Ақмола облысы Қосшы қаласына қарасты «Лесная поляна» тұрғын үй алабының тұрғындары «Nur Otan» партиясының өкілдерімен кездесіп, өздерін мезі еткен түйткілді мәселелер туралы айтты. Олар аталған тұрғын үй алабында судың үздіксіз берілмеуіне, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда орын санының жетіспеуіне наразы. Билеуші партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне берген ұжымдық өтінішке 100-ден астам адам қол қойған. Нұротандықтар олар үшін депутаттар мен атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы көшпелі мәжіліс ұйымдастырды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Қалалықтар партия өкілдерімен кездесу барысында өздері тұратын аймақта қарапайым ғана қоқыс салатын контейнерлердің жетіспейтінін сөз етті. – Орталық аллея көптен бері қоқыс төгетін алаңға айналып кетті. Ал мұнда балалар ойнайды, жағымсыз иіс пәтердегілерге де жетеді. Біз ПИК-ке талай рет хабарластық, олар бізді әкімдікке, ал әкімдік кері сілтеп, әуре-сарсаңға түстік, – дейді жергілікті тұрғын Әсем Есламбекқызы. Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбековтің айтуынша, қоқысты шығару тұрақты түрде жүргізіледі, тек биылдың өзінде 4 рұқсат етілмеген қоқыс төгетін орын жойылған, 4 мың шаршы метрден астам қоқыс шығарылған. – Мәселені толық шешу үшін қаржыландыру жетіспейді, қазір мердігер ұйыммен жалпы сомасы 6,5 млн теңгеге шарт бар, біз қаржыландыру көлемін ұлғайтып, бүкіл қала аумағында санитарлық жағдайды жақсартуды жоспарлап отырмыз, – деді Әлихан Қуатбеков. Қоғамдық көліктің жұмысы да азаматтардың көңілін көншітпей отыр. Көлік саны мүлдем жетіспейді. – Негізінен тұрғындардың барлығы дерлік Нұр-Сұлтан қаласына жұмысқа барады. Күнде автобустардың іші лық толы болады. Адамдар көп жүретін қарбалас кезді айтпай-ақ қояйын. Жүргізушілерге обал. Әсіресе, таңғы және кешкі уақыттарда автобустардың қатынау жиілігін арттыру қажет, – дейді жергілікті тұрғын Райхангүл Ақбергенова. Тағы бір өзекті мәселе – мектептердегі орын саны. Биыл Қосшы қаласындағы №2 орта мектепке бірден 600 бала барғаны белгілі, ал бірінші сыныптар саны 1 «ы» сыныбына дейін жеткен. – Оқу жылының соңына дейін екі ауысымдық 1 200 орындық жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал келесі жылы тағы бір жаңа мектеп беріледі, ол да 1 200 оқушыға арналған. Бұдан бөлек, «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделері аясында бұл қалада 2023 жылға дейін тағы да бірнеше мектеп салу жоспарлануда, – деді Қосшы әкімінің орынбасары Берген Жұмкей. Көшпелі мәжіліс кезінде тұрғындар сумен қамту мәселесін де қозғады. Көптеген пәтерде судың ағыны әлсіз, сондықтан көбінесе алдын ала су жинап алуға тура келеді. Суды үздіксіз беру үшін билеуші партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Ақмола облысының Целиноград ауданы бойынша 118 шақырым инженерлік желі тарту жоспарланған, ол 3,5 мыңнан астам тұрғын үйді қамтуға мүмкіндік береді. – Қаламызда суды пайдаланушылардың 70%-ы – «Лесная поляна» және «Нұрай» тұрғын үй алабының тұрғындары. Аталған үйлердің тұрғындарын үздіксіз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қосшыны резервтік сумен қамту үшін Қаражар ауылынан Қосшы қаласына дейін сутартқыш салу жоспарланып отыр. Оны салуды келесі жылы бастау көзделген, – деді Берген Жұмкей.Әбілмансұр ЖАСАН