізу­шілерге обал. Әсіресе, таңғы және кешкі уа­­қыттарда автобустардың қатынау жиі­лі­гін арттыру қажет, – дейді жергілікті тұр­ғын Райхангүл Ақбергенова. Тағы бір өзекті мәселе – мектептердегі орын саны. Биыл Қосшы қаласындағы №2 орта мектепке бірден 600 бала бар­ға­ны белгілі, ал бірінші сыныптар саны 1 «ы» сыныбына дейін жеткен. – Оқу жылының соңына дейін екі ауы­сымдық 1 200 орындық жаңа мек­тепті пай­далануға беру жоспар­ла­нып отыр. Ал ке­лесі жылы тағы бір жаңа мек­теп бері­ле­ді, ол да 1 200 оқу­шыға ар­­­­налған. Бұдан бө­лек, «Nur Otan» пар­тия­сының сай­лауал­ды уәделері аясын­да бұл қалада 2023 жылға дейін тағы да бір­неше мектеп салу жос­парлануда, – де­ді Қосшы әкі­мі­нің орын­басары Бер­ген Жұмкей. Көшпелі мәжіліс кезінде тұрғындар су­мен қамту мәселесін де қозғады. Көп­теген пәтерде судың ағыны әлсіз, сон­дық­тан көбінесе алдын ала су жинап алу­ға тура келеді. Суды үздіксіз беру үшін би­леуші партияның сайлауалды бағдар­ла­масы аясында Ақмола облысының Це­линоград ауданы бойынша 118 ша­қы­рым инженерлік желі тарту жоспарланған, ол 3,5 мыңнан астам тұрғын үйді қамтуға мүмкіндік береді. – Қаламызда суды пайдалану­шы­лар­дың 70%-ы – «Лесная поляна» және «Нұрай» тұрғын үй алабының тұрғын­дары. Аталған үйлердің тұрғындарын үз­дік­сіз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қосшыны резервтік сумен қамту үшін Қара­жар ауылынан Қосшы қаласына дейін сутартқыш салу жоспарланып отыр. Оны салуды келесі жылы бастау көз­­­дел­ген, – деді Берген Жұмкей.

Әбілмансұр ЖАСАН